Жыл басынан бері Ұлттық музейді жарты миллионнан астам адам тамашалаған
2023 жылдың 10 айында ҚР Ұлттық музейіне 516 397 адам келген, деп хабарлайды Ruh.kz.

Ұлттық музейде 34 ірі көрме ұйымдастырылды. Оның 4-еуі халықаралық деңгейдегі жобалар. Осылайша, «Музейлер түні» акциясы аясында Ұлттық музейді бір түнде 47 мыңнан астам адам тамашалады, бұл – қазақ музейлерінің тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Мұнда оқушылар аудиториясын тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. «Музейдегі оқу күні» мәдени-ағартушылық жобасы аясында елордалық мектеп оқушылары Қазақстан тарихы бойынша музей сабақтарына қатысады. Мереке кезінде оқушылар экскурсияларға, әр түрлі сабақтарға, шеберлік сабақтарына, квесттерге, конкурстарға және жарыстарға тегін қатысады. Студенттік аудиторияның үлесі келушілердің жалпы санының шамамен 30 пайызын құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бері Ұлттық музей тарихында келушілердің екі негізгі көрсеткіші тіркелген. 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Ұлттық музейді 280 мың адам тамашаласа, өткен жылы бұл көрсеткіш 330 мың адамға жеткен. Биылғы жылдың 10 айында келушілер саны 516 397 адамды құрады, бұл еліміздің ұлттық мәдени мұрасы мен тарихына қызығушылықтың артқанын көрсетеді.