Жаңалық

Жетісу облысында аудан-қалалардың мәдениет күндері аяқталды

Фото: gov.kz

Жетісу облысында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін аудан-қалалардың мәдениет күні биыл ерекше форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған өнер сайысы «Дәстүрлі ән», «эстрадалық ән», «күй», «би», «терме, жыр толғау», «ауылдың алты ауызы», «айтыс» сияқты бірнеше номинациялар бойынша өтті. Мұнда бақ сынасқан облыстың сегіз аудан, екі қаласының өнерпаздары алдымен іріктеу турларында өз өңірлерінде өнер көрсетті. Ал електен өткен мықтылар Талдықорғанда финалдық сайыста өзара жарысқа түсті.

Осы күні табысты өнер көрсеткен термешілердің бірі – жаркенттік Нұржан Батбақбаев. Ол халық термесі «Дүние-айды» орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды:

- Жыр-термелер қай кезде де көпшілікке жол нұсқайтын, ақыл беретін, ойландыратын сипатта болып келеді. Ол сонысымен де құнды. Менің мақсатым - ұлттық өнерді кәсіби деңгейде дәріптеп, көпшілікке паш ету. Оған осындай байқаулар мен концерттер көп мүмкіндік береді», - дейді ол.

Байқауға әр номинацияның ерекшелігіне қарай, мәселен, «терме, жыр толғау» аталымында дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері, Ерболат Шалдыбеков, «айтыс» номинациясына айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов, «би» номинациясына биші Талант Қылышбаев т.б. кәсіби мамандар төрелік етті.

Мәдениет күндері шарасының қорытындысы ретінде І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында мәдениет күндерінің гала концерті мен үздіктерді марапаттау салтанаты атқарылды. 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button