Қажымұқан кесенесі (мазары)
Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылында орналасқан. Қажымұқан 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезіне қарасты Сарытерек болысының Жәдік елді мекенінде дүниеге келген. Кейбір деректер бойынша, Қажымұқан 1883 жылы туған. Уақыт өте келе күрес жолына түсіп, той-жиындарда халықтың назарына ілігіп, бала балуан атанады.
Қажымұқан – қазақ елінің мақтанышы, алып күш иесі, теңдесі жоқ кәсіпқой балуан. Күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгеріп, бәсекелестерінен басым түскен ол – әлем чемпионы атағына кол жеткізген тұңғыш қазақ батыры. Дүние жүзінің 28 мемлекетін аралап, сол жерлердің саңлақтарымен белдесіп, қоржынына 56 медаль салған. Көрші жатқан Ресей жерінің өзінде де Қажымұқанға тең келетін балуан жоқ еді.
Ең алғаш рет ірі табысқа Қажымұқан Харбин қаласында өткізілген халықаралық турнирде қол жеткізді. Мұнда ол бірінші орынға ие болып, өңіріне алтын медаль тақты. Кейбір деректерде бұл турнир 1905 жылы өтті делінеді.
Балуанның алып күштің иесі ретінде алғаш танылуы О. Масляков деген орыс саудагерінің үйінде жүрген кезінен басталады. Бірде боранды күні даладан шөп алып келе жатқанда шанасы қарға тіреліп, аты тарта алмай тұрып қалады. Шанадан қарғып түскен Ұажымұқан атына көмектеспек болып, шананың артынан бар күшімен итеріп қалғанда, шана сырғып кетіп, болдырған ат астында қалып, өледі. Басқа амалы қалмаған лд атының денесін шөптің үстіне тастап, өзі ат орнына жегіліп, шананы қалаға сүйреп әкеледі. Оның бұл ісі қала тұрғындарының арасына аңыз болып тарайды.