Жаңалық

#амал: Наурыз айы

«Бесқонақ», «Құс қанаты», «Өлара» амалдары туралы.

Амал – жылдың әр айындағы, әр тоқсанындағы табиғат құбылыстарының халықтық атаулары мен реті.

Қазақ танымында төрт тоқсан бар:

1.     Көктем – жылтоқсан;

2.     Жаз – оттоқсан;

3.     Күз – жертоқсан;

4.     Қыс – желтоқсан;

Көшпелі өмір салты, мал шаруашылығы мен аңшылық, өзен-көлдердің бойын сағалаған тіршілік, алыс-жақын жол, жорық, барымта мен қарымта, той-томалақ, бұның барлығы адамды табиғатпен санасуға мәжбүрлеп қояды. Табиғат құбылыстарын малшы қауым күн райына, мал қылығына қарап жобалап, қамданып, алыс сапарларын шегеріп, дұрыс қамданып отырған. Атаулары мен реттерін де көшпелі қауымнан еншілеп қалдық.

Әр айдың өзіне тән амалы бар. Әр амалдың адамзат өмірінде, өсімдік пен жан-жануар тіршілігінде атқаратын белгілі бір миссиясы бар. Амалдың басы – Наурыз.

14 наурыз – «Көрісу күні». Неге 14 наурыз? Неге 20-сы емес? Неге 12-сі емес?

Шығыс күнтізбесі бойынша наурыздың бірі – жаңа тоқсанның (жылтоқсан) бірінші күні. Қазіргі күнтізбемен сәйкестендірсек бұрынғы 1 наурыз – қазіргі 14 наурыз. Яғни 13 наурыз – 90 күндік қыстың (желтоқсан) соңғы күні.

Мәшекең (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы) 1-8 аралығындағы сегіз күндік наурыз тойына қатысқанын жазады. Бұл қазіргі 14-22 наурыз аралығы болса керек.

Жә, амалдарымызға оралайық:

1.     Наурыздың 17-21 аралығында «Бесқонақ» амалы жүреді.

2.     Жаңа айдың тууы кезінде ескі ай екі-үш күнге жоқ болып болып кетеді. Бұл кезеңді «Өлара» деп атайды.

3.     Айдың аяғында қарлы жаңбыр жауып, жел тұрады. Бұл кезде құс қайта бастайды. Осы амалды «Құс қанаты» деп атайды. «Құс қанаты» 26-28 наурыз аралығында жүреді.

Құрметті оқырман, назарларыңызға #амал айдарының бірінші санын ұсынып отырмыз. Көнекөз қариялардан, кітап беттерінен, ауыл ақсақалдарынан біздің қалам шалмай кеткен тұстары болса, кем-кетігін байқасаңыз mail@ruh.kz поштасына хат жолдасаңыз болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button