Жаңалық

Зілтемір көтеру тәсілі: тайм-менеджмент сіз үшін жат болса, не істеу керек?

Қарқынды өнімділік өз-өзің жалқау адам деп есептейтіндерге бейім болады.

Өнімділікті арттыру туралы сөз қозғағанда, тайм-менеджмент жөніндегі жаттықтырушылардың көбісі жұмыс істеудің жүйелі сызбасына жүгінуді ұсынады. Мәселен, міндеттерді кішкене бөлімдерге бөліп, оларды кезекпен орындау арқылы соңында жақсы нәтижесін көруге болады. Дегенмен, осы сызбаны зілтеміршілерге ұсынып көріңіз: зілтемірді лезде емес, асықпай 10 сатымен көтеріп көрсе, қалай болады екен? Әрине, түк шықпайды. Зілтеміршілер берілген салмақты алу үшін ең бірінші, демалып, тыныс алу жүйесін ретке келтіріп алады да, сосын қарқынмен серпіліп, зілтемірді басынан көтереді. Бір қызығы, кез-келген салада қызмет атқаратын адамдардың көп бөлігі, яғни адамзаттың 30%-на жуығы осы сызба бойынша жұмыс істейді екен.

Өнімділіктің екі түрі

Жүйелі өнімділік барлығына белгілі. Яғни, адам жұмыс орнына жайғасады да, өз жұмысын бастап кетеді. Ол жұмыс барысында кішкене бір бөлімді орындап, екіншісіне көшеді. Бұл жүйені қолданатын адамдарға жұмыстың алдында серпіліп, алдын-ала дайындалудың қажеті жоқ. Мидың жұмысы да осы үрдіс барысында қарқын ала бастайды. Мақала жазып отырған адамды мысал ретінде қарастыратын болсақ, ол не туралы жазатынын білмесе де, жұмыс орнына отырады да, кіріспесін жазады. Сосын негізгі ойға көшіп, әрі қарай жалғастыра береді. Идея, рәсімдеу, нәтиже – барлығы біруақытта орындалатын үрдістер, ал әр жеке минуттегі жұмыс көлемі жалпы көлемнің шағын бөлімдері ғана болып табылады.

Қарқынды өнімділік өздерің көп жағдайда жалқау деп санайтын адамдарға тән. Мұндай қызметкерлер іс жүзінде жұмыс орнына отырып, жүйелі жұмыс жасауға талпынады, бірақ, бұл қалауларынан ештеңе шықпайды. Нәтижесінде олар өзге біреулердің пікіріне сай болу үшін өз көңіл-күйлерін бұзады және бұл өз кезегінде денсаулықтарының нашарлауына алып келеді. Ал, негізінде, «қарқынды өнімділікке ие» адамдар мүлдем басқаша әдіспен жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Қызметкер ұзақ уақыт бір нәрсеге көңіл бөле алмай, әрі-бері айналшақтап жүреді, миі мүлдем басқа нәрселерді ойлайтындай күйде болады. Дегенмен, соңында жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

Жүйелі жұмыс істейтін қызметкердің де, «қарқынды өнімділікке ие» қызметкердің де өнімділігі шамамен бірдей, ал жұмыс барысы мүлдем өзгеше болады. Бұл жерде жүйелі жұмыс істейтін адамдармен барлығы түсінікті болса, ал «қарқындық өнімділікке ие» адамдардың мәселесі күрделірек: олар тайм-менеджмент туралы кітаптарды өте сирек жазады, демек, бұл жұмыс барысы туралы білу де қиындау болып табылады.

Қарқынды өнімділікке ие адамдардың миы қалай жұмыс істейді?

Жұмыс идеялардың кенеттен туындауы қағидасы бойынша жасалады. Осы идея жұмыстың шешімін анықтайды. Бұл үшін «қарқынды өнімділікке ие» адамдар нақты алдында тұрған мәселе туралы ойлайды, оны миына қондырады. Кейін жүйелі жұмыс орындайтын адам жай отырып, жұмыс істей бастағанда, «қарқынды өнімділікке ие» адамдардың кенеттен көңілі басқа жаққа ауады: алдындағы нақты міндетке ұқсас өзге нәрселерді ойлай бастайды. Ұқсас жағдайды әдебиеттен, кинодан, өмірлік тәжірибеден және т.б. бөгде дүниелерден іздейді. Осылайша мидың нейрон жүйелері қозады, жобаға бағытталады.

Кейін «қарқынды өнімділікке ие» адам демалысқа бет бұрады. Өзге дүниені ойламайды, басқа міндеттерге көңіл бөлмейді, толығымен босаңсып, жайбарақат күйде болады. Мүмкіндігінше, ойлау жүйесінің белсенділігін азайтады. Осы уақытта ми басқа тәсілмен жұмыс істей бастайды: жаңа нейрон жүйелері қалыптасады, атқарылуы тиіс мәселелер туралы жүктелген ақпараттар бар нейрондар осы үрдіске қатысатын болады. Шешім табылады.

Сырттан қарағанда, қызметкер ешқандай жұмыс жасамастан, ең соңында тез шешім тауып алғандай көрінеді. Бұл жерде басты психологиялық түсінбеушілік туындайды: автордың өзі ештеңе жасамадым деп есептейтін болады. «Екі сағат жүріп, жай демалдым, ал сосын 15 минут ішінде бар жұмысты орындап тастадым. Барлығы 15 минут жұмыс істедім және осы сынды ойлар болады…». Дегенмен де, өзі айтып өткен екі сағат та жұмыс үрдісіне жатады, сонымен қатар, олар бар жұмыстың негізгі бөлігін құрайды, ал қалған 15 минут – бұл жай ғана дайын нәтиженің рәсімделуі және қорытындылануы болып табылады.

Қарқынды қалай дұрыс қолдану қажет?

Ең қарапайым және түсінікті сызба бар. Бірінші саты: мәселе туралы ойлаймыз, белгілеп аламыз және көңілімізді өзге дүниеге бөлеміз. Екінші саты: біраз уақыттан кейін тақырып бойынша материалдарды жинаймыз, өмірдің басқа салаларынан ұқсас мәселелер туралы ойлаймыз. Және тағы да көңілімізді басқа нәрсеге бұрамыз. Үшінші саты: бір сағат, бір жарым сағат демалғаннан кейін миымызға идеялар келе бастағанда, оларды тез жазып аламыз, шаршағанға дейін және демалуды қалағанға дейін нәтижелерін қалыптастырамыз. Төртінші саты: демаламыз, миымызды босаңсытамыз. Демалыстан шаршай бастағанда, жұмысқа деген өзіндік қызығушылық туындайды. Бірінші сатыға қайтып ораламыз.

Бұл жерде үшінші сатыда қандай әдіс-тәсілді қолдануды қаласақ та, өзіміздің еркімізде екендігін түсіну маңызды. Қай уақытта өзіңізді жеңіл сезінесіз? Қалай демаласыз? Біреулер суға шомылады. Өзге біреулері үй шаруасымен айналысады. Біреулер әріптестерімен, достарымен және жолдастарымен мүлдем басқа тақырыптарда әңгіме-дүкен құрады. Ал өзгелері таза ауада қыдырады. Әр адамның өзіне тән механизмі бар. Әр адамның өз миын жұмысқа бағыттайтын жеке мінез-құлқы мен дағдыларынан тұратын толқындары болады. Өзіңізге қажетін анықтаңыз да, өз пайдаңызға жаратыңыз.

Барлық саты 15-20 минут емес, жарты, екі сағатты қажет ететінін ескеріңіз. Және осы арада жұмсалған уақыт – жұмыс барысы. Өз-өзіңізден көңіліңіз қалып, психологиялық күйзеліске тап болмау үшін осы мәселені жіті түсінген өте маңызды. Жалпы, жүйелі жұмыс істейтіндерге қарағанда, қарқынды өнімділікпен жұмыс істейтін адамдарға психологиялық қысым жоғары болады. Қарқын – бұл әрқашан қысымға ие, ресурстарды максималды жұмсауды қажет ететін және миға әсер ететін салмақ. Мәселен, жүйелі жұмыс өнімділігіне ие адам тұрақты түрде нәтижеге қол жеткізетін болады. Ол өзінің әр қадамына қанағаттанып, қандай да бір уақыт аралығында пайда болатын нәтижелерге көңілі толады. Ал қарқынды өнімділікке адамдарға барлығы біруақытта және толығымен болуы тиіс. Олар қорытынды нәтижеге қол жеткізген кезде ғана өз-өзіңе көңілі толып, қанағаттанатын болады.

«Зілтеміршілерге» кеңес

Егер де сіз қарқынды өнімділікпен жұмыс істейтін болсаңыз, бұл сіз өзгелерде қарағанда аз жұмыс істейді деген сөз емес. Сіздің жұмыс істеу тәсіліңіз мүлдем өзгеше. Жалпы жұмыс көлемінен өзіңізге бір бөлімін таңдап алыңыз және күні бойы соны орындаңыз. Осының арқасында қорытынды нәтижеге қол жеткізе отырып, бір күнде толығымен орындап тастауға болатын жұмыспен айналысуды үйренесіз. Үстелге отырып, жүйелі жұмыс істеуге тырыспаңыз: бұл сіз үшін жайсыз және ішкі жан-дүниеңізге кереғар болады. Сіз өзгеше ойлайтыныңызды ұмытпаңыз: дұрыс демалыс – сіздің жұмысыңыздың бір бөлігі.

2 сағат демалдыңыз, 15 минут жұмыс істедіңіз, сіздің алдыңызда тұрған міндет орындалды ма? Демек, барлығы 2:15 кетті. Жүйелі жұмыс істейтін қызметкер үшін де осы уақыт кететіні анық. Сонымен қатар, өзіңізге тым көп жұмыс көлемін алмаңыз. Себебі, егер де сіз 2-3 кезең барысында дайын нәтижеге қол жеткізе алмасаңыз, сіз өз жұмысыңызға қанағаттанбайсыз. Осының салдарынан сіздің күшіңіз бәсеңдейді, қуатыңыз кемиді. Жұмыс барысында өзіңізге нақты міндет алыңыз, шешіңіз, сосын келесі міндетке көшіңіз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button