Редакция таңдауы Сұхбат

Серік Елікбай: «Мәшhүрдің мұңы» менің үшінші романым

Бүгінгі сұхбатымыздың қонағы С.Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, мәшhүртанушы Серік Төлеубайұлы.

- Сұхбатқа келгеніңізге рахмет, аға. Әңгімемізді Мәшhүр Жүсіптен бастасақ.

- Жалпы, қазақ руханиятында, қазақтың шежіреісінде біздің аттап өте алмайтын алапат, аспан арлы тұлға бұл – Мәшhүр Жүсіп. Оның бір дүниесі өзінің қайтыс болғанынан кейін денесінің бұзылмай сол қалпында жатады деп айтқаны. Бұл кісі 1958 жылы туған. Тірі кезінде қырық жыл менің денем шірімейді деген. Бұл ешкімге ұқсамайтын бір дүниесі. Екіншіден, аса мол мұрағатты дүниесі жырлары, қара сөздері барлығының басын қосқанда елу томдай дүниені бір өзі тастап кеткен. Енді ойлаңыз, қазақтың даласында қазіргідей академия жоқ, сол үшін ол кісінің алып отырған ақшасы жоқ, мойынына алып міндеттелген дүниесі жоқ, тегін осы сөзіміз жұртқа керек деп өзінің ішінде жатқан ойларын жазды. Сосын бұл кісінің бармаған жері жоқ, терең білімді діншіл адам болған. Бахауддин Накшбандиді пірім деп айтқан.

- Мәшhүр Жүсіпті оқығанда кез келген адам қайран қалады. Тіпті, мұндай адам өмірде болмаған шығар деп ойлауы да мүмкін. Халық өзі армандаған образды суреттеп алған деп ойлауымыз да мүмкін. Әулие Бекасыл Биболатұлының өзі Мәшhүр Жүсіптен үлкен ғибрат алдым дейді. Бұл дерек Мәшhүр Жүсіптің өмірде болғанын айқындайтын сияқты аға.

- Мәшhүр Жүсіп Исабек Ишанды жоқтап жазған жыры бар. Исабек Ишан енді қараңыз, Ақкөл жаймада тұрған. Сонда барып сол жерде оқыған. Біз көп нәрсені айта бермейміз, «Қара бура» әлемі, өзіңіз айтып отырған оңтүстік аймақтағы Алтынбек Құрманов деген өлкетанушы барлығы Мәшhүр Жүсіптің еңбектерін тереңірек зерттеген.

- Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы жетпіс жыл коммунист билейді, отыз жыл ұры-қары билейді, сосын бейбітшілік берекелі заман келеді депті сол рас па, сіз не айтасыз?

- Бұл енді халықтың арманы. Бірақ, өкінішке орай қағазға жазылған дүниесі жоқ. Бұл тәтті үмітіміз таңдайға салып жүрген. Мұны жоқ деп қиып айтып тастауға да болмайды, халыққа ұнаса сол қалпында айтылып жүре де берсін, бірақ құжат күйінде жазылған ондай дүние жоқ. Маған «Мәшhүр Жүсіптің мұңын» жазған кезде үш түрлі нәрсе қиын болды. Біріншіден, сол Баянауылдың ішінде отырған Мәшhүрдің көзін көрген ақсақалдар отыр, олардың алдынан аттап кетіп Мәшhүр жайлы жазу қиын. Екіншіден, менің ұстазым Қуандық Фазылұлы Мәшhүр туралы жазып жүргенімді білді. Бүкіл ұрпақтары менің жазып жүргенімді көріп, бір заманда қатар жүр. Үшіншіден, ел бар, жұрт бар. Көрдіңіз бе, жан-жақтан барлығы қатар қарап отырған уақытта Мәшhүрді бәйгенің ішін сүріндірмей, өзім де сүрінбей шығуым қиын.

- Мәшhүр Жүсіп Көпейұлының қасиеті әлі де бар десек болатындай. Павлодардағы университетті он жыл басқарған Ерлан Арын мырза айтады: «Менің бір көзім тартушы еді, туғаннан қиналып жүр едім, шетелде де дәрігерлер қарай алмады, Мәшhүр атамыздың кесенесіне барғанда арқамнан біреу түрткендей болды, келесі күні көзімнің тартуы тоқтады» дейді. Қасиет пе, әлде сенім бе?

- Мен сізге бір нәрсені бір қызық айтайын. Мәшhүрдің жатқан жеріне барып бір күн қонсаңыз өзгеше бір рух алып оянасың. Өзіңіз қараңызшы, қазақтың даласында «Эйфель» мұнарасы жоқ. Қазақтың даласында «Қытай қорғаны» жоқ. Ана жақта Бекет атамыз, мына жақта Ясауи бабамыз, Кереку маңына келетін болсақ Мәшhүр Жүсіп атамыз кеудесімен тіреп тұрғандай. Салыңыз суға салынып барса, туыңыз желбіреп қайтады.

- Мен сіздің өмірбаяныңызбен таныстым. Қаншама оқулықтар жазғансыз, бұл тәрбие, оқытушылық,  ұстаздық. Көркем роман жазуға қарағанда оқулық жазу өте қиын. Өйткені, сіз жауапкершілік аласыз. Романыңызды оқуы мүмкін, оқымауы мүмкін. Ал оқулықты оқиды, емтихан тапсырады. Қанша оқулық жаздыңыз, айтыңызшы?

- Оқулыққа барған әр адам алдында отырған шәкіртін көруі керек. Көргенде дәл қазіргі сәтінде көрмеуі керек, ертеңін көруі керек. Мен 2006 жылы оқулық жазған кезде МәшhүрЖүсіп Көпейұлын оқулықтың ішіне кіргіздім. Өкініштісі, қазір алынып тасталды. Енді қараңыз, қазақ әдебиетінің оқулығын жазып отырған адам Иса Байзақовтан аттап кетуге болмайды. Иса Байзақов синкретті. Жазба ақын, сосын төкпе далалық ақындық бар. Осы екеуін Иса біріктіреді. Сонда  жазба әдебиеті мен ауыз әдебиеті Иса келгенде бөлінді. Сондықтан оқулықты жазатын адам оқушыны көріп жазуы керек. Оқулықты жазатын адам сол оқулықпен бірге өртенуі керек. Оқулыққа баратын адамның ішкі әлемінің тазалығы, білімнің кеңдігі керек. Қазақтың қасқа тілін қамыстай тілетін және тілдің ішіне кіріп еркін жүзетін адам ғана оқулыққа баруы керек деп есептеймін.  

- Секе, қара Ертістей ағып жатырсыз. Білім, ғылым, шешендік өнер, әдебиеттегі дүние өткені бар, бүгіні бар, келешегі бар жазып жатырсыз. Мұның бәрі бүгін болмаса да ертең керек. Іздейтін ұрпаққа керек.

- «Мәшhүрдің мұңы» менің үшінші романым. Бірінші романым «Көк құлаған күн». Екінші романым «Қанжығалы Бөгенбай»  Қазір тағы да үлкен романдармен отырмын. Абай айтқандай «қажеті болса алар, қажеті болмаса өз сөзім өзіме». Мәшhүрше айтсам «Нәпсіңді атқа мінгізбе, жаяулап бақ». «Бұлт болып айналдым биік тауға» дейді. Мәшhүр Жүсіпте қазақты жек көру жоқ, қазақты сөгу жоқ.

- Әдебиет иммунитеті деп айттыңыз. Бұл не мағына береді, не айтқыңыз келді?

- Әдеби кітап оқытылу үшін он параметр бар. Соның үшінші параметрін айтайын, жаңа туып жатқан балалардың төлқұжатын алып қараңыз. Ботагөз, Қобыланды, Алпамыс, Құртқа бар ма? Демек, Бұл әдебиеттің ертеңі дүдәмәл. Сондықтан жаңағы әдебиет иммунитетін қалыптастыру үшін кейіпкерлерді өзінің қасына жинау керек. Келешек ұрпаққа жинауымыз керек. Бізде қазір ат қойғанда уақытшалық дүниемен қоя салып жатады. Қазақ ат қойғанда жақсыға еліктетіп қойған. Әдеби есімдер қойылмаған жерде әдебиеттің иммунитеті түсіп кетеді.

- Қалай ойлайсыз, 1950-1960 жылдары қазақ әдебиетінің гүлденген, өркендеген кезеңі болды ғой. Қазір де солай жазып жүрген замандастарыңыз бар ма?

- Жалпы жыр деген жүрекпен жазылады ғой, роман деген нәрсе жүрекпен жазылады. Байланып, тұрмай жазуыңыз керек. Оқиғаны жоғалтып алмауыңыз қажет. Бұл роман дегеніңіз үлкен бір ерекше әлем. Бір кірпіші құлап қалса, үстіне қанша уақыт жинаған мұнараңыз құлап қалады.  Енді «Абай жолы» романын алып қарасаңыз ең кесек тұлға Құнанбай. Бірақ Құнанбайды өлді демейді, анандай кесек тұлғаны соншалықты картаны араластырған сияқты алдыңа тастай салған кезде Құнанбайды таппай қаласың. «Абай жолы» былай басталады ғой: «Үш күндік жолдың соңғы күніне бала шәкірт барын салды».  Жазып отырған данышпанның ғажаптығын қараңызшы. Білдірмей бояп-бояп жібергенін білмей қаласыз. Романның ең соңында «өмірден Абай кетті» дейді. Анықтауыш, эпитет жоқ. Қандай Абай, данышпан, кемеңгер Абай жоқ. Яғни анықтауышты, сын есімді іздеу үшін қалған төрт кітапты оқып шығу керек. Кітап оқу-менің адами ләззәтім. Оған ешкім кіріп араласа алмайды. Мен «Көкжыра» деген ауылда өстім. Бала кезімде сізге шынымды айтайын, кітаптың шетін жыртып жеп отырып оқитынмын. Орыс әдебиеті әлемнің екі жүз томдығын жасап тастады. Өкінішке қарай біздің қазақта осындай жоқ. Менің студенттерге ұсынатын жүз томдығым бар. Құнанбай айтады ғой «адамның қай қасиеті жақсы болса сол қасиеті міні» деп. Кітапты оқытқанда ең бастысы ішінен кейіпкерлерді алып шығу керек...

- Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Шыңғысхан Меирқан

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button