Редакция таңдауы Сұхбат

Мемлекеттің елдігін көрсететін мереке – Республика күні

Фото: eskeldi-eli.kz

Қазақстан халқы 25 қазан – Республика күнін қайтадан атап өте бастады. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысмен мерекелер тізіміне енген бұл дата – елдегі жалғыз ұлттық мейрам, деп хабарлайды Ruh.kz.

Республика күні – бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам.

«Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, декларация – еліміздің  тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат», - деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде.

Қайта жаңғырған Республика күні биыл елімізде үшінші рет тойланады. Осы ретте мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаровпен сұхбаттасқан едік. Сарапшы мемлекеттің елдігін көрсететін мерекенің тарихи маңызы хақында баяндады.

«25 қазан – бұл болашақта Тәуелсіздік күні ретінде атап өтілетін мереке. Себебі бұл біздің егемендік туралы декларациямыздың қабылданған күні және егемендікке қол жеткізбей тұрып өзіміздің елдігімізді паш еткен ресми құжат. Бұның маңыздылығы осында», - дейді Абылайхан Қалназаров.

Сарапшы меркенің саяси және идеологиялық тұрғыдағы салмағы туралы да сөзге тиек етті.

«16 желтоқсан Тәуелсіздік күні – ол желтоқсан оқиғасымен байланысты болғандықтан қайғылы сипаты бар мереке. Сондықтан біз әлі күнге дейін Тәуелсіздік күнін дүркіретіп, ойдағыдай атап өте алмай келе жатырмыз. Ал енді мынау Республика күні – ол кеңінен атап өтуге болатын мереке және шын мәніндегі біздің бостандыққа, азаттыққа деген талпынысымызды паш еткен құжатпен байланысты. Сондықтан бұл күннің мән-маңызы болашақта әлі де арта түседі», - дейді ол.

Абылайхан Қалназаровтың айтуынша, алдағы уақытта бұл меркені тойлаудың өзіндік атрибуттары қалыптасу керек.

«Республика күні мерекесінің тойланып келе жатқанына небәрі екі жыл, алдағы уақытта атап өтілу деңгейі жоғарылайды деген сенім бар. Себебі енді қандай бір мереке болмасын, оның атрибуттары, рәсімдері болады. Әзірге бұл Республика күні ондай рәсімдер мен атрибуттарын қалыптастыра алмай жатыр. Бірақ идеологтардың терең көзқарасы пайым-болжамымен алдағы уақытта ол да қалыптасады деп білемін. Бұл күннің мән-маңызы айшықталып, сәні де, мәні де, әні де болу керек. Ол алдағы күндердің еншісіндегі нәрсе», - дейді мәдениеттанушы.

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанның саяси, экономикалық саладағы және әлемдік аренадағы жетістіктері туралы да сарапшы өз пікірін айтты.

«Қазақстанның тәуелсіздік алғанына отыз үш жыл. Енді осы отыз үш жылдың ішінде жеңісіміз де, жеңілісіміз де, жетістігіміз де, жетпегеніміз де, енді бәрі бар ғой. Бәрі идеалды болуы мүмкін емес. Бір жақты да кетуге болмайды. Бір жерден жоғалтсақ, бір жерден таптық, бір жерден берсек, бір жерден алдық. Саяси-экономикалық, әсіресе, әлемдік аренадағы жетістіктеріміз көп. Қазақы түсінікпен айтқанда, қандай да бір болмай қалған, қол жетпей қалған межелер болса, шықпаған биігіміз болса, оның да бір қайыры бар шығар. Өйткені бәрін дұрыс жасау мүмкін емес. Дұрыстың өзі уақыт өте келе бұрыс, бұрыстың өзі уақыт өте келе дұрыс болатыны бар. Оны енді тарих көрсетеді. Шын мәніндегі жетістіктеріміздің бағасы мен құнын әзіргі күннің биігінен қарағанда, соншалық жағдайымыз жаман да емес, барға қанағат, жоққа салауат дейді ғой. Яғни барға қанағат ете білсек, сол біздің жетістігіміз болады.

Сосын әр нәрсеге философиялық қарауды үйрену керк. Философиялық көзқараспен қарайтын болсақ, онда біздің ең басты жетістігіміз – бейбітшілік екеніне көз жеткіземіз. Сол бейбітшіліктен айырылып қалмауды көздеу керек. Сол бағытта жұмыс істеу керек», - дейді мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button