Жаңа үлгідегі сүйікті ертегі
15 қыркүйекте «Астана Операда» Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Күлбике» таңғажайып балеті ұсынылады.
Бұл балет труппасының жазғы үзілістен кейінгі XI театр маусымындағы алғашқы өнер көрсетуі болмақ. Сахнада балет әртістерімен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиннің жетекшілігінде театрдың Симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.
Өзіміздің сүйікті көрермендерімізбен жаңа балет маусымында қауышатынымызға өте қуаныштымыз. Оның шымылдығын репертуарымызға былтыр ғана енген ең жарқын спектакльдердің бірі – «Күлбике» балетімен ашпақшымыз. 30 қыркүйекте Г.Левенсхольдтің «Сильфида» романтикалық балетінің премьерасын ұсынамыз. Бұл барлық қазақстандық өнер сүйер қауым үшін үлкен жаңалық болмақ. Сондай-ақ осы күзде көрермен көптен күткен Л.Бетховеннің «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетін біздің театр сахнасында жаңартылған хореографияда тамашалай алады және жұртшылықты осы маусымда репертуарлық қойылымдар, дәстүрге айналған гала-кештер күтеді, – деп атап өтті «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр дәл осы уақытта «Астана Операда» «Күлбике» балетінің әлемдік премьерасына қызу дайындық жүріп жатқан еді. Театрдың қалпына келтіру және өңдеу, бутафор, тігін, аяқ киім цехтары мен басқа да бөлімдер спектакльге қажетті декорациялар мен реквизиттерді жасауды бастады. Ал Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жетекшілігіндегі балет труппасы қоюшы хореограф Раймондо Ребектің ойын зор шабытпен жүзеге асыруға кірісті. Осыншама зор еңбектің нәтижесінде дүниеге келген премьералық спектакль жұртшылықтың зор таңданысын тудырды. Оның сценографиясы, сәулелі безендірілуі, костюмдер мен бутафория, қойылым барысында қолданылған кинематографиялық тәсілдер көрермендерге сөзбен айтып жеткізуге келмейтін әсер сыйлады. Енді міне, көпшіліктің және музыкалық сыншылардың лайықты бағасын алған «Күлбике» «Астана Операның» жаңа балет маусымын ашады.
Спектакльде С.Прокофьевтің кемеңгер музыкасы Джимми Дюрант, Билли Рэй Сайрус, Луи Армстронгтың әуендерімен үйлесімді үндеседі. Айта кетейік, Күлбике балеті аттас көне ертегі желісі бойынша құрылғанымен, ол заманауи көрермендердің талғамына сай келеді. Өйткені қоюшы хореограф Р.Ребек өз командасымен бірге қазіргі заманға лайықталған мүлде жаңа туынды жасап шығарды. Шығармашылық коллаборацияға қоюшы дирижер Абзал Мұхитдин, сценограф Йоко Сеяма, жарық бойынша суретші Тим Вацлавек, проекциялар бойынша суретші Серджио Металли, костюмдер бойынша суретші Франсуа-Ноэль Шерпин, дирижердің ассистенті Руслан Баймурзин және жобаның техникалық жетекшісі Виктор Караре қатысты.
Көп ұзамай 15 қыркүйек күндері Күлбикенің партиясын балеттің жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева ұсынады. Ханзаданың рөлінде Ғалымжан Нұрмұхамет өнер көрсетеді. Мейірімді періштені Сұлтанбек Ғұмар, Өгей шешені Әсел Шайкенова сомдайды. Түшкіргіш – Мөлдір Шәкімова, Өгей әпкесі Тәтті құмар – Әнел Есқалиева және т.б.
Сонымен, «Астана Опера» жаңа театр маусымының шымылдығын түре отырып, екінші онжылдыққа қадам басты. Елордалық театр опера және балет жанрлары жауһарларының классикалық, заманауи және ұлттық үлгілерін меңгере отыра, тәжірибе жасауды, ойды жеткізудің жаңа түрлерін іздеуді жалғастыра бермек.