Мақала Редакция таңдауы Зерттеу

Шәкәрім қажы жайлы

Шәкәрім қажы жайлы ел ішінде көптеген естеліктер бар. Соның бірі Еңбек, соғыс ардагері Нығмет Мағауияұлының естелігін өз ауызынан жазып алған едім.

Семей қаласындағы «Казинпроста» оқуда жүріп, 1930 жылы жаз айында ауылдан кеткенімде халық қолында мал дегенің баршылық еді. Бір жылдан кейін ауылға қайта оралсам, қолда мал түгілі, үрерге ит те қалмапты. Жеке меншік деген болмайды деп, елдің малдарын зорлап алып, мұны атқамінерлер «қарыз серік» деп атапты. Енді ет, астық ақша налогі деп міндеттеме беріп, қарызды төлей алмағандарды соттап, мұны «нық міндет» деп атап заң шығарыпты. Сөйтіп халықты бүрістіріп әкеп бір жерге орналастырып, еңбек ұйымдастырып, ортаға түсу, жарна ақша, жұмысқа күш-көлік деп жалғыз сиырын да алған, мұны «мойынсерік» деді. Егін сала білмейтін, мал сүмесімен күнелткен халық күні өткен сайын елден безіп, әр тарапқа жаяу кетсе, кейбіреуі ел-жердің болашағына алаңдап, тау ішін пана етіп, барар жер бағдарлап, есінен айырылған. Мұны «Панды» деп атады. Аш-жалаңаштар күн-көріс іздеп босыш, Аягөз, Мақаншы Жарма жаққа кеткендерді артынан іздеп тапқандарының көлігін алып, өздерін сол жердің түрмесіне қамап, отряд ұйымдастырған екен, бұларды «құғыншы» десті.

Осы босқын ішінде мені де ұстап әкеп, ГПУ-ға тапсырды. Отряд бастықтарынан бесатармен қаруланған Өсербай, Дауқара, Үбіғалилар еді. Осынау лаңды басқарып, ұйымдастырушы-АбзалҚарасартов болған-ды. Ол осы кезде ГПУ бастығы.

Шілде айының іші, ауырып үй іргесінде отыр едім, отряд бастығы Т.Шалабаев атын жорғалатып келіп, қотан ортасында жұмысқа бара жатқан 13 жасар Қойшыбай деген баланы екі-үш рет қамшымен тіліп өтті. «Жаудың қалдығы, жүрісің қырыс, жұмысқа шықпай найқалуын»,-дейді. Кеш бата мойынсерік бастығының орынбасары Мұқаш Қазанбайұлын, Кәбен Мағауияұлын, жұмысшы Қайролла Әубәкірұлын милициямен аудандық түрмеге айдаттырып жіберген. ГПУ бастығы Қарасартов, прокурор Түгелбаев, Шалабаев, мойынсерік бастығы Ботатай Көмекбаевтың үйіне келіп қонды.

Ауданнан «өсіріп беріңдер» деген нұсқау болып, ауылға 40 теке әкелген. Ботатай да шайға деп бір сауын ешкі ұстайтын.

Осыны көріп қалған қырық теке түнімен бақылдап қонақтарға ұйқы бермей қойған. Ерте тұрған басшылар ызаланып, бастыққа бұйрық беріп, текелерді табанда сатқыздырады. Біреуін мен алдым. Арада жұма өтті, аудандық сот Р.Қорабаев пен ақша бөлімінің бастығы Іргебаев келіп, Ботайды, Мұқашты, Кәбенді, Қайролланы үй-мүліктері мен ескі-құсқысын кәмпескелеп, 10 жыл түрме кесіп, Семейге айдаттырды. Қыш Оралбай қызы бұдан бұрын елден кеткен екен, сол ауылға қайта келіпті. «Сен неге келдің? Тыққан алтын және жиһазың бар шығар?»-деп қыспаққа алып, саусақ арасына сына ағаш салып, жанын шығара шыңғыртты. «Шыныңды айтпадың, атам»-деп Қарасартов наганын көтергенде, Түгелбаев: «Оған бола оқ шығарма, ол бәрін де айтады. Біз айтқызамыз»,-деп кезекті белсенділерге берді. Кейін естуімше, Ұқышты сабап, құдыққа салып, азаптап өлтіріпті деседі. Ал Ботатай, Мұқаш түрмеден кейін қайтпады. Кәбен мен Қайролла 1941 жылы соғысқа кетіп майдан даласында оққа ұшты.

1925 жыл аулымыз Әбілпейіз өзен өлкесінде отырған. Бір күні біздің үйге Шәкәрім қажы келіп қонды. Ертеңіне атақты Ағашаяқ, Абай ертекшісі Мамық Қазанбайұлы және мен, төртеуіміз Сұркезең деген жерде болатын сабан тойына келдік.

Семей қаласында оқыған «қаратаяқтар» ішінде Әміре Қашаубаев та осы тойға келіпті. Әміре жиналғандар «Ағашаяқ» әнін айт дегенде, Әміре әннің өз иесі отырғанда, менің айтқаным әбестік болар деген соң, Ағашаяқтың өзі шырқатып айтты да, той үстіне тағы басқа ойындар көрсетті. Бас бәйгенің сыйлығына бір атан түйе алды.

1930 жылы Ағашаяқ мені атқосшы қылып ертіп алды, со бетімізден біз Шыңғыстауға, аудан орталығы Қарауылға келдік. Мен-Ақаңның өгей баласымын.

Жыпырлаған ақ үйлер.Біз орналасқан үйге Шәкәрім де келді. Ағашаяққа оның:«Саған ойын көрсет»,-дейді, ал бұлардың мені неге шақырғанын білмеймін»,-деген сөзін естідім.

1949 жылы Шәкір Әбенов, Қабыш Кәрімқұлұлы үшеуіміз Шәкәрім шошаласын көріп, оның «Нартайлақ-Айсұлу» поэмасында аттары айтылған жерлерді аралап, Шәкәрім өлеңдерін оқып, көп әңгімелер шертістік. Әдетте Мұхтар Әуезов ауданға келісімен мені ертетін, салт атқа қажымайды. Бірде ол «Нартайлақ» поэмасын жатқа айтқызды да, «Біреу-міреу сұраса, бұл поэманы ақынның ұлы Қабыш жазған деп айт»,-деген еді. Қабыш Шәкәрімнің денесі қойылған жерді: «Мен, әсіресе, Ғылымбай екеуіміз білсек керек еді»-деп іздеп, сұрау салса да, таба алмады. «Бақанасқа әкелген жоқ, өлігін жасырын бір жерге әкеткен болар»,-дегенді айтты Қабыш.

1958 жылдары мен Бибі Омарқызымен (Ғылымбайдың әйелі) кез келіп, одан Шәкәрім туралы сұрағанымызда, ол былай деп еді: «Ғылымбай Тобыжанұлы мен Шәкәрім бір-бірімен сенімді адамдар болды. Күйеуім 1942 жылы соғыстан қайтпады. Бес баламен ауыр халдегі мен Мұқыр аулында сиыр сауып жүрдім. 1943 жылы Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхаметханов, Қабыш Кәрімқұлов біздің үйге келіп, көңіл айтты да, Шәкәрім әндерінайтқызып, қолтаңбаларын сұрады. Көп қағазды жастық ішіне буып тігіп қойған едім. Әкеп бердім. Өзім де тінту жүре ме деп қауіптенуші едім. Мұқаң екіге бөліп, бір бумасын алып: Мынаны маған бер«,-деп екінші буманы өзіме беріп, «Мынадан айырылып қалма, керек болады»,-деді. Кетерінде қол сағатын ескерткіш ретінде ұсынып, «Кейін шай-шақпыт та беріп жіберемін»-деді.

Бибі кейін қайтыс болды. Балалары Мансу, мақту, Масқау қазір өмірде бар. Мүмкін осылардың қолында, біззге беймәлім Шәкәрім әндері, өлеңдері бар болар… Бибі «Қолымызда жиырма шамалы әні бар» дегенді айтып еді.

Шәкәрімнің ән-өлең шығарудан басқа да өнерлері баршылық. Қатпа Қорамжанов, Мұхтар Бәшеев, Қабыш Кәрімқұлұлдары Шәкәрімнің сиқырлық өнерін де көзбен көрдік деуші еді. Соның сол сиқырлықтардың үш-төрт көрінісі әлі есімде және ел ішінде көп айтылады.

Құнанбай бастап, Абай мен Шәкәрім қостап, ескі киім, айылтұрман сәнін ықшамдап, зергерлік пен ісмерлік үлгі көрсеткен еді. Шәкәрім киімдерін өзі пішіп, өзі тігіп, елге өнеге көрсеткен. Мысалы, киімдерді «Шыңғыс елінің үлгісі», ер-тұрманды «Айбике ер-тоқым үлгісі» дей отырып, осындай шебер үлгілерді жастарға үйретіп, елге кеңінен таратқан.

Құнанбай артқа үлгі қалдырыпты,

Мұрты өскеннің сақалын алдырыпты.

Киер киім, ер-тұрман ықшам жасап,

Мол пішкен ескі үлгіні қалдырыпты… -деген «Абай болыс болғанда» атты Байкөкше өлеңі сөзімізді дәлелдейді. Демек, Шәкәрім елге танымал көлөнер шебері болған.

Мен көрген Шәкәрім осындай болған. Ерекше танымал болған қажыны ел Ырғызбай ұрпағы деп қана емес, дала данышпаны, асқақ дарынды ақын, ұлағатты ғалым деп таныды.

Және оқындай естеліктердің бірі Соғыс, еңбек ардагері Қ.Есенғариннің айтуы бойынша жазып алған едім.

 Ақын жатқан тас құдық

  1946 жылы тамыз айында мен әскер қатарынанбосап, облыстан жолдама алып, Абай аудандық денсаулық бөліміне меңгеруші болып қабылдандым. Сол жылы күзде аудандық Совет атқару комитеті (председателі-Мыңжасаров) мені Бақанас ауыл Советі Рамазан колхозына уәкіл етіп жіберді. Бұрын Бақанас жерін білмегендіктен сол ауыл Советтің почта тасушысы Соқыр деген шын аты Еркінбай-Жігітек адаммен ілесіп жүруіме тура келді. Аудан мен Бақанас арасы 80 шақырымдай жер, жазда салт атпен бір күншілік болғанмен, қыста ара қонып барады екен. Менің жол серігім Соқыр өте сөзуар адам боп шықты. Ол ауданнан шығысымен менің аты-жөнімді, қайда істейтіндігімді, ата тегімді, армияда не боп істегеніме дейін әбден тексеріп сұрап алды, одан кейін өзін таныстыра бастады. Ол мені жұрт «соқыр» деп айтады, шындығына келсек, солардың өздері соқыр. Менің көрген-білгендерімді олар ешқашан да көріп-білген емес, деп әңгімесін бір түйіп қойды. Ең ақырында өзі қалай Соқыр атанғанына тоқтап, біздің қазақта екі атпен жүрмейтіндер кемде-кем. Бірге туған ағасын «Қатпа, оны Соқыр деп атаса да, олардың аты Беркімбай, Еркінбай екенін жасырмады».

Соқыр болса бір әңгімеден соң біріне көше береді. Тосыннан әңгіме ат жөніне ауысты. 1931 жылы Шыңғыстау ауданында болған көтеріліс кезінде бандалардың қолынан қаза тапқан Шалабаев Олжабайдың торы жорға атын көргенін, оның жорғасына шапқан аттың жете алмайтындығын, ондай жануарлар дүниеге енді келмейтіндігін айтып өкініш білдірді. Дәл осы тұста Соқырға тосын бір сұрақ қойдым. Шәкәрім атылғанда Шәкәрімнің астында Олжабайдың торы жорға ата болды деген не сөз-деп. Соқыр менің бұл сөзіме қатты абыржыды, тегі мен НКВД-ның бірі деп ойлады ма екен, әйтеуір бетәлпеті өзгеріп, маған сенімсіздеу қарады. Мен оның күдігін сейілту үшін «сізге бағана айттым ғой, менің ағам Дүйсенбайдан осындай бір шала-шарпы әңгіме естіген сияқты болған соң сұрадым» деп тосын қойған сұрағымды жуып-шайған болдым. Соқыр ауданнан шыққан кезде-ақ менің туыстарымның кімдер екенін сұрап, біліп алған болатын. Ол менің ағам Дүйсенбайды жақсы білетін кісі боп шықты. Соғыс жылдары Бақанас ауылында бір колхоздың бастығы боп істепті. Соқыр сол кездерде менің ағаммен танысыпты. Енді өзімнің НКВД адамдарына қатысым жоқ екеніне оның күмәнін сейілту үшін осының өзі оған жетерлік деп ойладым. Ақыры соқыр бұрынғысындай емес, сөз төркінін әріден бастады.

1931 жылы біздің Шыңғыс болысымен көршілес Шұбартау ауданында ашыққан халық әр жерден бас көтеріп жатты. Шыңғыс болысындағы көтерілісті Әзімбайдың Бердеші, ағайынды Сәдуақас пен Қасымбек, Шұбартауда Таңшолпан, Жұмаш дегендер басқарды. Олар Бақанасқа жиі келіп «бізге еріңдер» деп үгіт жүргізді. Осы кезде Шәкәрім ауылға келіп аналардың үгітіне ермеңдер, олар сендерді босқа қырады, үкімет деген-ұлы орыс халқы деген сөз, оны ешкім де, ешқашанда жеңбейді деп қатты тапсырды. Біздің Бақанасқа сол Шәкәрімнің айтуымен бірде-бір адам Бердешке ермеді. Ал, ауданға бердендер қарсы шапқанда:біздің басты адамдар Шәкәрімді паналап, Шәкәрімнің шақпақтағы қорасында қалып қойды. Шәкәрімнің сол көтеріліске қатысты деулері мүлде жалған. Шәкәрімді атушылар халықтан, үкіметтен қорыққандықтан, өздері шығарып жүр дейді, жаны күйген соқыр. Бұл жалғыз Соқыр емес, әрбір аты таза абайлықтардың айтатын сөзі. Соқыр сол кездері елуді еңсерген азамат екен. Сондықтан оны ақсақал дедім. Ол менің ақсақал дегеніме таңқалып, бетіме қарады. Тегі өмірінде оны ешкім елеп-ескермеген де болар? Үстінде бір бүтін киімі жоқ, аяғындағы етігі, басындағы тымағы әбден тозған.

-Ақсақал, Шәкәрімді кім айтты? Ұлы адамның денесін құдыққа тастап жүген кімдер?-дедім.

-Қарағым, шын құдайшылығым, Шәкәрімді біреу Қарасартов, біреу Халитов деген татар атты дейді, шындығын білмедім.

Ал, Шәкәрімнің денесін құдыққа апарып көмген менімен,-деді Соқыр. Мен не айтарымды білмей тілім күрмеліп қалды.

Соқырдың айтқан сөзіне менің сенбегендігімді аңғарды. Ол аса бір мұңлы үнмен ол былай болды деп бастады:

-1931 жылы 2 қазан күні түс кезінде сырттан қатты айғай шықты. Қатаған екеуміз жүгіре далаға шықсақ, есік алдында Айтмырза милиция астындағы қара атының буы бұрқырап тұр, жанындағы милиция да аты қаратерге түскен. «Шәкәрімнің сүйегін әкелетінн көлік беріңдер»,-деп зікілдеп тұр. Сонда Қатаған: «О, жолың болмасын, Айтмырза, сенің солай ететініңді біліп едім»,-деп жылап отыра қалды. Сонда Айтмырза «Атқан мен емес, қырып алсаң атқан Халитов, атқызған Қарасартов, атқандардың ішінде өздерің де барсыңдар, сөзді қой да көлік тап», -деп ақырды.

Ол кезде Бақанаста жалғыз Ғылымбайдың бас білгі ақ бас атаны болатын, соған мені мінгізіп, Айтмырзалар алдарына салып, қуып әкетті. Сол бетте мені Шәкәрімнің өлігінің қасына апарып тоқтатты. Шәкәрім жатқан жерден жоғарырақ он шақты адам төбенің үстінде отыр, қолдарында бес атар мылтық, үлкен бір іс тындырғандай даурығып, күлісіп сөйлеседі. Түйені шөгеріп, Шәкәрімнің қасына келсем биік аршынды денесі шалқасынан жатыр. Басының астына елтірі тымағын жастапты. Екі көзі ашық, маған қарап, баянсыз дүние деген осы, мен енді халқыма жоқпын деп жатқан сияқты болып көрінеді. Көзіме жас толды, бірақ жыламадым. Жылауға жанымда тұрған жаналғыштардан қорықтым, олардың мені де ата салулары мүмкін ғой. Кенет әлде біреу «қызықтап болсаң түйеңе мін» деп, 3-4 милиция Шәкәрімді Қарақойтастың Керегетас деген жерінде сайдың ішінде атыпты. Тіршілік болса, апарып көрсетемін,-деді Соқыр –әңгіме соңында.

Қарақойтас Бақанасқа жақын көрінеді, шамасы 15-20 км. жер. Мен жол бойында,-дейді Соқыр, қарт Шәкәрімнің қай жеріне оқ тигенін қараумен болдым. Бір ақ оң қолының білегінен тиіп, жілігін сындырған да, бір ақ сол жақ жүректен тиіп, шапанының алақандай жерін жалбыратып жұлып әкетіпті, тегі екі рет атқан болу керек,-деді ол.

Қас қария Шәкәрімнің сүйегін бақанасқа әкелдік, ауыл түгел жиналды, милициялар да бізбен бірге келді. Қатаған өзі бастап Шәкәрімнің денесін Ғылымбайдың шошаласына қойғызды. Шәкәрімнің беліндегі қымбат тастар мен безендірілген күміс белдігін, күміс сағаты, Шәкәрімнің туысы Әзімбайдың Қыдырына табыс етті. Кешке ауыл адамдарының бәрін кезек-кезек жауапқа шақырды. Сол күні Шәкәріммен бірге болған Топжанов Ығылымбайды және оның туысы Идейатты сол түнде қамауға алды. Ауыл адамдарынан жауап алғандар Халитов пен Оспановтар болды. Қарасартов сол күні Бақанасқа соқпапты.

Мен сол Шәкәрімді атқанда қатысқан милициялардан кімдерді танисыз?-дененімде Соқыр мыналарды айтады: Халитов деген татар, Оспанов Зейнел, өзіміздің Баймаштың баласы Мәуітқан, (Баймашев) қазір Сарықорық колхозындағы зоотехник Смағұлов Өміртай, кейін Қарадыр ауыл Советі болған Дүйсетай (фамилиясын ұмытып қалыппын) дейді  соқыр, оған мен көмекке келіп, Макин емес пе десем, дәл соның өзі,-дейді ол. Ал,Әбдірайым ше? Жоқ, шыны керек, -ол болған жоқ,-дейді Соқыр. Ал, енді Шәкәрімді құдыққа тастағаныңызды айтыңызшы деймін Соқырға. Иә, өзім де соны айтайын деп келе жатыр едім, -дейді Соқыр.

-Сол кеште НКВД адамдары бізді түгел жинап, түн ішінде кімде-кім далаға шығатын болса, атылады,-деп ескертті. Сонымен үйге келіп жатып қалдым, далаға шығуға қорқамын, ұйқы тағы жоқ, сөйтіп ары-сәріде жатқанымда, Қатаған есіктен ақырып ғана «Соқыр, тез шық»,-деді. Зәрем ұшып кетті, тегін шақырмағандығы белгілі болып тұр. Есік алдына шықсам, кеште қамауға алынған Ығылымбай мен Идаят Қатағанның жанында тұр.

Соқыр-деді Қатаған, мыналармен ептеп барып Шәкәрімді алып шығып, сүйегін жазда ауылда отырған өзеннің (Бақанас) арғы бетіндегі тас құдыққа жасырыңдар, НКВД кеткен соң, бірдеме етіп жерлерміз, деді. Біз сол түнде Қатағанның бұйрығын орындап, ауылдан бір шақырымдай жердегі құдыққа Шәкәрімнің денесін жасырдық. Ол кезде Бақанаста 15-20 үйдің сабағы болады, басты адамдарыШыңғыс, Қыдыр, Құсайын, Кәрімқұл және Қатпа Қорамжановтар еді. Келесі күні яғни, 3 қазан күні ауылда нағыз дүрбелең болды. Таңертең милициялар орнынан тұрғанда Ығылымбай, Идейат және Шәкәрімнің денесі жоқ болып шықты. Бізді, Қатаған бастатқан адамдарды балағаттап, кейбіреулерге дүре соқты. Ақыры әлгі татар менің үсті-басымдағы қанды көріп ұра бастады. Егер Айтмырза болмаса, мені ол ит ататын еді. Әйтеуір Айтмырза тоқтатып, мұның үсті-басының қаны кеше Шәкәрімді осы өңгеріп әкелді, деген соң барып тоқтағаны ғой. Сол күні Қатағанды тұтқындап, ауданға алып кетті. Сонымен Шәкәрімнің сүйегі қайта алынбай, сол құықта әлі жатыр,-деп Соқыр қарт әңгімесін тауысқан еді. Бұл 1946 жылдың қзаны болатын. Кеш бата Бақанас селесына да жеттік, ертеңінде колхоздың сол кездегі бухгалтері Сыдық Бұтабаев (қазір де бар) Соқырды ертіп Шәкәрімнің басына бардым. Соқыр ақсақал білген дұғасын оқыды. Шәкәрімге сол күннен бастап өзімді қарыздар санадым, бірақ әлі күнге бітірген еш нәрсем жоқ.

Тілсіз табиғаттың ашып айтары жоқ болғанымен, айғағы мол. Ғасырлар бойы тілсіз жатқан Шыңғыс теңіздері тебіреніп, жыл қойнауларынан сыр шертеді. Сол құтты босағадан өмірге деп жолдама алған Абай, Мұхтар әлем көгіне көтерілді. Қасиетті қарт Шыңғыс, жылдар бойы бауырына бүгіп келген тағы бір перзентін дүние жарығына шығарды. Шәкәрім сынды адамның асыл денесін жаудан да, жаттан да, ит құсқа да жем қылмай бауырына басып, табиғат-ананың мейірімін танытқан Бақанас бойындағы тас құдық үлкен ескерткіштің орны болуға тиіс?.. Келер ұрпақтар ұлы адамның жатқан жеріне бас иетін болсын!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button