Жеңіс күнінде «Роза Бағланова» мюзиклі көрермен назарына ұсынылды
9 мамыр-Жеңіс күнінде қазақ өнерін төрткүл дүниеге танытқан, үнімен қоғамның ауыр ахуалын жаһанға жариялаған, қан майданда от кешіп, өнер көрсеткен қазақтың қайсар қызы, сахна сандуғашы Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығы арқау болған «Astana musical» театрының «Роза Бағланова» атты мюзиклі өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.
«ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театры сахналаған мюзикл былтыр Оңтүстік Кореядағы «Daegu International Musical Festival» (DIMF) халықаралық мюзиклдер фестивалінде «ҮЗДІК ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЮЗИКЛ» және «ҮЗДІК ӘЙЕЛ БЕЙНЕСІ» атағын жеңіп алып, бас жүлдеге ие болған.
«Astana musical» театрының қойылымдарына, мюзикл жанрына, Роза Тәжібайқызы тұлғасына деген көрерменнің ынты-ықыласы, құрмет-қошеметі ерекше. Мюзиклға келген көрерменнің қарасы қалың, зал лық толы. Сол замананың тіршілігін боямасыз жеткізген актерлармен бірге көпшіліктің ауыр күрсініп, көзіне жас алуы киелі сахнада жан алысып, жан беріскен ұжым әртістерінің кәсіби шеберлігін, өз істерінің мамандары екенін аңғартса керек.
Осы жолы спектакльдің басты рөлін, яғни Роза Тәжібайқызының образын сомдаған танымал, дарынды актриса Жарқынай Шалқарова өз әсерімен бөлісті.
«Мен үшін Роза апамыздың бейнесін халыққа жеткізу үлкен мәртебе мен ауыр жауапкершілік артқанын жасырмаймын. Мюзиклға келген апаларымыздың көзіне жас алуы мені қатты толқытты. Сол кезеңнің оқиғаларының куәсі болған үлкен кісілердің эмоцияға бой алдырулары – біздің қанша уақыттағы еңбегіміздің ақталғаны. Дәл Роза апамыздай бола алмайтыным анық қой, бірақ өзімнің көзқарасымдағы, өзімнің санамдағы, жүрегімдегі Розаны жеткізуге тырыстым. Халықтың қошеметі керемет болды»,- деді.
Өткенді құрметтеп, бүгінгіні бағалау болашаққа сенімділік беретінін алға тартқан ұжым әртістерінің бабалар рухына, батырларымыз бен халықтың Розасының ерлігіне, өнеріне тағзым етудің жолын осылайша көрсетті.