Zoom-мен сабақ өткізу кезінде жұмыс сілтемесін бөтендерге таратпау керектігі айтылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова Zoom-мен сабақ өткізу кезінде жұмыс сілтемесін бөтен адамдарға таратпау керектігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өкінішке қарай, 3 қыркүйекте Zoom платформасында өткізілген сабақ кезінде бөтен адамдар араласып, әдепсіз слайдтар көрсетіп, оқыту процесіне кедергі жасаған. Мұғалім сабаққа бөтен адамдардың араласқанын байқап, жедел түрде онлайн сабақты аяқтады. Осыдан кейін мектеп әкімшілігі балалармен және ата-аналармен онлайн кеңес өткізді. Оқушыларға чаттар мен платформаларда жұмыс істеу кезінде этиканы сақтау, жұмыс сілтемесін бөтен адамдарға таратпау қажеттігі туралы тәрбие жұмысын жүргізді. Өз кезегінде біз күн сайын мұғалімдермен жұмыс істеп, ІТ-құзыреттіліктерін дамытудамыз», – деді ол елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар басқарма басшысы барлық мектептердің штаттық режимге көшуі туралы шешімді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Бас мемлекеттік санитария дәрігері шығарғандығын жеткізді.
«Әрине, шешім, ең алдымен, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Біз өз кезегінде балалардың үздіксіз білім алуына барлық жағдайды жасаймыз», – деді ол.
Шолпан Қадырова Білім басқармасының call-орталығы 1445, 55-68-73, 55-68-83 нөмірі бойынша жұмыс істейтігін айтты.
«1 қыркүйектен бастап колл орталығына 1000-ға жуық, ал күніне 100-ге жуық қоңырау келіп түсті. Мұнда ата-аналар оқу процесінің барлық мәселелері бойынша толық ақпарат ала алады», – деді басқарма басшысы.