Мақала Редакция таңдауы

Патриотизм деген не? Оның сипаты қандай?

«Патриотизм» терминінде әркімнің өзіндік түсінігі бар. Дегенмен көпшілік – өз Отанына деген сүйіспеншілігін көрсететін биік сезім ретінде ұғынады. Шындығында, патриотизм түрлі формада және әр адамда белгілі бір дәрежеде көрініс табады. Бірақ бұл нақты қандай сезім? Патриот болу деген нені білдіреді?  Оның жалпы спиаттамалары қандай?

Бағзы заманнан бүгінгі уақытқа дейін өз еліне, ұлтына, халқына деген сүйіспеншілік, туған мәдениетіне, тіліне, жетістіктері мен жеңістеріне мақтаныш, шет жақа шыққанда туған жерге деген сағыныш сезімінің туындауы, Отан мен ортақ идея үшін өз мүддесін құрбан етуге дайын болу, елдің бүгіні мен болашағына алаңдау, өз халқының мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге және азаматтық борышын өтеуге ұмтылу сияқты сипаттамлар қалыптасқан.

Тұлғалық деңгейде патриотизм – адамның дүниетанымында, мақсат-мұраттарында, мінез-құлық нормаларында көрініс табатын маңызды, тұрақты сипат. Ал оның жоғарғы көрінісі – өз халқына, оның өмір салтына, тарихына, мәдениетіне, мемлекетіне, іргелі құндылықтар жүйесіне қатысты ұжымдық көңіл-күйде, сезімде, оны бағалауда көрінетін қоғамдық сананың маңызды бөлігі.

Жалпы патриотизм сөзі ежелгі гректің «патриа» –  атамекен сөзінен шыққан. Отанға деген құрмет, өз халқына деген сүйіспеншілік, өз салт-дәстүріне құрмет, ұлты мен елінің жеңістеріне мақтаныш – осының барлығы патриотизмге тән қасиеттермен теңестіріледі. Қарапайым сөзбен айтқанда, Отанға, тілге, салт-дәстүрге, мәдениетке деген сүйіспеншілік.

Адам бойындағы патриотизм оның іс-әрекетінен көрініс табады. «Шағын Отанына» деген сүйіспеншіліктен бастау алатын патриоттық сезім кемелдену жолында сан түрлі кезеңдерден өтіп, жалпыхалықтық патриоттық санаға, еліне деген саналы сүйіспеншілікке көтеріледі. Ол – мемлекет діңгегі беріктігінің моральдық негізі және қоғам дамуының, сондай-ақ жеке тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымы мен Отанына аянбай қызмет етуге дайын болуының маңызды ресурсы. Әлеуметтік құбылыс ретінде кез келген ұлт пен мемлекеттіліктің дамуының нығайтқыш негізі. Елінің тұтастығы мен егемендігін, оның ұлттық қауіпсіздігін, тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жеке мүддесі мен ұмтылысынан әлеуметтік және мемлекеттік принциптерді жоғары қою, сондай-ақ жеке адам, қоғам өмірі мен қызметінің жоғары мәні ретінде бағаланады.  Патриотизмді қоғамдық сананың ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде жете бағаламау қоғам мен мемлекеттің әлсіреуіне әкеледі.

Патриотизмді дәріптеу келесі міндеттерді шешу арқылы жүзеге асырылады:

– Азаматтардың санасына әлеуметтік маңызы бар патриоттық құндылықтардың және қазақтың мәдени және тарихи өткеніне, дәстүрлеріне құрметпен қараудың, мемлекеттің, әсіресе әскери қызметтің беделін арттыру;

– Азаматтарды әлеуметтік-экономикалық, мәдени-құқықтық, экологиялық және басқа да проблемаларды шешуге белсенді қатысуына мүмкіндіктерін жасау;

– Азаматтарды мемлекетінің Конституциясын, қоғамдық және ұжымдық өмірдің нормаларын құрметтеу рухында тәрбиелеу, адамның конституциялық құқықтары мен оның міндеттерін, азаматтық, кәсіби және әскери борышын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

– Елінің мемлекеттік рәміздеріне – Елтаңбасына, Туына, Әнұранына, және еліміздің тарихи киелі орындарына деген мақтаныш сезімін, терең құрмет пен қастерлеу сезімін ояту;

– Қоғамдық оқиғалар мен мәселелерді теледидардың, радионың және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен ақпараттандыру арқылы азаматтардың патриоттық бағдарын күшейту;

– Ел тарихын бұрмалауға, адам құқығын таптауға негізделген бұқаралық мәдениет үлгілерін насихаттауға, анти-патриотизмдік белгілерге белсенді түрде қарсы тұру;

– Нәсілдік, ұлттық, діни төзімділікті қалыптастыру, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту.

Жалпы отансүйгіштік – қасиетті сезім. Қайда жүрсе де адамға қуат беретін – атамекен. Ал Отанға деген сүйіспеншілік бұл байланысты нығайтады. Нағыз патриот отанын қорғау жолында тіпті елінен қудаланған болса да халық үшін, ел игілігі үшін жасалғанын түсініп, іштей өкініш туындамайды, өйткені шын отансүйгіш адамды қандай да бір қиын жағдаймен сындыру қиын. Сондықтан қай уақытта да елден жер аудару ең ауыр жазалардың бірі болды. Оны тек өлім жазасымен салыстыруға болатын шығар. Отанға деген сүйіспеншіліктің табиғаты басқалар сияқты жұмбақ. Бір оқиғадан кейін кенеттен патриот бола алмайсың. Бұл сезім жылдар мен өмір тәжірибесі арқылы қалыптасады.

Иә, патриотизм санада біртіндеп қалыптасады. Патриоттық сана отбасынан және мектептен бастап, халықтың дәстүрлері мен бүкіл өмір салты арқылы, қоғамның күш-жігерімен қалыптасады.

Патриотизм құбылыс ретінде әрқашан оң бағалана бермейді, мысалы, Принстон университетінің саяси ғылымдарының құрметті профессоры Джордж Кэтеб – патриотизмге өте күшті эмоционалды коннотациялық түсінік бергенімен, «Патриотизм және басқа да қателіктер» атты еңбегінде бұл әлеуметтік құбылысты «көбінесе қиялдың туындысынан болатын нәрсе үшін өлуге және өлтіруге дайын болу» деп бағалаған.

Патриотизм саяси мәдениетпен, тарихи жадының ерекшеліктерімен, адамның архетиптік болмысымен байланысты. Бұл тұрғыда жоғарыда келтірілген теріс түсіндірменің біздің қоғамдық санамызға қатысы жоқ. Қазақстанның бүкіл тарихында патриотизм әрқашан қоғамның рухани негізі, жеңістер мен жетістіктердің тірегі ретінде әрекет етті.

Патриоттық сезімдердің көрініс табуында адамның күнделікті өмірі, оның ішінде экономикалық жағдайы ерекше рөл атқарады. Өмір сүру деңгейінің төмен болуы мен маргинализация қоғамда нигилизмді, наразылықты, апатияны, радикалдылықты, анти-патриоттық сезімдерді тудырады. Бұл –халықтың патриот болудан қалады деген сөз емес. Бастапқы материалдық қажеттіліктер қанағаттандырылмағандықтан, патриоттық сезімдер «сөне» бастайды. Экономикалық факторларға тәуелділік, әсіресе, жастар арасында кең көрініс табады. Мысалы, жас жігіт жұмыс таба алмаса немесе экономикалық қиындықтарға тап болса, оның патриоттық сезімі «тұншыға» бастайды да,  өмірде орнығу, отбасын құрып, оны асырау қажеттіліктері басымдық алады. Яғни бұл жерде Абрахам Маслоу негіздеген «қажеттілік пирамидасы» көрініс табады.

Бұл тұрғыда қоғамның патриоттық сезімін, Отанға деген адалдығын танытудың кілті – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясат екенін байқаймыз. Егер адамдарда кәсіби тұрғыда дамуға, білімге, мәдениетке, денсаулық сақтауға қолжетімділік болса, оның отбасы береке-бірлікте өмір сүрсе, оның туған жеріне «байлануы», сезімінің күшеюі табиғи жағдай.

Бірақ мемлекет қоғамда патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің көрінуіне (жанама) әлеуметтік-экономикалық жағдай жасаумен қатар, патриоттық тәрбиенің (тікелей) саясатын да жүргізеді. Бұл тек туған елге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру процесін ұйымдастыру ғана емес, қоғамда азаматтық жауапкершілікті, құқықтық сананы, саяси (сайлау) мәдениетті дамыту жүйесі. Бұл өз елі үшін, оның тағдыры үшін жауапкершілік сезімін дамытуға бағытталған, өйткені әрбір адам өз іс-әрекетімен, бүкіл қызметі арқылы мемлекеттің болашағы қандай болатынын айқындайды. Мұны түсіну адамда тек патриотизмді ғана емес, сонымен бірге азаматтықты да дамытады: өмірінің мәнін айтарлықтай өзгертеді, оның мақсаты өзі және оның отбасы үшін жай ғана жайлылық жасау емес (бұл адам үшін табиғи нәрсе және оны сөзсіз айыптауға болмайды), сонымен қатар елдің және жалпы қоғамның мүдделерімен байланысты (постматериалдық) мақсаттар пайда болады.

Көптеген ғалымдар қазіргі кезеңде жеке тұлғаның да, бүкіл қоғамның да рухани-адамгершілік құндылықтарының әлсірегендігін алға тартады. Бұл тұрғыда патриоттық тәрбиенің маңыздылығы орынды, өйткені «адамның қауіпсіздігін жеке тұлғаның бойында әлеуметтік жауапкершілікті тәрбиелеу және практикалық қызметте этикалық-құқықтық барьер құру арқылы қамтамасыз етуге болады». Патриоттық тәрбие адам қызметінің рухани-адамгершілік негіздерін дамытады, жетілген, даму үстіндегі, сыни тұрғыдан ойлайтын тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Бұл – адамға бағытталған ақпараттық және психологиялық шабуылдарға ұшырайтын қазіргі жаһандану жағдайында ерекше мәнге ие.

Патриоттық тәрбие, ең алдымен, жастарға бағытталған мемлекеттік саясаттың бағыты ретінде басқа да, аса маңызды міндеттерді шешеді – бұл олардың кәсіби немесе білім беру қызметінен тыс қабілеттері мен қажеттіліктерін жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді. Жастардың өзін-өзі жетілдіруі мен танытуына қажеттіліктері және қоғамдық, саяси процестерге қосылу мүмкіндігі. Бұл ретте, патриоттық тәрбиенің (тікелей) жүйесін тиімді іске асыру үшін қоғамда және мемлекетте өмір сүрудің (жанама) әлеуметтік-экономикалық жағдайлары (әлеуметтік кепілдіктер, тұрақтылық, құқықтар мен бостандықтар, кәсіби өсу мүмкіндігі) болуға тиіс екені анық.

Сонымен қатар патриотизм мен патриоттық тәрбиенің тәуекелдеріне ерекше назар аудару қажет. Патриоттық тәрбиеге салғырт қарау радикалды идеялар мен көңіл-күйлердің қарыштауына әкеп соқтыруы мүмкін. Принстон университетінің саяси ғылымдар профессоры Маурицио Вироли «ұлтшылдық тілінің идеологиялық жеңісі қазіргі саяси ойдың шетіндегі патриотизм тілін ығыстырып шығарды» дейді. Патриотизмнен радикализмге (немесе экстремизмге) өтудің объективті қаупі болғандықтан, олардың ара-жігін ажырату, осы құбылыстардың құндылықтарындағы айырмашылықтарды сезіну маңызды.

Түрлі әлеуметтік жағдайларда, түрлі әлеуметтік көзқарастарды, мінез-құлық нормаларын және құндылықтарды қамтитын патриоттық сезім әртүрлі жолмен көрініс табады. Эмпирикалық зерттеулер мен алынған нәтижелерді теориялық талдау нәтижесінде патриоттық мінез-құлықтың үш түрі анықталған, олар: идеологиялық, проблемалық және конформды түрлері.

Патриоттық мінез-құлық түрлерінің қысқаша сипаттамасын келесі белгілер арқылы анықтауға болады. Мысалы, патриоттық мінез-құлықтың идеологиялық түрінде – адамдар әрқашан көзге түсуімен ерекшеленеді. Олар көпшіліктің арасынан бірден байқауға болады және кез келген жағдайда, тіпті қажет болмаса да, өздерінің патриотизмін көрсетуге тырысады. Қысқаша айтқанда, оларға пафостық әрекет тән. Патриоттық мінез-құлықтың бұл түрін бірқатар принциптермен сипаттап көрсеткен: «Мен тек қазақстандық өнімді тұтынамын», «Мен өз сенімімнен ешқашан бас тартпаймын, олар үшін азап шегуге дайынмын» т.б.

Патриоттық мінез-құлықтың мұндай типтегі адамдар үнемі айналасындағыларды патриоттыққа тәрбиелеуге тырысады және «патриоттық емес» көзқарастарғы адамдарды кездестіргенде өте агрессивті түрде эмоция танытады. Сонымен қатар олар, әдетте, билікке барлық жағынан қолдау көрсетуге ұмтылатын және догматикалық адамдар. Осы типтегі патриоттар жиі ресми патриоттық шараларға қатысады. Олар үкіметтің кез келген бастамасын күмәнсіз және талдаусыз әрқашан қолдауға дайын. Ал егер билік өзінің позициясын өзгертіп жатса, оларда сол  «жаңа» үрдістерді оңай қабылдайды. Алайда егер биліктің өзі ауысса, олар ескі көзқарасты ұстанып, жаңа билікке оппозиция ретінде шығады. Олар елдің бүгініне немесе өткеніне әртүрлі көзқараспен қарауға болатынын ескермей, бір ғана көзқарасты ұстануды жөн көреді. Олар өз көзқарастарын қайта қарауға бейім емес және олардан ешқашан бас тартпайды, өйткені олардың көзқарастары ұтымды логикаға емес, сенімге негізделген.

Патриоттық мінез-құлықтың бұл түрінің күшті жақтары – тәртіпке деген тұрақты ұмтылыс, ұжымда жұмыс істей білу және өз сенімдері үшін жеке әл-ауқат пен жайлылықты құрбан етуге дайын болуы. Әлсіздігі: аналитикалық дағдылардың төмендігі және ымыраға келу қабілетсіздігі. Мұндай адамдар қуатты мемлекет құру үшін оған кедергі келтіретін адамдармен қақтығысқа түсіп, өз ұстанымдарынан ешқашан бас тартпау керек деп санайды.

Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған адамдар (патриоттық мінез-құлықтың проблемалық түрі) туған елге деген сезімдері туралы көпшілік алдында және пафоспен сөйлейтіндері сирек кездеседі. Көбінесе патриоттық мінез-құлықтың бұл түрі – зиялы, білімді және дінсіз адамдарда танылады. Олардың көбі шет елдерге жиі шығады, алайда өз елінде тұрып, жұмыс істегенді жөн көреді. Олар басқа халықтардың мәдениетіне қызығушылық танытып, өз елінің мәдениетін жоғары бағалайды. Көптеген проблемалар тиімсіз басқарудың кесірінен екенін ұғынып билік құрылымдарына сыни көзқараспен қарай алады. Өз елін басқа мемлекеттермен салыстырып,  жаман немес жақсы деп санамайды. Себебі бұл типте «топтық фаворитизм» көрінісі өте төмен дәрежеде.

Патриоттық мінез-құлықтың проблемалық түрі сенімге немесе жеке табысқа ұмтылуға емес, борыш пен жауапкершілік сезіміне негізделеді. Патриоттық мінез-құлықтың бұл түрі бар субъектілер әдетте кең эрудицияға және дамыған интеллектуалды қабілеттерге ие. Әдетте, бұл жоғары білімі бар, бірақ үлкен бизнеспен, үлкен саясатпен немесе жоғары мемлекеттік лауазымдармен байланысты емес салаларда жұмыс істейтін адамдар. Сондай-ақ елде болып жатқан мәселелерге «жүрегі ауыратын» және әділеттілік сезімі басым жандар.

Бұл типтегі адамдардың әлсіз жақтарына бөліну,  коалициялар мен бірлестіктер құруға қабілетсіздік және құлықсыздық жатады. Олардың кейбіреулері проблемаларды өз бетімен шешуге болады деген идеяны басшылыққа алса, басқалары адамның «оң табиғатына», гуманизм мен әділеттілікке сенеді. Күшті жақтарына мыналар жатады: өзінің әрекеттеріне сыни көзқараспен қарай алуы, сөйлеген сөздерінде және мәлімдемелерінде пафостың болмауы, жағдайды талдау және оны сырттан көру қабілеті, сонымен қатар басқаларды тыңдау және қарама-қарсы пікірлерді ескеру қабілеті.

Патриоттық мінез-құлықтың конформдық типі көбіне еліне эмоционалдық қатынасы жоқ адамдарда көрініс табады. Дегенмен оларды «патриот емес» деп санауға болмайды. Басқа өздерін патриот санайтын басқа адамдармен бірлесе отырып, солар сияқты әрекет етеді. Олар елінің жетістіктеріне шын жүректен қуана алады. Бұл адамдардың басты айырмашылығы – қиын өмірлік жағдайда немесе ел мүддесі мен жеке мүдденің арасындағы таңдауда бұл адамдар жеке әл-ауқатын таңдайды.

Патриоттық мінез-құлықтың конформистік типіндегі адамдар арасында көбінесе жоғары жалақы алатын басшылар және кәсіпкерлік қызметпен айналыса отырып, шетелдік серіктестермен байланыс орнататын шенеуніктер, кәсіпкерлер көптеп кездеседі. Мұндай адамдар, әдетте, өздерінің мүдделерін, сондай-ақ жақындарының мүдделерін қорғауда табанды. Патриоттық мінез-құлықтың бұл түріне ие адамдардың күшті жақтарына еңбекқорлық пен заңға бағыну жатады. Әлсіз тұсы – шешімінің тез өзгеруі, патриотизмдік сезімнің төмен көрінісі, қоғам мүддесі үшін жеке басын құрбан ете алмау немесе қоғамдық мәселені шешу үшін басқалармен қақтығысқа түсу қабілетсіздігі жатады.

Патриотизм мәселелерін психологиялық тұрғыда зерттеу өте қиын екенін атап өткен жөн. Патриоттық мінез-құлықтың үш түрін анықтау эмпирикалық зерттеулер жүргізу үшін өте тиімді және бұл – мінез-құлықтың жеке психологиялық, әлеуметтік-демографиялық сияқты сипаттамалармен байланысын анықтауға мүмкіндік береді.

Патриотизм – өз елінің әнұранын орындау үшін тік тұру емес… Патриотизм – елің үшін аянбай, қолыңнан келгеннің бәрін істеу: өз Отанының, елінің игілігі үшін еңбек ету, оны қиын жағдайда, тағдырлы сынақтарда қорғау, салт-дәстүрін құрметтеу, заңдарына бағыну.

Өз тарихын, ата-бабаларының ісін, салт-дәстүрін құрметтемей, патриот болу мүмкін емес. Отанға деген сүйіспеншілік сөзбен емес, әрбір адамның ел игілігі жолындағы адал ісімен бағаланады. Олай болса, өзінің адамгершілік келбетін, білімін, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін қалыптастырып, қастерлеген алдыңғы ұрпақ өнегесін саралайық.

Қазақ қоғамындағы патриотизм

Патриотизм түсінігі қазақ қоғамының ең жарқын белгілерінің бірі. Қазақ патриотизмінің өзіндік ерекшеліктері бар. Ол – ең алдымен, қазақ патриоттық идеясының жоғары гуманистік, рухани және мәдени негіздерге бағыттылығы. Бұл – Қазақстан азаматтарын жаңғыртудың жалпы жүйесіндегі патриоттық тәрбиенің басымдығын анықтайды.

Көп қырлы, ауқымды және үнемі жүзеге асырылатын қызметтің бір түрі ретінде патриоттық тәрбие – әлеуметтік, мақсатты, функционалды, ұйымдастырушылық және басқа аспектілерді қамтиды және кешенділіктің жоғары деңгейіне ие, яғни оның ұрпаққа, өмірдің барлық аспектілеріне әлеуетті әсері бар: әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани, құқықтық, педагогикалық, білімге, мәдениетке, тарихқа, мемлекетке, этностарға. Бұл –Қазақ қоғамының да, оның әлеуметтік және мемлекеттік институттарының да ажырамас бөлігі.

Қазақстанның көп ғасырлық тарихында патриотизмнің айырықша үлгілері көрініс тапқан. Бұл туралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимніне «Намысын бермеген қазағым мықты ғой» деген өзгерістің де енгізілуі дәлел. Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы!

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Бұл өлең жолдарында қазақтың осындай кең байтақ, шұрайлы жерін, атамекенін отансүйгіштік рухта ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша күрескендігі көрсетілген.

Қашан да қазақ халқының басты құндылығы – патриоттық сананы қалыптастыру процесі еді. Мұны Мұхтар Шахановтың өлең жолдарынан көрсетсек:

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,

Әр адамның өз анасынан басқа,

Жебеп тұрар, демеп тұрар арқада,

Болуы керек құдіретті төрт ана:

Туған жері-түп қазығы айбыны,

Туған тілі-сатылмайтын байлығы,

Туған дәстүр, салт-санасы тірегі

Қадамына, шуақ шашар үнемі, – деген қазақ ақыны.

Сонау бағзы заманнан, Қазақ хандығының негізі қаланған кезеңнен Отанға деген сүйіспеншіліктің ерекше болғанын байқауға болады. Сол кезеңде патриоттық тақырыпта ешқандай арнайы саясат жүргізілмесе де, тура бағытталған білімдер берілмесе де ата-бабаларымыз жан-тәнін аямай Отанды сүюдің, құрметтеудің қандай болу керек екендігін өздерінің батырлық іс-әрекеттерімен, даналықтарымен танытқан. Кемеңгер билеушілер Керей мен Жәнібек хандар еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінен халқына тәуелсіздік беруге ұмтылып, Қазақ хандығының негізін қалады және хандық шекарасын қорғап, ішкі бірлігін нығайтуға, ел дербестігін сақтап қалуға барынша күш салды. Сондықтан да сол заманда қазақ халқының патриотизмін нығайтуға орасан зор үлес қосқан, патриотизмнің жарқын үлгісі ретінде Керей мен Жәнібек хандарды білеміз. Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның да ерлігін отансүйгіштіктің үлгісі ретінде көрсетуге болады. Қасым хан халқын туған жер үшін күресуге, өз халқының мәдениетін бағалап, сүюге, отбасының салт-дәстүрін құрметтеуге жетелеген. Хандықтың шекарасын кеңейтіп, халқын миллионға жеткізіп, қоғам ішіндегі қатынастарды және қоғамның басқа мемлекеттермен байланыстарын реттеуге көмектескен қазақ қоғамының өзіндік конституциясы – «Қасым ханның қасқа жолын» («Хан Қасымның нұрлы жолы») жарық көрді. Абылай ханның билігінде де патриотизм көрінісі кенде емес. Отансүйгіштікті оның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінен, қазақтың үш жүзін біріктіруінен көруге болады. Ол – 1771 жылы үш жүздің де ханы болып сайланды. Қазақ жүздерінің басын біріктіре отырып, хан күшті де қуатты мемлекетті құрып, сыртқы және ішкі саясатын жүргізе білді. Сондай-ақ шығыстағы және Жетісудағы жоңғарлар жаулап алған жерлерді қазақтарға қайтарды. Әйтеке би де «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп өз ұлтына қызмет етудің, отансүйгіштіктің айнасы бола білді. Тәуке хан заманында қазақ қоғамында отансүйгіштік байлықтан да жоғары болғандығы көрініс тапқан.

Дана халқымыз мәдениетін қалыптастыру жолында да отансүйгіштік, руханилық, ынтымақ пен дәстүрді құрметтеуді негізге алған. Мұны көптеген белгілі отандық ғалымдар, көрнекті ұстаздар, дарынды жазушылар, философтар, публицистердің еңбектерінен байқауға болады. Атап айтқанда, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Мұхтар Әуезов сынды қазақ қайраткерлерінің шығармаларында патриотизм тақырыбы көрініс тапқан. Қазақтың кемеңгер ойшылы, философы Абай Құнанбаевтың пайымдауынша, патриотизм дегеніміз – өз халқына деген сеніммен, сүйіспеншілікпен үйлесіп, оларға шынайы жанашырлық танытумен ұштасатын нақты іс жүзінде көмек көрсету сияқты факторлардың үштігі. Қазақтың ғұлама ғалымы, көсемсөз зергері Мұхтар Әуезов патриотизм тақырыбында: «Кеңестік патриотизм – Отанымыздың барлық халықтары үшін, бүкіл болашақ ұрпақ үшін, әкелер, аналар үшін терең, ойлы еңбек» деген. Ұлттық тарих ғылымының негізін салушы Манаш Қозыбаев ұлттық идеяны қалыптастырудың негізі ретінде азаматтық патриотизм туралы: «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді нығайту, жалпыұлттық және жалпықазақстандық патриотизм идеясы алға қойылып, ұлттық идея ретінде қоғамның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиісті. Халық менталитетінің құрамдас бөлігіне айналған қазақтың ұлттық патриотизмінің бастаулары кеңірек және тереңірек зерттеуді қажет етеді. Бұл аспектіге ерекше назар аударуымыз керек. Өйткені қазақ халқына жалпықазақстандық патриотизмді, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді нығайтудың ұлттық идеясын қалыптастыруда ерекше жауапкершілік жүктеледі» деп пайымдаған.

Қазақ тарихын зерделеп, тізбектей берсек дана халықтың жан-дүниесіне, табиғатына, әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне байланысты патриот екені айқындалатын дүниелер көп. Бұны XIX ғасырдың екінші жартысында туған демократы, ұлы ағартушысы Шохан Уәлихановтың мына сөздерінен байқауға болады: «Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай, мен, ең алдымен, өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды қадірлеймін». Шохан Уәлиханов – еуропалық білім алған, батысқа ашық адам. Саяхатшы, этнограф Григорий Потанин Шоқан Уәлиханов туралы жазған очеркінде: «Ол тым еуропалық, орыстардан гөрі еуропалық еді, сондықтан оған қаланған еуропалық рухани мәдениеттің мөрін ешкім алып тастай алмады. Бірақ Еуропаға деген бұл жақындығы оны өз халқынан айыра алмады. Керісінше, өзі тәрбиеленген еуропалық рух оны өз қазақ халқының қызметшісі ретінде қарауға міндеттеді» делінген. Одан әрі Григорий Потанин былай деп жазады: «Уәлиханов қазақ халқына қызмет ету, орыс билігінің алдында оның мүддесін қорғау және олардың жандануына ықпал етуді өзінің өмірлік міндеті деп санады». Қазақтың қоғам қайраткері, ұстаз, журналист, этнограф, қазақтың саяси қайраткері Әлихан Бөкейханов та ұлтжандылық танытқан адам. Әлихан Бөкейханов қазақтардың саяси және мәдени бағдарынан айырыла бастағанын көріп, тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруды көздеді. Оның бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін «Алаш» автономиясы құрылды. Әлихан Бөкейханов мемлекеті жоқ халық жетім деп есептеді.

Осы сынды қазақтың сындарлы тарихында үлгі тұтар азаматтар, мысалдар, патриотизмнің керемет көріністері өте көп. Сондықтан да патриотизмді «қазақтың қанына сіңген» деп айту артық айтқандық емес. Қазақ ешқашан әйел үшін, мал үшін, материалдық құндылық үшін соғыспаған. Қазақ тек Отанын, елін, жерін қорғау үшін соғысқан ел.

Қазіргі кезеңде де елімізде потриотизмге зор мән беріліп отыр. Көп ұлтты, көп тілді және конфессияшыл мемлекетімізде бүгінде патриотизмге негізделген біртұтас идеология құрылған. Бұл жүйелілікті, тұтастықты және бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауды талап ететін өте күрделі міндет. Кеңес дәуірінде басқа одақтық республикалардағы сияқты Қазақстанда да көптеген ондаған жылдар бойы ықпалды және тиісті институттар ұсынған коммунистік идеологиядан басқа идеология болған жоқ. Қайта құру процестері мен социалистік жүйенің ыдырауы нәтижесінде ондаған жылдар бойы қалыптасқан дүние бейнесі жойылды, соның салдарынан жеке және топтық деңгейде де, қоғам деңгейінде де жаппай дезориентация және сәйкестендіру жоғалды. бүкіл қазақ қоғамы. Коммунистік идеологияның күйреуі идеологияның рөлі мен орнын, сондай-ақ оның саяси процестерге қатысу дәрежесін қайта қарауға әкелді. Ел басшылығы ғылыми қауыммен бірлесе отырып, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде рухани дағдарыстың алдын алуға қызмет етіп, қоғамды саналы түрде қайта құрудың маңызды тетігіне айналуы тиіс ұлттық идеяның негізгі қағидаларын тұжырымдауға тырысты.

Патриотизмді қалыптастыру және нығайту Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген, оның мақсаты азаматтардың бойында жоғары патриоттық сананы, өз еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру, патриоттық тәрбие жүйесін мақсатты түрде дамыту арқылы Отанның мүддесін қорғау жөніндегі азаматтық борышы мен конституциялық міндеттерін орындауға дайындықты тәрбиелеу.

Қазақстандық патриотизм – ерекше, өйткені бұл жағдайда біз көп ұлтты Қазақстан халқының көптеген халықтарға ортақ бір Отанға деген көзқарасы туралы айтып отырмыз. Тарихта Қазақстан көпұлтты мемлекетке айналды. Посткеңестік кеңістіктегі республикалардың ешбірінде Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты беделді қоғамдық ұйымның жоқтығы қазақстандық патриотизмнің интернационализмі зор мақтауға және ерекше мақтанышқа лайық. Бұл қоғамдық-саяси қозғалыс өте жоғары, өйткені көптеген қоныс аударушылар ұрпақтары Қазақстанды өз Отаны деп санайды, біз қазақстандық патриотизмді басқа этностардың тілдері мен мәдениеттерін құрметтеуге тәрбиелейміз. Әсем де бай өлкемізде дау-дамайды, ұлтаралық қақтығыстарды білмейтін, білгісі де келмейтін біртұтас, көп ұлтты халық мекен етеді. Бұл – біздің мемлекет табысының кепілі, қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Президент Қасым­Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген еді.

Бүгін біз өз Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанға деген сүйіспеншіліктің негізгі қағидаттарын қандай дәрежеде қалыптастырсақ, ертеңгі күні біздің арман-тілектеріміз бен үміттерімізді болашақ ұрпақ сондай дәрежеде орындайды.

Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мәселесі. Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу хақында қазақтың айтулы қоғам қайраткері,  бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азаматы Мұстафа Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деген. Патриоттық сананы қалыптастыру құралы ретінде тәрбие және педагогика процестеріне ерекше назар аудару керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» демекші, өскелең ұрпаққа патриотизмдік сананы қалыптастыруда білім беру мекемелерінің алатын орны орасан зор. Педагогика адам тәрбиесіне күшті әсер етеді, сондықтан педагогика патриоттық тәрбиені іс жүзінде белсенді түрде қолдануы керек. Патриоттық тәрбие азаматтық және патриоттық қасиеттерді бойына сіңірген, бейбіт және соғыс уақытында азаматтық борышын ойдағыдай орындауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруға және дамытуға бағытталған. Патриоттық тәрбиенің мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында жоғары қасиеттерді дамытып, оларды қоғам мен мемлекет мүддесі үшін жүзеге асыруға дайын болу. Осы мақсатқа жету үшін мынадай негізгі міндеттер қажет:

– Патриоттық тәрбиені насихаттау мақсатында мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында ұйымдастырушылық іс-шараларды жүргізу;

– Жастардың сезімдері мен білімдерінде патриоттық құндылықтарды, көзқарастар мен сенімдерді қалыптастыру;

– Отанының өткеніне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына құрметпен қарауға тәрбиелеу;

– Жастардың бойында Отанға деген адалдық пен өз мемлекетін қорғауға дайындықты нығайту.

Патриоттық тәрбиенің мазмұны біздің қоғамның ерекшеліктерімен, динамикасымен және даму деңгейімен, оның экономикалық, рухани, әлеуметтік-мәдени, саяси және өмірдің басқа салаларының жағдайымен, жас ұрпақты қалыптастыру проблемаларымен, осы процестің дамуының негізгі тенденцияларымен анықталады. Мазмұнның әлеуметтік-педагогикалық құрамдас бөлігі басым болып, оның өзегін құрайды. Өзіне тән құндылықтары, көзқарасы, бағдары, мүдделері, қызмет пен мінез-құлық мотивтері бар азамат пен патриоттың жеке басын қалыптастыру арқылы ғана Отанды қорғау функциясын іске асыруға, әскери және басқа да мемлекеттік қызмет түрлеріне дайындық бойынша нақты міндеттерді сәтті шешетініне сенім білдіруге болады.

Патриоттық тәрбие принциптері – педагогтар тәрбие мақсаттары мен міндеттерін тиімді орындауды қамтамасыз етіп, білім беру және мәдениет мекемелерінің, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ қызметін қоғамдық және мемлекеттік реттеудің міндетті шартымен білім беру мен тәрбиелеудің мазмұнын педагогикалық практикада іске асыруды басшылыққа ала отырып,  өзара байланысты біртұтас жүйені құрайды.

Патриоттық тәрбие принципінің бағыттарына:

– бірлік пен тұтастықты нығайту;

– халықтың әртүрлі санаттарының (мектепке дейінгі, бастауыш сынып оқушылары, жасөспірімдер, студенттер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, әскери қызметшілер, қалалар мен ауыл тұрғындары) ерекшеліктерін есепке алу;

– Қазақстан халықтарының тарихи қалыптасқан достық қарым-қатынастарын сақтау және дамыту, оларды біріктіру;

– халықтардың ұлттық мәдениеттері мен тілдерін дамытуға жәрдемдесу;

– этносаралық қайшылықтар мен қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге ұмтылу;

– нәсілшілдік, ұлтшылдық және діни алауыздықты насихаттауды жою;

– елдің халықтары мен ұлттық азшылық топтарының теңдігін қамтамасыз ету;

– адам мен азаматтың нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз ету;

– ел халықтары мен діни конфессияларының өзара қарым-қатынасын нығайту;

– әртүрлі ұлттар мен нәсілдердің тарихи мұраларына, мәдениеттеріне құрметпен қарау;

– ұлттық, азаматтық-патриоттық және жалпыадамзаттық тәрбие берудегі үйлесімділікті сақтау;

– әрбір жаңа ұрпақтың бойында басқа халықтардың құндылықтарын қабылдауға ашық ұлттық сана-сезімді қалыптастыру;

– ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу;

– әртүрлі халықтардың діни және конфессиялық ерекшеліктерін есепке алу, діндердің тең мәртебесін сақтау;

– халықтар арасындағы құрмет пен сенім сезімін, діни төзімділікті және басқа да көптеген принциптерді дәріптеуде дәстүрлі діндермен ынтымақтастық орнату жатады.

Біздің республикада өзін табысты және келешегі зор егемен мемлекет – халықаралық қоғамдастықтың мойындалған және құрметті мүшесі екендігіне негіз бола алатын жекешілік пен көптеген жетістіктер бар екенін атап өткен жөн. Қазақстандық патриотизмнің маңызды элементтері, әрине, көпұлтты халықтың ұлттық санасы мен болмысын қалыптастыратын Ту, Елтаңба және әнұран сияқты мемлекеттік рәміздері ұлттық нышандары мен құндылықтары болуы керек. Сонымен қатар ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үшін қазақ мәдениетінің басқа халықтардың мәдени тәжірибесін қабылдауға ашық бола отырып, өзінің қайталанбас ұлттық мазмұнын жаңғыртуының маңызы зор. Қазақстандық патриотизмнің маңызды құрамдас бөлігі – әлемге ашықтығында, шығыс және еуропалық мәдениеттердің бірегей синтезін, ерекше диалог мәдениетін қалыптастыра алуында. Қазақстан далалық және отырықшы мәдениеттердің, түркі және славян әлемдерінің тоғысқан жері, қазіргі көптеген қарама-қайшылықтар жағдайында ерекше маңызды – бірегей өркениеттік біріктіруді тудырды.

Өзінің тәуелсіздігін алған, егеменді ел ретінде көк байрақты мәңгі көкке көтеріп, толыққанды дамыған мемлекеттердің қатарында бой көрсету үшін,  ұлтымыздың мәдени-рухани мұрағаттарын, тарихын бүкіл әлемге таныту үшін  ұлттық сананы, ұлттық құндылықты және ұлттық мүддені өскелең ұрпақтыңа бойына сіңіру маңызды. Ұлттық құндылықтарын қадірлеп, ұлттық мүддесін қорғайтын жас сананы қалыптастыру арқылы ғана елдің бүгінгі тұрақты өмірі мен жарқын келешегі жолындағы еңбегі мен күрескерлігіне сеніммен қарай аламыз.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button