Жастар және заманауи ақпараттық технологиялар
Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жастардың дүниетанымына және жастар мәдениетіне айтарлықтай әсер етті. Бүгінде түрлі электронды құрылғылардың көмегімен жастар белсенді араласып, әлемді танып, көңіл көтеріп, еңбектенетіні хақ. Осылайша ақпараттық технологияның арқасында жастар арасында ерекше мәдениет қалыптаса бастады. Бір жағынан, жастар интернеттен алатын ақпаратты тұтынушы болса, екінші жағынан, жастардың өздері –ақпарат көзі және ақпараттық технологиялар саласында мәдениетті қалыптастырып, дамытуда.
Коронавирустық індетпен және саяси, әлеуметтік саладағы дағдарыспен жалпы қоғамның, әсіресе, жастардың әдеттегі өмірінде елеулі өзгерістер орын алды. Бір жағынан жастардың бос уақыты көбейсе, екінші жағынан ақпараттық технологияның жастар мәдениетіне ықпалы артты. Осылайша жастар мәдениеті интернет кеңістігінде қалыптаса бастады. Интернет ақпараттық технологиялардың жастар мәдениетіне әсер етудің негізгі тетігі мен әдісіне айналды.
Ақпараттық технологиялардың жастар мәдениетіне әсер ету деңгейі мен дәрежесін қарастырмас бұрын, бұл құбылыстың не екенін анықтау қажет.
«Жастар мәдениеті» ғылыми қолданысқа «жастар» ұғымымен бірге енді. Ұғымдардың пайда болуы Т. Парсонс әлеуметтік жүйелерді дамытудың тұрақтылығын, бағытын және орындылығын негіздеумен байланысты болды. Бұл соғыстан кейінгі Батыс қоғамдарының қайта жандануына, оның барлық мүшелерінің тұрақтылығына, әл-ауқатына және өркендеуіне деген сенімнің көрінісі болды. Жастар мәдениеті тәуелсіз әлеуметтік кеңістік ретінде ұсынылды, онда жастар шынайылыққа ие болды, ал отбасында немесе мектепте олар нақты өкілеттіктерден айырылып, толығымен ересектердің бақылауында болды. Отандық қоғамтану ұзақ уақыт бойы жастарды тәуелсіз әлеуметтік-демографиялық топ ретінде қарастырған жоқ: мұндай топты бөлу қоғамның таптық құрылымы туралы бұрыннан бар идеяларға сәйкес келмеді және оның әлеуметтік-саяси бірлігі туралы ресми идеологиялық доктринаға қайшы келді. Жастарды жұмысшы таптың құрамдас бөлігі ретінде айту бір бөлек, әлеуметтік ерекшеліктерін белгілі бір тұтастық ретінде тану басқа.
Әдебиетте жастар мәдениеті феномені әртүрлі позициялардан қарастырылады. Ю.В. Юхлиннің айтуынша, жастар мәдениеті – бұл жеке және әлеуметтік өмірді, тұлғааралық қарым-қатынастарды құрудың табиғаты мен ерекшеліктері туралы тәуелсіз және салыстырмалы қағидалар мен идеялардың жиынтығы. Бұл ұстаным жеке адамның және жалпы барлық жастардың өмірін айқындайтын бірегей дүниетаным ретінде олардың мәдениетін білдіреді. Ішінара бұл көзқарас зерттелетін тұжырымдаманың мазмұндық жағын көрсетіп, жастардың негізгі принциптері мен мақсаттарын анықтауға, ақпараттық технологиялардың әсер ету дәрежесін түсінуге көмектеседі. Интернет кеңістігі жеке тұлғаны «тұлғасыздандырып», оны даралықтан айырады және белгілі бір деңгейде жастарға өмір сүру үлгісін ұсынады. Н.Н. Ветошкина мен А.С. Кащенконың айтуынша, жастар мәдениеті – бұл өмірдегі мәнді бағдар, сондай-ақ жастардың мінез-құлқын, құндылықтар жүйесін қалыптастыруға, «өзін» және қажеттіліктерін анықтауға, оны қанағаттандыруға, ересек өмірге бейімделуге бағытталған арнайы психологиялық білім.
Ақпараттық технологиялар арқылы жастар мәдениетін қалыптастыру екі бағытта жүзеге асырылады: деструктивті және конструктивті.
Жастар мәдениетін қалыптастырудың деструктивті бағытын қарастыра отырып келесі ерекшеліктерді көрсетуге болады:
- жастар мәдениетін криминализациялау, қылмыстық іс-әрекеттерге ынталандыру. Е. О. Кубякин қоғамдық топтарда мәдени құндылықтарға, адамгершілік нормаларына немқұрайлық қалыптасатынын атап өтеді. Сонымен қатар зиянды іс-әректтерге құмарлық өршіп тұр: «билікке деген құмарлық пен тәкаппарлық, пайдақорлық пен құмарпаздық, өтірік пен қатыгездікке», бұл өз кезегінде жастарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға ықпал етеді;
- өмірге деген тұтынушылық көзқарас қалыптастыру. Instagram-да әдемі өмірге ұмтылу культі қалыптасады. Бұл тұрғыда жастар мәдениеті өмірдің мән-мағынасын жойып, өмірден тек ләззат алу идеолгиясын дәріптеуге бағытталған. Жастар Instagram-да фотосурет жариялап, жарнамадан үлкен ақша табуға болатын кезде не үшін жұмыс істеу керек екенін түсінбейді. Нәтижесінде басқа адамдарға, заңға, адами құндылықтарға немқұрайлы қарай бастайды.
Осылайша, ақпараттық технологиялар жастарды криминализациялаумен және өмірге деген тұтынушылық көзқараспен байланысты детруктивті жастар мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Ақпараттық технологиялар жастардың мәдениетін қалыптастыруға оң әсері де бар:
- жастардың өмірінде өзін-өзі ұйымдастыруда оң тәжірибе жинақтауға тәрбиелік ықпал ету, бағыт-бағдар беру; оның физикалық және психикалық қалпына келуі. Мысалы, әлеуметтік желілерде психикалық денсаулықты қалыптастыруға, ағылшын және орыс тілдерін үйретуге арналған көптеген тегін курстар мен топтар бар;
- жастардың мәдени құндылықтарды түсіндіруімен, шығармашылық өнім жасаумен байланысты шығармашылық белсенділікті ынталандыру. Мысалы, «Әдебиет порталы» электронды кітаптарға қолжетімділікті арттырумен қатар, жастарды әдеби шығармалар жазуға ынталандырады;
- жастар арасында адамгершілік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға байланысты коммуникативті әрекетті дамыту;
- салауатты өмір салтын қалыптастырудан тұратын рекреациялық-сауықтыру қызметін дамыту;
- проблемалық жағдаяттарды талдау және оңтайлы шешімін табу қабілетін дамытуға байланысты аналитикалық іс-әрекетті қалыптастыру.
Осылайша, ақпараттық технологиялар жастардың коммуникативті, рекреациялық, аналитикалық, шығармашылық және білім беру іс-әрекеттерін дамытуға оң әсер етеді, бұл өз кезегінде жастар мәдениетінің конструктивті нормалары мен құндылықтарын қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді.
Заманауи мәдениеттің жастарға қызықты бірнеше негізгі бағыттарын қарастырайық:
– Әлеуметтік желілердегі байланыс
– киберспорт
– Блог жүргізу
– Виртуалды мұражайларды құру
Әлеуметтік желілердегі байланыс
Интернеттің арқасында әрбір адам жұмысқа немесе оқуға қажетті ақпаратты тауып қана қоймай, сонымен қатар бос уақытын әртүрлі ойын-сауықтармен әртараптандыруға мүмкіндік алады, олардың ең бастысы - әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас. Әлеуметтік желілер қазіргі жастар өмірінің ажырамас бөлігіне айналғаны бәрімізге белгілі. Ақпараттық кеңістікке деген қажеттілікті олар адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі ретінде қабылдайды.
Әрбір әлеуметтік желі белгілі бір функцияларға арналған. Мысалы, «Вконтакте» мен «Facebook» коммуникацияға, ойын-сауыққа және жаңа ақпарат алуға арналған; «Twitter» – кез келген жастағы интернет пайдаланушыларға арналған веб-интерфейсті, жедел хабар алмасу құралы немесе үшінші тараптың клиенттік бағдарламаларын пайдалана отырып, жалпыға ортақ хабар алмасуға арналған; «Instagram» – фотосуреттер мен бейнелерді бөлісуге арналған.
Кез келген әлеуметтік желілердің артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
Артықшылықтары:
– Біріншіден, бұл қашықтықта байланыс орнату;
– Екіншіден, сұхбаттасушыны таңдау мүмкіндігі;
– Үшіншіден, оқиғалар мен жаңалықтарды дер кезінде хабардар болу.
Кемшіліктері:
– Шынайы коммуникацияны виртуалды байланысқа ауыстыру;
– Әлеуметтік желіні қолданушылардың көпшілігі оларға үйреніп қалғаны сонша, оларсыз өмірін елестете алмайды;
– Әлеуметтік желілер көп уақытты алады;
- Жеке ақпараттың қауіпсіздігі.
Киберспорт
2001 жылдан бастап киберспорт ресми спорт түрі ретінде танылды. Бұл бірегей спорт түрі жастар арасында үлкен сұранысқа ие, оларда өздеріне ұнайтын нәрсемен ақша табуға мүмкіндік бар. Турнирлерде жеңімпаздар спорттық санаттар мен марапаттарға ие болады, бұл – қосымша ынталандыру.
Киберспорт екі жағы бар монета сынды. Оның оң және теріс жақтары бар.
Артықшылықтары:
– Адам өзіне ұнайтын ісімен айналысады, процестен ләззат алады;
– Нәтижеге қол жеткізген кезде белгілі бір ортада атақ-даңққа ие болады және «мансаптық өсу» мүмкіндігі пайда болады;
– Әлемді көру, қызығушылықтар шеңберіңіздегі адамдармен танысу мүмкіндігі;
- Үйде жаттығу.
Кемшіліктері:
– Кәсіби деңгейде ойнау және ойынның барлық айлаларын білу үшін оған көп уақыт бөлу керек;
– Ойыншы барлық уақытын дерлік компьютер мониторының алдында өткізеді.
– Жабдық пен жарыстарға кететін шығындардың көптігі;
– Киберспорттың басты кемшілігі – оның адам денсаулығына кері әсері. Отырықшы өмір салты физикалық денсаулыққа теріс әсер етеді. Ойыншы уақытының барлығын дерлік компьютер мониторының алдында өткізетіндіктен көру және есту органдары да зардап шегеді. Кейде адамның психикалық денсаулығына қауіп төнеді. Компьютерлік ойындарға қызығатын адам үшін виртуалды және шынайы әлем арасындағы шекара бұлыңғыр.
Блог жүргізу
Блогер – жастар арасында танымал жаңа мамандық. Блог жүргізу оңай, сондықтан көптеген жастар блогерлікті таңдайды. Өзінің қызығушылығы негізінде блог тақырыбын таңдап, күнделікті контент түсіреді. Оны шебер басқару танымалдылық пен жақсы табыс әкелуі мүмкін. Қазіргі уақытта бейне блогтар өте танымал. Әртүрлі тақырыптар бойынша шолулар, аспаздық рецепттер мен кеңестер, зерттеулер мен эксперименттер – мұндай блогтар мыңнан астам қаралым жинайды. Дегенмен, блогер болу оңай көрінгенмен, шын мәнінде өзіндік қиындықтары да жетерлік. Сондықтан блог жүргізуді жоспарлаған кез келген адам оған қызығушылық танытуы керек. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жүз блогтың он шақтысы ғана азды-көпті танымал бола алады. Влог жүргізудің оң және теріс жақтарына тоқталайық.
Оң:
- Youtube-те блог жүргізу – шығармашылық өзін-өзі жүзеге асырудың тамаша мүмкіндігі. Нақты не істеп жатқаныңыз маңызды емес, ойластырылған шоу, Life блогын жүргізу немесе аудармалар жасау, кез келген формадағы шығармашылық қаралым жинайды.
- Көрермендер сіздің контентіңізді күтіп, пікіріңізді тыңдап, қолдауға дайын болғанда, бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Тіпті кішкентай аудитория да сенім ұялатып, сүйікті ісіңмен айналысуға ынталандыра алады.
- Жеке блогыңызды жүргізу аудиторияңызбен де, әріптестеріңізбен де қарым-қатынас жасау үшін көп мүмкіндік береді. Ондаған, жүздеген немесе мыңдаған адамдар сізбен сөйлесуге қуанышты болады. Сондай-ақ басқа блогерлермен сөйлесу арқылы сіз жаңа таныстар, достар таба аласыз.
Теріс:
- Негативті пікірлер. Әлеуметтік желілерде кез келген адамда сіздің жұмысыңыз туралы өз пікірін білдіру мүмкіндігі бар. Өкінішке орай, бұл көптеген басқарылмайтын жек көрушілікті тудырады. Әсіресе, блогердің пікірі көпшіліктен өзгеше болған кезде. Автордың пікірімен келіспеу қалыпты жағдай. Белгілі бір кезеңде негатив пікірлер жаңа жобаның моральдық жағдайын айтарлықтай бұзуы мүмкін.
- Өз пікіріңізді таңу. Үздік блогерлерге қарап, көпшілігі олардың ықпалына түсіп, өздерінің кумирлері сияқты болғысы келеді. Жасөспірімдер арасында блогердің беделі бірінші орында болып, кейде жақындарының беделінен жоғары тұрады. Блогерлер өз пікірлерін таңып, басқалардың есебінен өзін көрсетуге тырысуы мүмкін.
Виртуалды мұражайлар
Постиндустриалды (ақпараттық) қоғамның негізгі тенденцияларының бірі – жаһандану, оның қарқынын арттыруда ақпараттық технологиялар маңызды рөл атқарады. Бұл үрдіс көбінесе мәдениеттердің бірігуіне әкеледі. Қазіргі қоғамда дәстүрлі мәдени құндылықтарды ұмыту қаупі бар.
Демек, біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – түрлі халықтардың мәдени мұрасын сақтау. Осы қажеттілікке байланысты ақпараттық технологияларды пайдалану өте маңызды, соның арқасында цифрландыру арқылы мәдени мұра (мәдени ескерткіштер, түрлі жәдігерлер) болашақ ұрпақ үшін әлі де сақталатынына сенімді бола аламыз.
Сондықтан виртуалды мұражайлар құру – интернеттегі мәдениетті дамытудың өзекті және перспективалық бағыты. Бұл технологияның арқасында үйіңізден шықпай-ақ түрлі мәдени орындарды тамашалай аласыз.
Бұған жастардың не қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Жауап мынада: дипломдық жұмысты таңдау кезінде кейбір студенттер осы тақырыпты таңдайды, ал қорғап, оқуды аяқтағаннан кейін олар осы жүйені дамыту мен жетілдіруге кіріседі. Мұндай мұражайлардың мысалдары:
– Google Cultural Institute (2011 жылы тек өнер мұражайларына арналған жоба ретінде басталған заманауи виртуалды мұражайдың үлгісі, қазір ресурста тарих, сондай-ақ планетаның ең таңғажайып жерлері туралы бөлім бар).
– Гуггенхайм мұражайы (атауы мен бағыты бойынша ыңғайлы категориясы бар онлайн коллекция құрылды, осылайша мұражай орналасқан барлық төрт қаланың коллекцияларын және Гуггенхайм қорының басқа жобаларын біріктірді).
– Thngs.co виртуалды заттар мұражайы (IT саласының мамандары мен қарапайым қолданушылар арасында танымалдылыққа ие болған жас жоба, заттардың тарихына қызығушылық танытатын және өз коллекцияларын жасауға бейім адамдарды қызықтырады. Авторлардың өздері сайттарын «заттарға арналған Facebook» деп атайды. Әрбір заттың немесе заттар санатының тарихи перспективада эволюциясын бақылауға мүмкіндік беретін өзіндік уақыты бар. Көрерменге тек фактілер ұсынылады: жылы, орны және сыртқы түрі).
Әрине, көпшілігіміз саяхат немесе көрікті жерлер туралы бір бағдарламаны көріп, сол жерлерге барғымыз келеді, бірақ ол кейде мүмкін емес болып жатады. Уақыттың, ақшаның және жетіспеушілігі, сондай-ақ күнделікті мәселелердің туындауы көбінесе армандарымызды орындауға кедергі жасайды.
Виртуалды экскурсиялар, әрине, шынайы саяхатты алмастыра алмайды, бірақ бұл кейбір адамдар үшін алыс жерлермен танысудың тамаша тәсілі. 3D технологиясы сізге толық қатысу сезімін береді. Сіз кез келген нысанды жақыннан көре аласыз, бөлмеден бөлмеге ауыса аласыз, турдан кез келген уақытта шығып, өзіңізге ыңғайлы уақытта жалғастыра аласыз – бұл виртуалды мұражайлардың артықшылықтары.
Виртуалды экскурсияның тағы бір жағымды тұсы – жастардың ой-өрісін кеңейту.
Виртуалды мұражайдың жалғыз кемшілігі – қандай сапалы болмасын, интернет бізге сезімді толық жеткізе алмайды.
Қазіргі қоғам мәдениетін жаңғыртуда жастар мәдениетінің маңызын атап өткен жөн. Кез келген әлеуметтік-мәдени құбылыс сияқты, жастар мәдениеті де жеке-дара пайда болмайды, ол үстемдік етуші мәдениеттің дамуының нәтижесінде, оның саралануының салдары ретінде танылады. Жастар әлеуметтік-мәдени, этникалық, психологиялық және экономикалық қатынастардың субъектісі ретінде қоғам мен оның мәдениеті даму ерекшеліктерінің қарапайым бейнесі ғана емес, жас ұрпақтың мінез-құлқында өздерінің мәдени дәстүрлері мен басқа әлеуметтік және демографиялық топтардың мәдениеттерімен өзара әрекеттесу нәтижелері синтезделеді. Жастар әлеуметтік-мәдени жүйедегі нақты ұстанымына байланысты қоғамда болып жатқан кез келген инновацияға көптеген басқа әлеуметтік топтарға қарағанда ертерек бейімделеді. Жастар мәдениетінің жұмыс істеуі қалыптасқан мәдениет жүйесінің құндылық өзегіне айтарлықтай әсер етуі заңды.
Сондықтан инновация ешқашан бүкіл қоғамға бірден таралмайды. Дамып келе жатқан инновациялар, әдетте жастар арасында тарайды. Әрине, инновацияның әлеуметтік тәжірибеде қабылдануына қарсы күресетін, қоғамдық пікірге ғана емес, сонымен бірге белгілі бір әлеуметтік институттардың қызметіне де әсер ете алатын, қоғамдық ұйымдар арасында жаңашылдықты айыптау немесе күдік тудыратын қарсылықтар болуы мүмкін. Мұндай күрессіз қоғамның алға жылжуы мүмкін емес. Инновацияларды қабылдау – өркениет «ойыны»: жастар мәдениетінде өркениет дамытуының нұсқалары «ойнатылады». Бұл қоғамдық мүдде тұрғысынан алғанда жастар мәдениетінің маңызды функцияларының бірі. Сонымен, жастар мәдениетін қоғамдағы басым мәдениеттің инновациялық мүмкіндіктерінің өрісі ретінде қарастыруға болады.
Жаңашылдықты жастардың көпшілігі қабылдаса, оны біраз уақыттан кейін бүкіл қоғам қабылдайды, өйткені өсе келе жастар осы қоғамның тірегіне айналады, дегенмен бір кездері инновация салыстырмалы түрде жаңа немесе қауіпті деп танылуы мүмкін. Ерте ме, кеш пе, жастар мәдениетін жаңа құндылықтардың қайнар көзі, болашақ даму модельдері ретінде қарастыратын тұжырымдамалар пайда бола бастайды. Мысалы, экологиялық немесе мәдени дағдарысты жеңу жолы ретінде.
Қорытындылай келе, жастар мәдениеті – бұл жастардың ойлау тәсілі мен іс-әрекетіне тән мәдениет екенін атап өткен жөн. Немесе басқаша айтқанда, жастар мәдениеті – бұл әлеуметтік-мәдени ұдайы даму үстіндегі белгілі бір мәртебелік ұстаныммен байланысты жастардың құндылықтары мен білімдерінің жүйесі. Ол жастардың әртүрлі субмәдениеттері, контрмәдениеттері, әлеуметтік-мәдени біртекті орталары және олардың арасында таралған өзара әрекеттесу жүйесінің нәтижесінде қалыптасады.
Жастар субмәдениеттері мен әлеуметтік-мәдени біртекті орталар қоғамның қолданыстағы нормаларына, құндылықтарына, өмір салтына бейімделудің бірегей нысаны ретінде де, қоғамның әлеуметтік-мәдени жағдайының өзгеруіне байланысты қоғам мәдениетіне өзгерістер енгізу әрекеті ретінде де қызмет етеді. Субмәдениеттік формациялардың жұмыс істеуі қалыптасқан мәдени жүйенің құндылық өзегіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан жастар мәдениетін бір мезгілде бейімделгіш және инновациялық орта ретінде қарастыруға болады.
Технологиялар мен ақпараттық коммуникациялардың қарқынды дамуымен жылдам өзгеретін әлем жастардан ұтқырлық, креативтілік, жағдайға тез бейімделу сияқты кәсіби қасиеттерді талап етеді. Жеке қасиеттер мен құндылықтар көп жағдайда жасырын қалады, бірақ дәл осы жастардың маңызды құндылықтары біздің жақын болашақта өмір сүретін әлемге әсер етпек.
Әрбір адам материалдық пайда бірінші орында тұратын «білікті тұтынушылардың» қоршауында ғана емес, сонымен бірге адамгершілік, рухани, моральдық жағынан тұрақты азаматтармен өмір сүргісі келеді. Адамның ең маңызды, бірақ сонымен бірге қиын миссияларының бірі – өзін-өзі түсіну, ішкі әлемін ашу және оны руханиятпен толтыру, сондай-ақ оны басқалармен бөлісу.
Мұндай миссияны орындау үшін, ең алдымен, көп ғасырлық мәдени әлеуетке сүйене отырып, тұлғалық құндылықтарды дамыту маңызды.
Біздің құндылықтарымыз өмірде маңызды рөл атқарады, олар нұсқаулық ретінде әрекет етеді және адамның әрекеттері мен пайымдауларын анықтайды. Мәдениет пен қоғам құндылықтар жүйесіне негізделген. Мәдени құндылықтарды құрайтын, адамның дамуы мен дүниетанымына күшті әсер ететін тарихи-мәдени ескерткіштер, қолөнер, заттар, сондай-ақ әдістер мен білімдер ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, дамып отырады.
Адам нағыз бақытқа жету және оны табу жолын өзінен бастауы керек.
Жазушы және өмірлік жаттықтырушы Лариса Парфентьева өзінің «Өміріңді өзгертудің 100 жолы» кітабында бақыт формуласы туралы ой қозғай отырып, қазіргі жастардың үлкен проблемасы - олар бақытты емес, табысты болуға ұмтылады деп жазады. Сондықтан олар «рентабельділік пен табыстылық принципіне негізделген бизнесті таңдайды».
Көптеген жылдар бойы жүргізілген зерттеулерге сүйене отырып, социологтар респонденттердің өздерінің бойында қандай тұлғалық қасиеттерді дамытқысы келетінін сұрағанда, негізінен: интеллект, шығармашылық, энергия, мейірімділік және т.б. Бірақ басқаларға келгенде, басым көпшілігі әрқашан, ең алдымен, осындай қасиеттерді көргісі келеді: мейірімділік, жауап беру, төзімділік, жанашырлық және т.б. Демек, әлем қалай өзгерсе де, адамдар әрқашан көмектесуге дайын мейірімді, әдепті адамдармен қоршалғанды қалайды деп қорытынды жасауға болады.
Жастар арасындағы және қоғамдағы құндылықтардың өзгеруін бақылау өте маңызды және қызықты, өйткені адамзаттың болашақтағы тағдырын анықтайтын бүгінгі құндылықтар.