Кітап оқуды дұрыс насихаттай алып жүрміз бе?
Түркі жұртының ақыны, ойшыл Әлішер Науаидің «Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген сөзі бар. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың да «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» дегенін білеміз. Жалпы, қай ғасырда өмір сүрсе де барлық ғалым, ақын, ұлы тұлғалар кітап оқудың пайдасы туралы жиі айтып өткен. Нағыз рухани сарқылмас қазына саналатын кітап кез келген саналы адамның өмірлік серігі іспетті. Білімнің қайнар бұлағы да осы кітаптан бастау алады. Бірақ бүгінгі қоғамда кемелденуге көмектесетін кітапты оқуды трендке айналдыра алдық па? Нағыз керек трендтің артын қуып жүрміз бе өзі? Осы сұрақ көптің көкейінде жүргені жасырын емес.
Статистикалық мәліметтерді ескерсек, қазақстандықтардың төрттен бірі ғана кітап оқиды екен. Яғни, қазақстандықтардың 26.5 % ғана соңғы бір жылда кемі 1 кітап оқығанын айтқан. Ал, 52% отандасымыз кітап оқуға уақыттары жоқ екендігін айтса, 21,4% адам кітап оқуды ұнатпайдындығын алға тартқан. Бұл зерттеу жұмысы 2023 жылдың соңында жүргізіліп, оған 8000 аса қазақстандық қатысқан.
Кітап оқудың пайдасын санап тауыса алмаспыз. Ең алдымен, ол адамға қоршаған ортаны, әлемді, жаңа салаларды және өздерін тануға көмектеседі. Сонымен қатар, ой-өрісін дамытып, есте сақтау қабілетінің жақсаруына көмектеседі. Көп кітап оқыған адамның аналитикалық ойлау қабілеті мықты болады және жылдап ойлай алады. Ол қандай да бір ақпаратты, тақырыптарды талдай алуға, сараптауға, жүйелі пікір қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан да, кітап адамды табысқа жеткізіп, жетістіктерге апаратын есіктерді ашады дегенді сеніммен айтуға болады.
Берер ақпараты мен білімінен бөлек тұлғалық даму жағынан да кітап оқу адамға үлкен әсерін береді. Кітап оқитын адам айналасымен, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құруға бейім келеді. Әдемі сөйлеп, әдемі жазып, ойын анық жеткізе алуға төселеді. Сөздік қоры бай болып, сауаттылық деңгейі де әлдеқайда көтеріле түседі. Адамның бойындағы шығармашылық қабілеттерін дамытады. Жаңа идеялардың туындауына көмектеседі.
АҚШ-тағы RUSH UNIVERSITY MEDICAL ғылыми орталығы бір зерттеу жұмысын жүргізеді. Бұл жұмысқа 300-ге жуық адам қатысқан екен. Қатысушыларды жыл сайын есте сақтау қабілеті бойынша сынақтардан өткізіп отырған. Әртүрлі сауалнамалар мен анкеталарды толтырып отырған. Кейіннен олар қайтыс болған соң ғалымдар миларына талдау жасайды. Зерттеу нәтижесінде өмір жолында және өмірінің соңғы жылдарында жазу, сызумен, оқумен айналысқан адамдардың деменциядан алыс екендігі анықталған. Яғни, миларының зақымдануы да аз көрсеткіште болады.
Кітапты қандай жиілікте, қандай көлемде оқысаңыз да пайдасын көрмей қоймайсыз. Қазіргі эмоционалды интеллект ұғымын да дамыту үшін көркем әдебиттің дәмін көруді де ұмытпаған жөн. Әдеби туындылар оқырманның бойында эмпатия, мейірімділік секілді сезімдерді жаңартып, өз көмегі тидіреді. Ал, кітапты ұзақ оқитын оқырмандар бұл туралы көп алаңдамай-ақ қойса да болады. Себебі, бұл өз кезегінде қиын деген ақпараттарды терең меңгеріп, қабылдауға үйретеді екен. Әр кезде бір емес, кітап оқуды тұрақты әдетке айналдырар болсақ, мидың да жұмысы жақсарып, нейрондық байланыстар тығыздығы да едәуір қарқында бола түседі. Қырағылықты ғана емес, ақылды, даналықты бойыңызда қалыптастырғыңыз келсе кітап оқудан қашпаған жөн.
Қазақстандықтардың ішінде кітап оқитын өңірлердің қатарын Шығыс Қазақстан облысы бастап тұр. Көшті Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстары жалғайды. Ал, Шымкент, Ұлытау, және Жетісу облыстары ең аз кітап оқитын тұрғындары бар аймақтарға жатады екен. Жалпы, бүгінгі таңда елімізде 11 000 астам кітапхана бар. Бұл жердегі жалпы кітаптар саны 328 миллионнан аса, қолжетімді кітапханалардағы кітаптар қоры 73 миллионнан асып жығылады. Қолжетімді саналатын 3891 кітапхана болса, оның 79 % ауылдық елді мекендерді құрайды. Кітапханашылар «жыл өткен сайын кітап оқитындардың қарасы артып жатыр» - деп қуантып қояды.
Кітап оқу мәдениетін көтеру үшін мемлекеттік деңгейде де үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Осы жылдан бастап «23 сәуір-Ұлттық кітап күні» болып белгіленді. Бұл Айдос Сарым, Б.Нұрмұхамедов,Д.Әшімбаев секілді қоғам белсенділердің ұсынысынан кейін, Мемлекет басшысының өзі қолдаған мерекелік күн болатын. Сонымен қатар, Президент тапсырмасымен Алматы және Астана қалаларынан жаңа кітапханалар ашылуда. Алматы қаласындағы бірнеше кітапханалар заман талаптарына сай жөндеу жұмыстарынан өтіп, жұмыс істеуде. «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кітапхана ісіне бей-жай қарауға болмайтындығын да алға тартып, кітаптардың адамдарға қолжетімді болуына күш салу керектігін айтты.
Мауо клиникасының және Social Science журналында жарияланған зерттеулердің нәтижесі кітаптың тек ақыл, ой дамуына емес адам денсаулығына да орасан зор пайдасы бар екендігін көрсетеді. Кітап оқу ұйқы сапасының жақсаруына және дисциплинаны қалыптастыруға зор көмек береді екен. Ал, кітап оқуды қалай әдетке айналдыруға болады?
Кітап оқуды қиналмастан әдетке айналдыру үшін бірінші дұрыс кітап таңдай білген жөн.Кітап оқымас бұрын оның жанрына, мазмұнына назар аударып алыңыз. Өзіңіз сүйіп оқыған кітап пен сізге қызық болған жанрды оқысаңыз қалай бастап, қалай аяқтағаныңызды байқамай да қалатын боласыз. Екіншіден, «аз аздан, үздіксіз» деген теорияға талпыныңыз. «Кітап оқуды әдетке айналдырамын» - деп жүріп «бір күнде бір кітап оқимын», «бір сағатта жүз бет оқуым керек» деген секілді миға сыймайтын мақсаттар қоймаңыз. Күнделікті 5-10 бет оқудан бастаңыз. Мұның өзі сіз үшін үлкен жетістік болмақ. Есесіне, бұл әдетке айналса сіз шабытыңыз жоқ күндері де кітап оқитын боласыз. Тұрақтылық қана нәтижеге жеткізетінін ұмытпаңыз.
Қазіргі таңда жылдам оқуға арналған түрлі тәсілдер мен жаттығулар бар. Солар туралы зерттеп, әдеттеріңізге айналдыруға тырысыңыз. Сонымен қатар, сізге кітапты тез оқуға кедергі жасайтын кейбір әдеттерден арылыңыз. Мысалы, кітапты дауыстап оқу немесе ежелеп оқу тсс. Кітап оқуға ойын ретінде қарау, әр кітапты оқып біткенде өзіңізге кішігірім болса да сыйлық жасау сіздің ынтаңыз бен мотивацияңызды арттыратынын ұмытпаңыз. Сол секілді, оқыған кітабыңыздағы инсайттар мен керек ақпараттарды конспект ретінде жазып алып немесе стикерлерді қолдану арқылы белгілеп тұрып оқу да сізге көмектесері анық. Белгілі бір ортамен бірге кітап оқып, оларға аяқтаған кітабыңыз туралы әңгімелеп, айтып беру арқылы оны жадыңызға бекіте аласыз. Ең бастысы, осындай лайфхактар сізге кітап оқу процесін әлдеқайда қызықты және пайдалы ете алады. Кітап оқуды әдетке айналдырғысы келетін әр азаматқа «жеке кітапхана жинау» деген мақсат артықтық етпейді. Өз кезегінде бұл адамның өзіне де, оның болашақ балаларына да құнды қазына болатыны анық.
2012 жылдан бері ақпан айының 14 жұлдызы «Халықаралық кітап сыйлау күні» болып аталып өтіледі. Google компаниясы осы 2012 жылы әлемде 132 миллионға жуық кітап барын айтқан. Ал, жыл сайын 800 мыңға жуық жаңа кітап жарық көреді екен. Соңғы жылдары біздің елімізде де кітап сыйлау үрдісі қарқынды дамып келеді. Жыл сайын еліміздің мегаполистерінде кітап көрме жәрмеңкелері ұйымдастырылып тұрады. Одан бөлек «Кітапханаға кітап сыйла» секілді акциялар да өтеді. Өңірлер мен аймақтарда түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай кітап оқу арқылы жастайынан бірнеше тілдерді еркін меңгерген. Ал, М.Горький «Мендегі бар барлық қабілетім мен өнерім үшін кітапқа мәңгілік қарыздармын» деген екен. Қай заманда болмасын, қай салада болмасын кітап оқудың пайдасын жоққа шығара алмаспыз. Сол себептен, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін бүгіннен бастап өзіміз де кітаппен дос болуымыз керек. Балалар-еліміздің ертеңі. Олар кітаппен дос болып өссе еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз. Ал, балаларға кітап оқуды санасына сіңдірудің ең тиімді тәсілі – өзіміздің әрекетімізбен үлгі болу. Яғни, кітаппен дос болуды өзімізден бастауымыз керек!