Жәкен Таймағамбетовтың 70 жылдығына орай халықаралық конференция өтті
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ұйымдастыруымен археолог, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі, бірегей ғылыми жаңалықтардың авторы, Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеуші ғалым Жәкен Таймағамбетовтың 70 жылдық мерейтойына орай «Жәкен Таймағамбетов және Еуразия палеолитінің мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді, деп хабарлайды Ruh.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова министр Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді.
Жәкен Таймағамбетов жас мамандар даярлаумен қатар тарихи археология саласында ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында Қазақстанның әртүрлі аймақтарында тас ғасырына тиесілі 200-ден аса ескерткіштерді зерттеп, ғылыми айналымға қосу арқылы Қазақстан тарихының тамырын тереңдеткен азамат, - деді ол.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки Жәкен Қожахметұлының отандық ғылым дамуына сіңірген еңбегі мен адамдық қасиеттерін жоғары бағалап, ұлтымыздың кемел келешегі үшін ұзақ жылдар бойы атқарған адал қызметіне зор алғыс білдіретінін атап өтті.
Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай оның Ұлттық музейге сіңірген ерең еңбегі туралы айтты.
Бүкіл әлемнің ғалымдары мойындап отырған алғашқы адамдардың қазақ жерінде 1 миллион жыл бұрын пайда болғанын дәлелдеген осы Жәкен Қожахметұлы. Ол кісінің инициативасы да көп. Соның бірі – Жәкен Қожахметұлы Ұлттық музейде «Халық қазынасы» институтының негізін қалап, оны алға бастырды, - деді қоғам қайраткері.
Конференция барысында 4 кітаптың тұсаукесері өтті. Басылым РҒА СБ археология және этнография институты, ҚР Ұлттық музейі, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми қызметкерлері бірлесіп дайындады.
Конференция жұмысына АҚШ, Жапония, Испания, Франция, Ресей, және Қырғызстан, Моңғолия, Канада, Австрия сынды мемлекеттер мен еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар офлайн және онлайн режимде қатысты. Конференцияда Еуразия палеолитінің мәселелері, Жәкен Қожахметұлының ғылымдағы жолы талқыланып, ғалымның әріптестері, шәкірттері мен достары мерейтой иесіне қатысты естеліктерімен бөлісті.
Жакен Қожахметұлы Таймағамбетов ғылымға деген ынтасы мен еңбекқорлығы арқасында Қазақстан мен Орталық Азияның ғана емес, бүкіл әлемнің тарих ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан. Мұның айқын бір дәлелі – BBC телерадиокомпаниясының өкілдері мерейтойлық іс-шараларға келіп, түсірілім жасауы. Бұл орайда британдық телеарна осыған дейін Жәкен Таймағамбетов экспедициясы туралы толықметражды фильм түсіріп үлгергенін де атап өту керек.