Үкаша ата мазары мен құдығы ІХ-Х ғғ
Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылдық округының солтүстігінде орналасқан. Үкаш сахаба біздің даламызға ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. «Үкаш ата» туралы халық арасында аңыз-әфсаналар аз емес. Есімін Укаша ата деп те атайды. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) сақабасы, соңғы пайғамбар әулетінен шыққан, мұсылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша, Үкаш ата шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін, қасиет дарыған, алып денелі батыр болған. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады. Үкаш атаның пайғамбарымыздың сахабасы болумен қатар шығу тегіне байланысты құнды мәлімет бар. Оның шығу тегі түркі екендігін көрсетеді.
Тарихшы Мұхтар Қожа Үкаш ата туралы мынандай деректер айтады: «Үкаш атаны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап, оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаш ата тек таң намазын оқыған кезде қоғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер атаның таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып, Үкаш ата басы оған түсіп жерасты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаш атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді» – дейді.