Мақала Редакция таңдауы

Отандық кинематографияның белестері

Продюсерлік киноны көтеру, еліміздің экономикалық жағына да  жағымды әсерін тигізері сөзсіз.

Қазақстан Республикасының бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күнгі «Рухани жаңғыру» процесін, 2017 жылдың 12-ші сәуірінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты халыққа жолдаған мақаласынан бастаған еді. Мақалада мынандай пікір айтады: «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткішпен нысандарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс.

Жалпы кинематографияға келер болсақ, 2000-шы жылдардың басы қазақ киносының тарихында Америка мен Германия мемлекеттерімен бірлескен жобалардың  басталуымен ерекшеленеді. Жаңа жоспарлар, жаңадан өндірістік мүмкіндіктер туа бастады. Қазақ киносының жаңа кезең киносындағы өндіріс тұрғысынан алғандағы мұндай жетістіктерге жетуіне арқау болған себептердің негізгісі, әрине соңғы жылдардағы кинотуындылардың жоғары деңгейдегі кинофестивальдарда жүлделі орындарға ие болып, әлемге танымал болуы еді. Яғни, 2000-шы жылдардың басынан бастап қазақ киносы жанрлық түрлену тұрғысы мен кейіпкерлердің сомдалу қырынан, тақырыпты ашу сынды режиссерлік көрқарас жағынан алуан түрлі болуымен ерекшеленеді. Бүгінгі заман суреті мен адам бейнесі – кейінгі буын режиссерларының шығармаларында әрқилы әдістер арқылы терең мазмұнды шешім таба білген. Жалпы, жаңа кезең киносы Қазақ киносының тарихына түбегейлі өзгерістер әкеліп, көп жаңалықтармен қуантуда. Сонысымен, ұлттық режиссура бағытын жаңа бағытқа бұруда.

Бүгінгі таңдағы, қазақ киносы үш бағытта белсенділік көрсетуде:

  • біріншісі – авторлық кино болса;
  • екіншісі – продюсердік кинода;
  • үшіншісі – қысқа метрлі кино жобаларда

«Жаңа толқынмен» қазақ киносына жаңа кейіпкер келсе, шығармашылық ізденістер ұлттық кинематографиян тағы бір саты жоғары көтеруде. Сондай-ақ қазіргі күнгі кинопроцеске араласып келетін біршама режиссерлар жаңа туындыларымен дәл осы кезеңде көзге түскен болатын.

Белгілі кинотанушы Гүлнәр Әбікеева  «Нациостроительство в Казахстане и других странах мира» атты көлемді еңбегінде жаңа Қазақстан киносына қатысты мынандай пікір білдіген екен: «Алайда, бүгінгі таңда қазақ киносы аймақта жетекші орынға ие. Тәуелсіздік орнағаннан бері он бес жыл ішінде бұл жерде кино мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Қазақстанда «Көшпенділер» супер жобасы түсірілді. Мұнда «Қазақфильм» мемлекеттік киностудиясымен қатар тәуелсіз продюсерлік студиялар жұмыс жасайды. Автор жаңа кезеңдегі кинопроцесстің бірнеше ерекшеліктерін және мазалайтын мәселелерін атап өтеді:

  1. 1989 жылы басталған «жаңа толқын» режиссерлерінің танымалдылығынан бүгінде көптеген елдердің фестивальдарында Қазақстандық туындыларды асыға күтеді;
  2. Қазақ кинематографынан көптеген мықты режиссерлердің кетуі алаңдатады. Серік Апрымовтың Америкаға, Бақыт Қилыбаев, Абай Қарпықов пен Александр Барановтың Мәскеуге кетуі, Әмір Қарақұлов пен Ардақ Әмірқұловтың жеке бизнесті таңдауы. Не себепті «Қазақфильм» бұл режиссерларды ұстап қалуға тырыспады. Шын мәніне келгенде, «қазақ киносына» деген шетел көреремендерінің қызығушылығын ашқан солар еді ғой;

3.Қазақстандағы кино өндірісінің стратегиялық жоспарының болмауы алаңдатады. Себебі, ертеңгі күні қайда келе жатқанын, қандай мақсатпен жүріп келе жатқаны белгісіз болып қала береді;

  1. Тағы бір маңызды мәселе, фильмдердің көрерменге жетпеуі: жарық көреді, кинофестивальдық жолын жүріп өтеді, ал мемлекет тарапынан прокат мәселесі шешілмегендіктен, туындының ары қарайғы өмірі сөреде өтеді.

Иә, Гүлнәр Әбікееваның сол кезде жазған проблемалары, бүгінгі күнге де актуалды болып келетіндігі қазақ авторлық киносының болашағын алаңдатады. Шын мәніне келгенде, авторлық халыққа жол тарпайтындығын шешу мақсатында түрлі стратегиялық жоспарлар құрып, нақты мақсат қойып қана, мәселенің шешімін табуға болады деп ойлаймыз. Міне, сол себепті де, қазақ киносы өзімізге қарағанда шетелге көбірек танылуда. Айтулы жаңа кезеңнің түсірген туындыларына келер болсақ, орта буын өкілдері (1980ж) көбінде тарихи шығармаларды экрандауда – Сатыбалды Нарымбетов  «Қызжылаған» (2002ж), Әмір Қарақұлов «Жылама» (2001ж), Дәріжан Өмірбаев «Жол» (2001ж), Дәмір Манабай «Қазақы оқиға» (2001ж) туындылары жарық көреді. 2000-шы жылдардың басындағы 2003-2004 жылдардағы кезеңді кинотанушы Инна Тлековна өзінің «Спор кинокритика с киноврединой»  атты шағын кітапшасында «жаңа толқыннан кейінгі кезең» («пост новая волна») режиссерларының кезеңі деп атап өтеді.

Деректі кино режиссері Сергей Дворцевой өзінің толықметражды «Тюльпан» фильмін үш жыл түсірді. Аталмыш фильм – халықаралық кино өнімі болып саналады. Оны қаржыландырғандар: Германия «Пандора фильм» – Қазақстан, «Казэкспортсинема». Оқиғаның өтетін локациясы – қазіргі таңдағы қазақ ауылы. Яғни, шығармашылығын осы 2000-шы жылдары бастаған Сергей Дворцевойдың бүгінгі күні жеткен жетістіктерінің өзі біршама. 2008 жылы жарық көрген «Тюльпан» фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған Самал Еслямова, режиссердің 2018 жылы жарық көрген «Айка» атты авторлық драмасында басты рөлді сомдап, әлемдік атаққа ие болады. Фильм  71-ші халықаралық «Канн» кинофестивалінде, 28-ші халықаралық Германияның Котбус қаласында өткен фестивалінде, Токиялық Filmex кинофестивалінде жүлделі орындарға ие болып, «Оскар» жүлдесінің қысқа-тізіміне (шорт-лист) Қазақстан атынан ілінеді.

Сергей Бодровтың «Монгол» фильмінің жалпы оқиға желісі Шынғысханның жастық шағын баяндайды. Кинотуындыда басты рөлді Т.Китаноның «Заточи» фильмі арқылы қалың көрерменге танымал жапон елінің белгілі актері Таданобу Асано ойнайды. Бұл да халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін жаңалық болып есептеледі.

«Матек» атты студия «Красная полынь» фильмін түсіріп шығарды. Фильмнің жұмыс атауы – «Меч Махамбета». Режиссері – Сламбек Тауекел. Бұл туындының оқиғасы аты аңызға айналған ақын Махамбеттің махаббаты жайында айтылатын тарихи-романтикалық драма болып саналады. Кезекті кинотуындының сценариін жазған қазақ киносының белгілі жазушысы – Олжас Сүлейменов.

Жоғарыдағы  «Құрақ көрпе», «Жерұйық» сынды фильмдер қазіргі өтіп жатқан уақыт туралы тақырыпты бейнелейді. Қалғанын қарап тұрсақ түгелдей – тарихи бағытта болып отыр.

Рүстем Әбдіраштің «Қаладан келген қыз» фильмі 2004 жылы жарыққа шығады. Жалпы, режиссердің негізгі мамандығы – суретші. Рүстем Әбдіраш қоюшы-суретші ретінде Сатыбалды Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» атты фильмінде жұмыс атқарған.  Режиссер өз фильмімен өткен жүзжылдықтың 1960 жылдарына қайта оралтады. Кино туынды режиссердің өзінің әкесіне – Жарасқан Әбдірашқа естелік ретінде арналады. Фильмде оқылатын өлеңдер автордың өз орындауында оқылады. Фильмнің текстіндегі поэтикалық жолдарды автордың өзінің оқуымен Андрей Тарковскийдің «Зеркало» фильмінде автобиографиялық фактімен қолданған.  Бірақ Р. Әбдіраш өзінің әкесін еске алу және поэзиясын еске түсіруі арқылы болашақ ақынның балалығымен құрастырғысы келген.

«Уақыттың рухани және материалдық фактурасының ұқсастығы жағындағы көзқараста қарағанда «Қаладан келген қыз» фильмін ретро-фильм деп атау өте қиын: лентаға бейнелеуде тұпнұсқа болып келеді, тұрмыстық және соғыстан кейінгі кейіпкерлер психологиясын жасауда туралылық жетпейді. Фильмде кинобейнелеу эстетикасы қайталанған, ол көшірілген, экранда берілгенді қайтадан беру ешқашанда да болмайды, міне, осы жағынан алып қарағанда «Қаладан келген қыз» фильмін шыныменде ретро-фильм –  дейді Бауыржан Нөгербек. Режиссер-дебютант Р. Әбдіраш белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың поэтикасын қайталайды. Ол 1970 жылдардағы кеңестік киносының поэтикасы кадр сыртындағы текст, кинобейнелеудің ойын түсіндіру сияқты кино тілінің құралдарын пайдаланады. Мүмкін бұл фильмнің көркемдік жетекшісы Сатыбалды Нарымбетовтың айтуымен болған дүние болуы да мүмкін.

Кино өнерінің ортасында әрбір алынған шеберханалардың ішінде өзінше жүйрік бір шеберханалар болады. Мәселен, кезінде Серген Соловьев шеберханасында оқыған қазақ жастары қазақ киносына жаңа бетбұрыспен «жаңа толқын» бағытын әкелді. Сол сияқты өнер академиясында да, 2001 жылы Ардақ Әмірқұлов шеберханасын бітірген режиссер-студенттері өз фильмдерімен танылды. Олар – Нариман Төребаев, Абай Құлбай, Ержан Рустембеков, Наталья Харьковская және т.б.

Талғат Теменов шеберханасынан – Серік Өтепбергенов, Сергей Азимов шеберханасының деректі кино бөлімінен – Гүлшат Омарова («Шиза»), негізгі мамандығы суретші Рүстем Әбдіраш алғаш С. Нарымбетовтың «Көзімнің қарасы» фильмінде суретші болып барып, өзінің дебютті «Қаладан келген қыз» фильмдерінен бастау алып, жаңа ұлттық режиссура мектептерінің түлектері ретінде қазақ киносының қазіргі таңдағы кезеңінің режиссерлары болып жұмыс атқарып келеді. Олардың ішінде толықметрлі фильм түсірген Гүлшат Омарова, Нариман Төребаев, Рүстем Әбдіраш болса, Серік Өтепбергенов «Волкодав», Ержан Рүстембеков «Бей по барабану» атты қысқа метрлі туындыларын түсіріп, өздерінің тың ойларымен, жеке көзқарастарымен қуантуда.

Нариман Төребаевтің қысқа метражды «Антиромантика» туындысы режиссерге сәтті дебют болды. Өткен уақытта «Смотри по-новому» кинофестивалінде әлі диплом алмаған стедент Нариман Төребаев өз фильмімен бірден көпшілікке танылды. Кинотанушы Б. Нөгербек фильм туралы: «Кәсіби түсірілген, өте жақсы монтаждалған, бейнелеу жағы өте жоғары дей келе ең бастысы – мазмұн жағынан күтпеген жақтан болды. Екінші фильмі «Маленькие люди» фильмімен ол өзін екінше рет кинематографиялық көре білу талантымен, нағыз шығармашылық характерімен танылды», – деген пікір айтады.

Ал Гүлшат Омарова негізінен шығармашылық жолын, ең алғаш Аман Альпиев пен Сергей Бодровтың «Сүйрік» («Сладкий сок внутри травы») атты фильмінде Сүйрік есімді басты рөлдегі қыздың бейнесін сомдаудан бастайды.  Кейінірек, 1985 жылы түсірілген Сергей Бодровтың «Непрофессионалы» фильмінде медсестраның ролін де сомдаған. Жас режиссер Ұлттық өнер академиясында Сергей Азимовтың шеберханасында «деректі кино режиссері» бөлімін тәмамдаған. Гүлшат Омарованың өзінің атасы туралы түсірген деректі фильмі бар. Оның атасы қазақ мәдениетінің белгілі қайраткері – Ілияс Омаров. Режиссердің толықметражды көркемсуретті  «Шиза» фильмі ол үшін дебютті болды.

«Шизаның» оқиға желісіне келер болсақ, фильмде 90-шы жылдардағы елдегі жұмыссыздық, қылмыстық істер, ақша табудың бұрыс жолдары және т.б. тақырыптар қозғалған. Десе де, кинотанушы Бауыржан Нөгербектің айтуы болынша, «Шиза» фильмі негізінен фестивальға арналмаған, ол қарапайым көрермендер киносы және аталмыш фильм – «экшн» жанрына келеді. Сонымен қоса, кинотанушы Мұқышева Н.Р. «Тәуелсіздік және кинофакультеті» атты мақаласында, тәуелсіздік жылдары кинематографтың қол жеткізге үлкен жетістіктерінің бірі – кино факультетінің ашылуы деп білетіндігін айтады:

«Тәуелсіздік алуымыздың тағы бір нәтижесі – 1992 жылы тұңғыш рет Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) кино мамандарын дайындайтын кинофакультетінің ашылуы болды. Қазақ кино өнерінің беделін асқақтатып жүрген кинематографистердің еңбектерін, кейіпкерлерін ойластырып, жасап шығудағы жүйесін, авторлық концепциясын, идеяларын ұсыну, адамдық құбылыстарға әлеуметтік салдарын ашу секілді сапасы жағынан биіктерге қол жеткізіп жатқанын қуана баяндауға болады.

Тағы бір қуантатын жайт, бүгінгі күнгі қазақ киносының туын асқақтатып жүрген режиссерларымыз, осы академияның түлектері екендігі. Олардың қатарында: Эмир Байғазин, Әділхан Ержанов, Серік Әбішев, Абай Құлбай, Нариман Төребаев, Данияр Саламат, Ержан Рүстембеков және т.б.

Қазір Қазақстанда біршама тәуелсіз кинокомпаниялардың бар болғандығы да қуанышты жаңалық. Өйткені, продюсерлік киноны көтеру, еліміздің экономикалық жағына да  жағымды әсерін тигізері сөзсіз. Бұл шағын киностудиялардың арасында, тіпті, жас режиссерлердің қысқаметрлі туындыларына қолдау көрсететіндері де баршылық. Мысалға, «Film.film.film» («Самал», «Анамның аты Бақыт»), немесе жұмысын жақында бастаса да бірнеше қысқа метрлі жұмыстардың шығуына жол ашқан «RedMark» (Шұғыла Сержан «Күтудің мәні») студиясын атап көрсетуге болады. Шын мәнінде, бұл тақырыптың өзі жеке сараптаманы қажет ететіні дау туғызбас. Мүмкін, шағын студиялардың саны өскен сайын продюсерлік киноның арасында үлкен конкуренция пайда болып, бұл тақырып та үлкен зерттеу жұмыстарының нысанына айналады. Бұл айтылғандардың барлығы тек уақытты қажет ететін қалыпты процесс…

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button