Жаңалық Редакция таңдауы

Жыл басынан бері автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым түскен

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын одан әрі дамыту жөніндегі шараларды қарастыру барысында айтылды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың баяндауынша, биыл 10,7 мың шақырым жол құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 6,5 мың шақырым республикалық және 4,2 мың шақырым жергілікті маңыздағы жолдар.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желіде 92%-ға, жергілікті желіде 87%-ға дейін артады.

Үлкен Алматы айналма жолы, Қандыағаш-Мақат және Үшарал-Достық жолдары бойынша жұмыстар аяқталды. Биыл халықтың шағымдарын ескере отырып, 4-5 жыл бұрын басталып, құрылысы ұзаққа созылған жобаларға күш салынды. Бұл Талдықорған-Өскемен, Қарағанды-Алматы, Мерке-Бурылбайтал, Ақтөбе-Қандыағаш және Атырау-Астрахань жолдары, - деді министр.

🟢Сонымен қатар ерекше назар Батыс Қазақстан облысындағы күрделі жөндеу жұмыстарына аударылып отырғанын айтты.

Олардың қатарында Казталов-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын жолдары бар. Оның 220 шақырымында қозғалыс қамтамасыз етілген. Жобаларды толық аяқтау 2024 жылға жоспарланып отыр, - деді Марат Қарабаев.

Осы ретте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 2025 жылдың соңына дейін 3,6 мың км жолды күрделі жөндеуді аяқтау жоспарланып отырғанын, содан кейін ұзындығы 4,7 мың км болатын жаңа жобаларды іске асыру басталатынын мәлімдеді.

Осылайша, 2030 жылға дейін барлық халықаралық автомобиль дәлізін жаңғырту жұмыстары аяқталатын болады. Басты мәселе – жол құрылысының сапасын қамтамасыз ету, — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы жол сапасының нашарлығы тұрғындардың наразылығына себепші болып отырғанын айтты. Әсіресе, сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты айтылып жатқан сын көп. Тек осы жылдың өзінде мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарына қатысты 19 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен.

Мысалы, жол азабын тартқан Қостанай облысының тұрғындары “Ұзынкөл” станциясы мен Троебратское ауылы арасындағы әбден тозып біткен жолға қатысты ұжымдық хат жазған. Бұл жол осы өңірді көршілес Солтүстік Қазақстан облысымен байланыстырады және Ресейге қарай транзиттік жол болып табылады. Биыл Ақтөбе облысының “Жұрын” станциясы мен Орқаш ауылы арасында қиыршық тас төселмеген сапасыз жол салынған. Тараз қаласының тұрғындары Қарасу шағын ауданында 1 жылдан астам уақыт бойы бітпей жатқан жол жөндеу жұмыстарын аяқтауды талап етіп келеді. Мұндай мысалдар барлық өңірде көптеп кездеседі, — деді Әлихан Смайылов.

Жоғарыда айталғандарды ескере отырып, Үкімет басшысы автомобиль жолдарына қатысты барлық жоспарланған жобаның уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, битумды сақтау инфрақұрылымын құру бойынша шаралар қабылдауды, оны сақтау және пайдалану технологиясының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button