ҚОС ҮЙТАС, ҚАРА ДЫҢ - ЕГІНДІ ЖӘНЕ БАЙҚОҢЫР ЖЕРЛЕРІНДЕГІ ҒҰРЫПТЫҚ КЕШЕН
Сәулеткерлік құрылысымен таңғалдыратын «үйтас» болып табылады. Сондай үйтастардың бірі Ұлытау өңірінің Егінді ауылының оңтүстігінде жатқан «Қос үйтас». Жергілікті халық мұны «Қос там» деп те атайды. Бұл да табиғи тастан қаланған. Ал, дыңнан айырмашылығы көлемі кішірек және киіз үй секілді. Табанынан бастап дөңгелене басталған құрылыс бір нүктеге киіз үй шаңырағы іспетті доғалдана түйіседі. Қос үйтас, Қос там деп аталу себебі екеуі бір-бірінен 2,5-3 метр қашықтықта орналасқан. Сол жағындағы үйтас біршама бұзылған, ал, екіншісі сол қалпында сақталған. Бұлардың барлығы үлкен эпикалық сарынмен аса шалқыта берілген. Өлікті қадірлеу, оның тірі күнінде пайдаланған қымбат бұйымдарын (қазаннын, киімін, ер-тұрманын, мінген атын) өзімен бірге қою, болмаса бір тайпа ел болып жиналып, оны зор салтанатпен шығарып салу дала сахарасын қоныс еткен көшпелі елдердің ежелден келе жатқан дәстүрі болатын. Бұл рәсімдер ислам дәуірінен анағұрлым бұрын Орта Азия сахарасын қоныстанған көшпелі тайпалардың салт-санасынан туған жоралар. Тап осы сияқты жерлеу ерте заманда Жетісуды, Тарбағатайды, Алтай, Саян тауларын, Орталық Қазақстанды мекендеген, қоныс қылған көшпелі елдердің (сақ, ғұн, үйсін, қыпшақ, қырғыз) бәрінде болған. Оған дәлел Орталық Қазақстандағы Домбауыл дыңы, Қара дың, Қос үйтас жәдігерлері. Ислам дініне дейінгі сәулет туындыларында ислам дінінің әсері бүтіндей жоқ. Олардың сыртқы түрі тұтасымен жазғы киіз үйге ұқсайды. Қазақтар оны әлі күнге дейін «дің» («дың») «үй тас» деп атайды. «Дың» деп аталатын сәулет құрылысы түркімен жерінде де бар. Бұлтартпас айғақ – ғұн дәуірінен бері сақталып келе жатқан «Дың сұлу» аңызы. Ғалым Ә.Х.Марғұланның айтуынша оғыз-қыпшақ дәуірінде «дың» салу әдеті болған. Қазақтармен қатар «дың», «деңглі», «деңглі тепе» түркімен- нің көп жерінде кездеседі. Олар өзінің қалыбы бойынша не дөңгелек, не төртбұрышты болып көрінеді.Бұлардың жиі кездесетін жері, әсіресе Орталық Қазақстан мен Жетісу өлкесі. Соңғы жылдардағы зерттеу бойынша VI-VIII ғасырларда қолданған тас шарбақтың орнына, тас мүсінді енді тас обаның іргесіне не үйтас дың деп аталатын құрылыстардың қасына қоятын болғаны байқалады. Дың мен үйтастың ерекшелігі: олар Қазақстанның ежелгі мал өсірушілерінің жазғы киіз үйіне өте ұқсас. Өлген адам басына ескерткішті өзінің тірі күнінде жасаған үйіне ұқсатып қою көшпелі 89 елдің ежелгі салты болған. Сондықтан үйген оба, тұрғызған дың, үйтастардың бәрі де түр жағынан жазғы киіз үйге ұқсаған. Бұл құрылыстардың қызықты болуы — тас мүсіндердің бір тобы осы айтылған оба, дың, үйтастардың қасында кездесуінен. Тастан жасалған дөңгелек үйлердің архитектурасын түу баста жасап шығарған елдер сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар. Түрік қағанаты кезінде ол бұрынғыдан гөрі көркейе түседі. Бұл айтқан елдер жаздың күні киіз үйде, қысқа қарсы киіз үйге ұқсатып жасаған жылы үйде отырған. Ұлытау өңірінде бүтіні бар, бұзылғаны бар онға тарта дың тектес ескерткіш бар. Осының ішінде ең сәулеттісі Домбауыл дыңы екендігін ілгеріде атап өттік. Тағы да бір дың Ұлытаудың теріскейінде, Тамды өзенінің бойында белестің үстінде тұр. Есігі күншығысқа қараған. Асты төрт қырлы тастан өріп тоқыған, оның үстіне сүйірленіп шығатын биік күмбез орнатқан. Жергілікті қазақтар оны «Қара дың» деп атайды. Себебі ылғи қара тастан өріп шығарған. Оның бейнесі алыстан сәулеттеніп тұрады.