Жаңалық Редакция таңдауы

Жетісуда мүгедектігі бар адамдар үшін 301 әлеуметтік нысан бейімделді

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Жетісу облысында 382 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделді, оның ішінде 301 нысан ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай сәйкестендірілді, деп хабарлайды Ruh.kz.

Елімізде 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылып жатыр.

Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 нысан сай келуі қажет. Ал биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 10 444 нысан бейімделді.

Жетісу облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1125 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 410 нысанның 382-сінде жергілікті атқарушы органдар бейімдеу шараларын жүргізді.

Жетісу облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында жоғарыда аталған нысандардың 301-інің толық бейімделгені расталды. Оның ішінде:

  • 20 мемлекеттік мекеме (әкімдіктер – 10, облыстық басқармалар – 6, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері – 4);
  • 55 денсаулық сақтау нысаны (емханалар – 5, ауруханалар – 13, дәрігерлік амбулаториялар – 23, фельдшерлік-акушерлік пункттер – 4, медициналық пункттер – 6, медициналық орталықтар – 4);
  • 162 білім беру нысаны (мектептер – 136, балабақшалар – 25, колледж – 1);
  • 40 мәдениет нысаны (мәдениет үйлері – 31, мұражайлар – 4, кітапханалар – 4, өнер орталығы – 1);
  • 17 өзге де әлеуметтік инфрақұрылым нысандары (әлеуметтік оңалту орталықтары – 15, қоғамдық келісім орталығы – 1, орман шаруашылығы – 1).

Сондай-ық 81 нысан ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша 277 бұзушылық анықталған.

2023 жылдың соңына дейін тағы 28 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 27 тексеру жүргізілді.  Оның 12-сі жоспардан тыс болса, 15-і профилактикалық бақылау шеңберінде тексерілді.

Тексерулердің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 27 ұйғарым беріліп, 2,4 млн теңгеге 12 әкімшілік айыппұл салынды.

Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, түзету туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button