Жаңалық Редакция таңдауы

Журналист Кенжеболат Жолдыбайдың «Әркімнің жолы – әртүрлі сапар» атты кітабының таныстырылымы өтті

Қазақстан Бас редакторлар клубы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасының қолдауымен белгілі журналист, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбайдың «Әркімнің жолы – әртүрлі сапар» аталған кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ruh.kz.

Кітапта айтулы публицист, қаламгер Кенжеболат Жолдыбайдың соңғы жылдары баспасөзде жарық көрген, қазақ және орыс тілдерінде жазылған публицистикалық мақалалары, сұхбаттары, ой-толғамдары, пікірлері топтастырылған. Қазақ елі тәуелсіздігінің үшінші он жылдығында орын алған саяси-рухани мәселелер жан-жақты қамтылған.

Таныстырылым рәсіміне Бас редакторлар клубының мүшелері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті депутаттары, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің ғалымдары, БАҚ және өзге де қоғамдастық өкілдері қатысты.

Кенжеболат Жолдыбай, журналист-публицист, саясаттанушы, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері. Әр жылдары ол Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары, Жезқазған облыстық «Білім» қоғамы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағаларының орынбасары болып, талай игі істің басы-қасында жүрді. Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ басқармасының басшысы, «Казахстанская правда» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, «Заң» ААҚ Астана қаласындағы өкілдігі жетекшісі, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақпарат» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті, «Sunna.kz» ақпараттық агенттігінің бас директоры, «Еуразия+ОРТ» бас директорының кеңесшісі, Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып жемісті қызмет атқарды. «Бұл жылдардың мен де бір куәсі», «Мұратымыз: жер, ниет, ар тазалығы», «Время жить и творить», «Қазақстан 2030: Болашақтың бағдаршамы», «Притяжение Родины», «Өткен күнде белгі бар», «Ғибратты ғұмыр»  атты кітаптардың авторы.

Кенжеболат Жолдыбай  2022 жылдың 28-ақпанында 71 жасқа қараған шағында өмірден озды.

«Бізге ұлт мұрасына ие болатын ұқыпты ұрпақ керек» деп отыратын.

«Қаламгер оқырмандарына көп жағдайда саясаттанушы ретінде мәлім болды. Бұл бағытта өзіндік мықты ұстанымдарымен ерекшеленді. Ол қағидалары үнемі уақытпен үндес шығып жататын. Үнемі өз мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойды. Қайраткерлігі әрекеттерінен көрініс тапты. Грек философы Софокл: «Кейде күннің қаншалықты керемет өткенін түсіну үшін кешке дейін күтуге тура келеді» дегеніндей, бірақ кейде өкініштісі, адамның қаншалықты жақсы екендігі дүниеден өткесін ғана білініп жатады. Ол Чеховтың: «Ерінбеу, жалықпау, күресу, іздену, өзіңді өзің қор санамау, құдайдан басқаға табынбау» деген қағидаларын өмірлік өлшемі етіп алған екен. Түрлі қызметтерде жүрген кездерінде қаншама жақсы идеяларға мұрындық болды. Отаншылдық қасиеттерінің көрінісі болар, Кенжеболат Махмұтұлы тіл мен
тәрбие мәселелеріне қатты көңіл бөлетін. Сондықтан да шығар, «Бізге ұлт мұрасына ие болатын ұқыпты ұрпақ керек» деп отыратын. Бұл дер кезінде айтылған өте орынды талап. Осындайда француз ойшылы Сенан де Мейанның: «Өзге тілде сөйлейтін ұлт біртіндеп өзінің төл болмысын жоғалтады», — деген пікірінің астарында біз үшін үлкен қауіп жатқанын аңғарамыз.

Тәрбиенің қуаты туралы Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбие» деген еңбегінде «Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хакім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Сенеканың қате тәрбиесі. Неміс жұртының ұлтшылдық бірлігі неден? Тәрбиенің қуаты. Адамды бұзатын да, түзейтін де тәрбие», — деп өте жақсы айтады емес пе?! Кенжекең де Алаш қайраткерінің тәрбие туралы тағылымын тірілтіп, тілдің сақталуы анасынан екендігін тамыршыдай дөп басады. «Ақ сүтін берген ана өз тілін білсе, баласы сол ананың тілін білмейді деуге кім сене қояр екен? Анасы ана тілін білмесе, баланы
неге кінәлаймыз? Тәрбие отбасында», — деп түйіндейді Кенжекең.

Публицист қаламгердің жиі көтерген тақырыптарының бірі туризм саласы болды. Жазушы Анатоль Франс: «Саяхат басқа көп нәрсеге қарағанда адамның көзін көбірек ашады. Өзге аймақтарда өткізген бір күнің үйде өткізген он жылыңнан көбірек әсер етеді» дейді ғой. Осындай ұстанымдағы Кенжекең Қазақстан бәсекелестікті дамыту арқылы өндіріс көлемін әлем бойынша 2-3%-ға жеткізе алады деп есептейтін. 2019 жылы Ұлытауда өткен форумда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елімізге жыл сайын сырттан келетін туристер санын 9 млн-ға, ішкі туристер санын 9 млн-ға, бұл салада қызмет ететіндер санын 650 мың адамға
жеткізуге болады» деген пікірін жанын сала қорғайтын. Туризмнің табысты сала екендігін өмір дәлелдеп келеді ғой.

Кенжеболат Махмұтұлы публицист жазушы ретінде де танылды. Оның «Бұл жылдардың мен де бір куәсі» (2001 ж.), «Мұратымыз: жер, ниет, ар тазалығы» (2002 ж.), «Время жить и творить» (2006 ж.), «Қазақстан 2030: Болашақтың бағдаршамы» (2006 ж.), «Притяжение Родины» (2010 ж.), «Өткен күнде белгі бар» (2011 ж.) сияқты кітаптары жарық көрген.

Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түскен жоқ. «Sakhara» республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Бас редакторлар клубының вице-президенті қызметтерін қатар атқарып жүрді. Әріптестері оны белгілі саясаттанушы, қазақ журналистикасының, медиакеңістіктің майталманы ретінде мәңгілік есте сақтайтын болады», – деп жазады өз естелігінде жазушы публицист, Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев.

Ол кісінің қолына ұстаған қаламы екі тілде қатар жосылатын.

«Сөзінің байламы, логикалық қисыны замандастарын таңқалдыратын. Сөйлесе сөзге шешен, жазса «түбін түсіріп» тыңдаушысын баурап алатын қаламгер еді. Ол азамат Ардагерлер ұйымының барша шараларына белсене қатысатын. Өз пікірін айтатын, әлеуметтік желіде тез және шалт пікірлерін білдіріп жататын.

Менің Кенжеболат ініммен пікірлес болып ұзақ сөйлескен және жиырма күндей қатар жүрген кезім қажылық сапарымыз еді. Мединада да, Меккеде де, Арафатта да, Мұздалипада да, Минада да бірге болдық. Талай әңгімені ақтардық. Өмірге деген көзқарастарымызбен бөлістік. Ақ, адал азамат өзінің әкесі туралы
үнемі беріліп әңгімелейтін.

Айта берсек, арамызда мұсылман баласына тән қайырымдылыққа, кісі ақысын жемеуге, қолдан келгенше адал болуға тырысатындардың қатары айтарлықтай екеніне мысалдарды көптеп келтіруге болады. Белгілі журналист, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай әкесі Махмұттың тақуа адам болғанын ортаға салды.

«Өткен ғасырдың 60-жылдары біздің жақтан темір жолмен арнайы вагондарға тиеп, басқа аймаққа тайланған шөптер жөнелтілген еді. Бұл жұмысқа біраз отбасы қатысты, ақысына тиелген вагонның санына қарай шөп берілетін болды. Біреулер вагонның бет жағын ғана қалқайтып, артық шөп алу үшін қулыққа барды. Біздің де осындай тірліктерге бастайтын әрекетімізді әкем бірден тыйып тастайтын, ал өзі вагондарды кенересіне дейін нығыздап толтыратын. Әкемнің сондағы: «Біреуді алдасаң, обалына қаласың, бұл үлкен күнә. Адамды алдауға болар, Құдайды алдай алмайсың!» деген сөздері мәңгі есімде қалыпты. Иә, ар-ұжданмен өмір сүріп, қоғам игілігі үшін еңбек еткенге не жетсін!», деп тұжырымдаған болатын Кенжеболат Махмұтұлы.

Кісінің ала жібін аттамау, адал болу әке аманаты деп қабылдаған Кенжеболат бауырымыз осы талапты биік ұстап, оған адал болды», – деп жазады өз естелігінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев.

«Мамандығы инженер Кенжекеңнің қаламы ұшталып, журналистика, оның ішінді публицистика саласында биікке жетіп, қарымды қаламгерге, белгілі саясаткерге айналды. Қаламынан 6-7 публицистикалық кітаптары жарық көріп, көпшіліктің ризашылығына ие болды. Еліміздің белді газеті — «Казахстанская правда» газеті бас редакторының орынбасары қызметін, ұзақ жылдар «Қазақстан Республикасы Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті, вице-президенті лауазымын абыроймен атқарғанын айтсақ та
артық болмас.

Кенжекеңнің елден бөлек бір ерекшелігі деп, екі тілді тең меңгергендігін, сонымен қатар заманауи болмыстан қалмай, ғаламтор жүйесін өте жоғары дәрежеде игергенін де атап өтер едім. Өмірден өткенінше бір күн де ғаламторан тыс қалған емес. Және кезекпен бірде қазақ, бірде орыс тілдерінде жазатын еді. Тіпті кейінгі кездері ағылшын тілінде де жазғандары көрініс тауып жүрді. Жазғанда да жеңіл-желпі, ойсыз дүниелерге жол бермейтін. Әрбір жазғаны дәйекті, зерделенген, оқырманға ой тастар, қоғамға берері мол дүниелер болатын», – деп еске алады Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі Төрағасының орынбасары Көпболсын Бекмағанбет.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button