Желтоқсан – қалғып бара жатқан рухымыздың қайта оянуы
Желтоқсан – қалғып бара жатқан рухымыздың қайта оянуы. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жұрт жадында әлі күнге жаңғырып тұр. Сол кездегі кеңестік жүйеге қарсы тұрған қазақ жастарының отансүйгіштік сезімі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бойларында ұлттық рухы бар өрімдей қыз-жігіттер алпауыт елдің айбарынан сескенбей өз елінің намысын қорғап, орталық алаңға шықты. Солардың ішінде Серікқан Мейірқанұлы да болды. Тәуелсіздік күнінде желтоқсан оқиғасының куәгерінің әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Оныншы сыныпты 1983 жылы бітірдім. Сөйтіп Алматы энегетика институтына түстім. Бірінші курсты аяқтаған соң Алматыдағы «Октябрский» военкоматтан Украинаға әскерге кеттім. Киевте, Уманьда, Днепропетровскте болдым. 1984-1986 жылдар аралығында әскери борышымды өтедім. Әскерден оралғаннан соң екінші курсқа қабылданып, оқуымды жалғастырдым. 16-шы желтоқсан күні бірінші дәрістен кейін далаға шықсақ жігіттер күбір-күбір әңгімелесіп тұр екен. Әлихан деген жігіт айтып тұрды «бейбіт шеру болады, алаңға барамыз, Қонаевті алып тастапты, Колбин болғалы жатыр екен» - деп. Біз сабақтан бірден шығып кеттік. Космонавт көшесі арқылы Сәтбаев көшесіне шығып тікелей алаңға келдік. Жол жөнекей көп студенттер қосылды. Алаңда милициялар бір-бірінің қолын құшақтап алып, тығыз тұр екен. Фурманова көшесі жағынан бір топ студентттер жүгіріп келіп милицияларды жарып өтеміз деп еді, тәртіп сақшылары артқа шегініп оларды лақтырып жіберді. Сол кезде біз жақтан бір топ жастар бұзып алаңға бірақ кірдік. Мен сол алаңда жерлесім, Берікболов Жармұханды кездестіріп қалдым. Ол азамат қазір «Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы». Екеуміз алаңда бірге жүрдік.
Біраздан кейін бастарында темір каска, қолдарынды үлкен шлем, дубинка ұстаған солдаттар келіп төбелес басталып кетті. Жармұхан екеуміз сол сәтте бір-бірімізді жоғалтып алдық. Қыздар бізге мрамор тастар әкеліп тұрды, біз оны солдаттарға лақтырамыз. Олар бізге қарымта шабуыл жасайды. Сөйтіп жүріп трибунаның алдына дейін келіп алыппын. Солдаттарға бұйрық берілген уақытта олар бізді ұрады, артқа шегінейін десем алаң тығыз болып кеткен, жүгіре алмайсың. Сол мезетте дубинкамен ұрып құлатты. Бес күн ауруханаға жаттым. Архивте құжаттардың бәрі бар. Ауруханадан шыққан соң апайым мен жездемнің үйіне келдім. Апайым дәрігер, жездем мен оқитын институтта дәріс оқитын марқұм. Апайым жарақатымды көріп алаңға шыққанымды бірден білді. «Ешкімге айтушы болма, алаңда жүргеніңді білсе оқудан шығасың деді. Ауырып қалып апайым мен жездемнің үйінде болдым де, жездең де солай айтады» деді. Сөйтіп жездемнің арқасында оқудан шығудан аман қалдым десем болады. Теледидардан айтып жатыр ғой, «Желтоқсан» оқиғасы кезінде де Ресейден біршама солдаттарды әкелген. Үш ұйықтасам түсіме кірмейді, бейбіт шеру деп барғанымыз қырғын соғысқа айналарын білген жоқпыз ғой. Сол кездер есіме түссе кейде жылаймын...