Редакция таңдауы Мақала

Ұлттық идеологияның негізі - руханият

Ұлттық дамудың негізгі өзегі адамды саналы тәрбиелеуде жатыр.

Ұлттық  мүддені ұлықтайтын  ұлттық идеологияның негізі – рухани іргетасымыз – атамекенімізді, ана тілімізді, төл мəдениетіміз бен салт дəстүрлерімізді әспеттеп, болашақ  ұрпаққа, бүкіл əлемге насихаттау, заман талабына сай іскерліктің озық тәжірибесі мен жаңашыл жолын үйрету, көкірегі нұрлы, санасы сәулелі жас ұрпаққа сапалы білім арқылы серпін беру, ұлтжандылықты дамыту үшін саналы тәрбиеге екпін беру – күн тәртібінен түспейтін қағида екені шүбәсіз.

Ұлттық жаңғырудың басты факторы – ұлттық құндылықты, ұлттық рухты, бойымыздағы қадір-қасиетті заман талабына сай үндестіре отырып дамыту керек. Ұлттық дамудың негізгі өзегі адамды  саналы тәрбиелеуде жатыр. Ой-сананың  жаңғыруын жүзеге асырудың күрделі тетіктерінің бірі – білім беру жүйесінде. Сондықтан, ұлттық жаңғыру туралы бағдарламаны білім беру жүйесіндегі негізгі бағыттардың біріне айналдыру қажет деп ойлаймыз.

Ұлттық идеологияны нығарлау – ұлттық тәрбиені күшейту арқылы келеді. Себебі, ұлттық тәрбие мақсаты – сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Ал міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу. Тәрбиенің басты нысаны – елдік ой-сананы нығарлап, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу деп білеміз. Сондықтан, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру процесі – Тәуелсіздігіне 30 жыл болған мемлекеттің біртұтас ұлт болу идеясын нақтылай түседі.

Ұлы Дала өркениетінің болмысы мен келбетін, философиясы мен мәдениетін қоршаған әлемге толыққанды таныстыруға  жете  қойған жоқпыз. Өткен ғасыр зобалаңының әсері аз емес, қасіреті көп, зұлматқа толы оқиғалы жүз жылдық болғанын білеміз. Өркениет  төріне бастайтын  өміршең өзегі жоқ Кеңес заманының, бір тарының қауызына тыққан, қазақ халқының діліне жат идеологиясы болды. Біздің ұлттық құндылықтарымыз жаншылғаны соншалық, ұлттық мүддеміздің бүлкілдеп соғар тамырына балта шабылғанын тарих беттері айқындап отыр.

Сан ғасыр бабалар армандаған ел тәуелсіздігіне қол жеткен шақта, бесігімізді түзеп, ел тарихына зор мән беріле бастады. Осыған байланысты Қазақ халқының ұлы перзенті, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың “Ел тарихын есіңнен шығарма” деген нақыл сөздері осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуде өткен тарихқа аса көңіл бөлу керек екендігін көрсетеді және туған жерге деген ыстық ықыласыңды арттыра түседі. Бақыр қазан қайнаса, бәріміздің бағымыз, туған жердің әр тасы – біздің алтын тағымыз. Себебі, ұлтарақтай болса да, ата-қоныс жер қымбат,  ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат.  Шынайы патриотты сезім кіндік қаның тамған туған жеріңе деген ыстық сүйіспеншіліктен арқау алып, негізі қаланады. Ол  жалпыұлттық патриотизмге ұласып, туған жерге деген сүйіспеншілік, қазақстандық патриотизм сезіміне әкеледі. Мұның бәрін терең оқып түсіну, орындау, іске асыру, насихаттау – әрбір Отаның сүйетін азаматтың міндеті. Әсіресе, келешегіміз − оқушылар мен студент жастар үшін маңызды. Оның үстіне, қазіргі студенттер – жақсы білім алған, бірнеше тіл білетін, өз дәстүрімен қатар заманауи өмір салтын ұстанатын жаңа қазақтар буыны. Сондықтан да өткенімізді өшірмей, ұлыларымызды ұлықтайтын ұлт қана өркендейтінін естен шығармай, жас ұрпақты өзінің ұлттық рухын көрсететін ертедегі тарихын, ел тізгінін ұстаған ақылман абыздарымыз, білгір билеріміз бен данагөй жырауларымыз, батыр бабаларымыз туралы туындыларды көрсете отырып, тәрбиелесек деген ниет. Әрине, жалпыұлттық қасиетті орындар, киелі жерлерді заманауи қалыпқа келтіріп, руханият орталықтарына айналдыру да айтпаса да қажетті іс екені белгілі. Туған жерін түлетіп, бабалар мұрасын насихаттап жүрген ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық Қ.Сәтбаев қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы мырзаның атқарған жұмыстары жөнінде жазып алған едім.

Соңғы 15 жылда жасалған жұмыстарға тоқталып өтпекпін. Сондықтан нақты іспен нәтижесі белгілі, соңғы 5 жылда басшылық жасаған немесе ұлттық мүдде аясында идеясын көтеріп, Қазақ Елінің Ертіс-Баян өңірінде іске асқан шаралар мен ұлттық рухты жандандыратын жаңадан пайда болған нысандар туралы жеке-жеке 10 бағыт бойынша тоқталып өтпекпін.

  1. Кесене және тарихи нысандар.

Тарих дөңгелегін қалың тобыр емес, жекелеген дара тұлғалар алға жылжытатыны белгілі. Ықылым замандардан бастау алатын құтты тарихымыз таутұлғалар арқылы өрілген. Осындай уақытынан озып туған тұлғалардың салған сара жолдары мен баға жетпес өлшеусіз еңбектерін жаңғырту мақсаты алдымызда тұрған болатын. “Ұл туып ұлы жолда қызмет істесе, онан зор ұлтқа деген ырыс бар ма?!” – деген ұлтымыздың ұстазы, рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының сөздері осындай бабаларымызға арналған ба дерсің!

2017 жылдың 28 қыркүйек күні XVIII ғасырда өмір сүрген саяси қайраткер Сұлтанбет сұлтанның үй-жайы Павлодар қаласында қалпына келтірілді. Үш ғимараттан тұратын нысан ағаштан салынып, бүгінгі таңда үлкен тарихи кешен болып, ғылыми-танымдық орталыққа айналды. Сұлтанбет сұлтанның қалыпқа келтірілген үй-жайы жалпыұлттық  маңызы бар республикалық қасиетті нысандар қатарына қабылданды.

Сұлтанбет сұлтан XIX ғасырда өмір сүрген қолбасшы, мәмлегер. Ертістің оң жағасындағы халықтың отырықшылануына, шұрайлы жайылымдардың Ресей империясы құрамына өтіп кетпеуіне зор ықпалын тигізген тұлға. Әйгілі Абылай ханның немере ағасы. Шекара мәселесіндегі көптеген түйткілді дауларды қазақ хандығының мүддесіне тиімді шеше білген мәмлегерлігімен аты тарихта мәлім. Кешенді зерттеулер нәтижесінде Сұлтанбет сұлтан жайлы 200-ден астам құжат жиналды. Сұлтанбет сұлтан тарихи орнын қалыпқа келтіру – ел бағасын оңынан алған үлкен жоба болды. Ел ағалары, ақсақалдар, жан-жақтан келетін ресми қонақтар ғана емес, дүйім жұрт, жастар баратын орынға айналды.

Келесі ауқымды шара – 2018 жылы 15 қыркүйекте белгілі мемлекет қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклортанушы, өлкетанушы, ұзақ жылдар Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Мұса Шорманұлының 200-жылдық мерейтойы республикалық деңгейде тойланып, “Аққелін тарихи-мемориалдық кешені” аясында  кесенесі бой көтерді. Жалпы 500 шаршы метрді құрайтын аумақта 26 адамның, яғни Мұса мырза әулетінің, оның ішінде белгілі ақын, баласы Сәдуақас Шормановтың да басы көтерілді.

Ақтау қаласынан жеткізілген ұлутастан салынған кесененің  биіктігі 9 метр. Бұл кешен бүгінде республикалық маңызы бар қасиетті нысандардың қатарына кірді. Жалпы, Қазақстан бойынша 205 нысанның 7-еуі Павлодар облысынан. Соның екеуі – осы Сұлтанбет сұлтан мен “Аққелін тарихи-мемориалдық кешені” болғаны өте орынды деп есептейміз.

Атақты Шорман бидің баласы Мұса мырза – алғашқы қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың туған нағашысы. Кейіннен жиенінің басына мәрмәр тастан белгі қойдыртуда басшылық жасаған.  Мұса Шорманұлының тынымсыз еңбегінің арқасында алғашқы оқу орындары ашылып, білімді жаңа буын қалыптасты, тіпті “баянауылдық ерекшелікті” танытатын ғылым қайраткерлерінің тұтас шоқжұлдызы пайда болуының алғашқы іргетасын қалады. Қазақ елінің болашағын ағартушылықпен байланыстырып, бүкіл өмірін халқына адал қызмет етуге арнады. Көптеген басылымдарда Мұса Шорманұлын Петербургте, әсіресе Географиялық және Антропологиялық қоғамдарда жақсы білетіндігі және осы қоғамдарға қазақтардың өмірі туралы сирек кездесетін этнографиялық экспонаттарды жібергені туралы жазылады. 1881 жылы Бүкілресейлік өнеркәсіптік  көрмеге де қазақ халқының қолданбалы өнерінің 32 затын жіберткен. 1865-1868 жылдары асыл тұқымды жылқыларды Мәскеуге және Бүкіләлемдік Париж көрмесіне жіберіп отырған. 1876 жылы Петербургтегі шығыстанушылардың үшінші конгресіне қатысқан. Ұлы даланың атақты биі, Бөгенбай батырдың ұрпағы Саққұлақ би Мұса мырзаны “Орта жүздің шамшырағы” деп атаған. Бүкіл қазақ еліне мәлім әулие Мәшһүр Жүсіпке “Мәшһүр” есімін бала кезінде берген Мұса Шорманұлы екенін екінің бірі біле бермейді. Баянауылдағы Мұса мырза атындағы басты мешіттің іргетасын сол заманда өз қаражатына тұрғызған.

Мұса мырзаның баласы Сәдуақас Шорманов 1903 жылы ашқан Павлодар уездіндегі ең алғашқы орыс-қазақ «Ақкелін» мектебінен 7 жасында  Қаныш Сәтбаев орыс тілінен сауатын ашқан.         Замандары әр ғасырда болғанмен, Сұлтанбет сұлтан ерке Ертістің оң жағалауындағы  жерлер үшін күресіп, халықты жаңа бетбұрысқа әкелген болса, Мұса Шорманұлы Ертістің сол жағалауындағы қасиетті кең өлке Баянауыл өңіріне білім мен ғылымның шырағын жақты. Осылайша кеңестік дәуірде аты аталмай келген тарихи тұлғалардың есімі Тәуелсіздіктің арқасында елі мен халқына қайта оралып, жас ұрпаққа дәріптелуі рухты көтерер істер болғандығын бүгінгі күндер көрсетіп отыр.

Осы жерде әулие Мәшһүр Жүсіптің мынадай көрегендік сөздері еске түседі: «Тайдың жорғасы түйе болады, жігіттің жорғасы еліне ие болады» – деген мақал бар. Өз көзім көргенде, өз тұсында Шорман баласы Мұсадан жорға озған жоқ. Осы күнгі жастарда Қаныш Сәтбаев – адамның жорғасы. Тірі болса, тірі жүрсе, бақты, талайлы болатұғын жігіт. Өлі Мұсаға Құдай рахмет қылсын, тірі Қаныштың өміріне Құдай береке берсін!… (М.Ж.Көпейұлы шығармалары, 13т., 23-24 беттер).

2.Ескерткіштер.

Академик Қаныш Сәтбаев ескерткішінің Елорда да бой көтеруінің өз тарихы бар. Осыдан үш жыл бұрын 2018 жылдың басында сол кездегі облыс басшысының өткізген кеңесінде  Павлодар қаласында дана да дара ақын Абай және хас талант иесі, әнші Естай мен Елорда төрінде академик, Қазақтың Қанышына ескерткіштер қойылуы туралы бастама көтерілген болатын. Осы ескерткіштердің конкурстық комиссиясында төрағалық етіп, басқаруды қосымша атқардым. Кейіннен облысқа жаңа әкім келгенде, алдыменен осы ескерткіштер мәселесін шешуді алқалы кеңесте сұрағанымда, зиялы қауым болып, қолдау тапқанымызға және қаражат мәселесін шешетініне, ең бастысы соңына дейін жеткізіп, алып та зәулім ескерткіштер екі қаланың көркін кіргізіп тұрғанына қуана отырып,  бүгінгі күнгі облыс басшысына шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Павлодарда басталған ұлы академик ескерткішінің аяқталуына Елорда да “Халықаралық Қ. Сәтбаев қорының” қамқоршылар кеңесінің төрағалығын атқара отырып, материалды және моральды тұрғыда аянбай атсалыстық. Нәтижесі биылғы 3 шілдеде Елорда күніне орай Қаныш Сәтбаевтың еңселі  ескерткіші қаламыздың төрінде ашылып, тағы бір тамаша тарихи орын пайда болды.

  1. Музейлер.

Кеңес заманы төл тарихымызды айтқызбай,  бейхабар қылуға тырысты. Төл тарихтың негізін құрайтын, уақыт көшінің алға жылжуына елеулі үлестерін қосқан, қазақ ұлтының қайраткер тұлғалары мен олардың өнегелі өмір жолдары. Сондықтан да “Ақкелін тарихи-мемориалдық кешенінің”  ашық аспан астындағы және “Туған жердің тарихи тұлғалары” атты музейлерін туған топырағымызда ашып, тұсаукесерін өткіздік.  2018 жылдың қазан айында  толығымен аяқтап, бұл музейлер рухани игілікке айналды. Сонымен қатар Баянауылдағы Торайғыр көлі мен Кемпіртас жартасы маңында аспан астындағы археологиялық музейлер ашу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Баянауыл көнелері» атты туристік апробация өткіздік. Нәтижесінде аталған жерлердің болашақтағы туристік мүмкіндіктері айқындалды.

  1. Мемориалды тақталар мен белгітастар.

Ұлт мақтаныштары Жүсіпбек  Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалар шәкірті болған, Ұлт ұстазы, Алаш қайраткері, репрессия құрбаны Әбікей Сәтбаевқа 2019 жылы 24 шілде де Павлодар, ал биылғы 7 шілде де Семей қалаларында мемориалды тақталары ашылып, 140 жылдығы тойланды. Сонымен қатар 9 шілдеде мәдениет және әдебиет жанашыры, ақын, ұстаз Жүрсін Бәтеновке мемориалды тақтасы Екібастұз қаласының “Атамұра” орталығының ғимаратында ашылды.

Жуыр арада ұлағатты ұстаз, бүкіл Қазақ Еліне белгілі ғалым, атақты профессор Бейсенбай Кенжебаев және өлкетанушы, шежіреші, ұстаз Тілеукен Еңсебаевқа мемориалдық тақталардың ашылуы жоспарлануда.

Тарихи орындарға  белгітастар орнату жұмыстары “Өткендерін жек көру – өшкендіктің белгісі, өткендерін ескеру – өскендіктің белгісі”  деген ұлағатты сөздерді бағдар ретінде ала отырып орындалды. Жалпы саны 25 белгітастар – Баянауылдың қызылкүрең тастарына тарихи сөздерді қашап жаза отырып, сонымен қатар гранит тастарға да ойылып жазылған болатын. Мұнда Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Саққұлақ би, Біржан сал, Ақан сері, Жанқұтты шешен, Григорий Потанин, Николай Ядринцев, Александр Гейнс, Дмитрий Путинцев, Смағұл Сәдуақасов, Зында Шорманов, Жүрсін Бәтеновтардың – Мұса Шорманұлы, Шоқан Уәлиханов, Сәдуақас Шорманов, Қаныш Сәтбаевтарға және тарихи орындарға арналған ұлағатты сөздерімен белгітастар қойылды.

  1. Ғылыми-танымдық орталықтар, кабинеттер мен бұрыштар.

Академик Әлкей Марғұлан есімін беріп, «Margulan centre» археологиялық орталығын 2017 жылы аштық. Орталық оқушылар мен студенттер арасында қазақстандық патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті, тарихи сана мен мәдени және табиғи мұраны құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында құрылып, Ертіс-Баян өңірінің археологиялық мұраларын тыңғылықты зерттеуді бүгінгі күні жалғастырып жатыр.

Ал, 2019 жылы заманымыздың бетке ұстар мақтанышы, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменов атындағы орталық аштық. Бұл поэзия, жалпы руханият саласына атсалысқысы келетін жастарды тәрбиелейтін орта болып жатқандығы қуантады.

Танымал тұлғалар атындағы кабинеттер ашу ұлт педагогикасына еңбегі сіңген ұстаздар жайлы жасаған жоба болатын.  Социалистік Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз, Павлодар облысының тумасы Рафиқа Нұртазинаға алғаш рет университетте  арнайы кабинет ашылды. Университеттің даму жолында жарты ғасырға жуық еңбек сіңірген  профессорлар Ғабдыл-Уақап Қапенов, Қайырбай  Базарбеков, Виктор Кольевтер атындағы кабинеттер де есігін айқара ашты.

Қазақстанның мектеп түлектері мен бүкіл педагогтардың ұранына айналған «Ұстазым» әнінің мәтінін жазған, жерлесіміз, ақын Аманжол Шәмкеновке арналған арнайы бұрыш ашылды. Бұның бәрі ұрпақ тәрбиесін ұлттық негізде қалыптастыра отырып, заманауи әлемге қадам басу жолындағы ізгі іс-шаралар болды.

  1. Фильмдер.

Ертіс-Баян өңірінің 150 тарихи тұлғалары туралы қазақ және орыс тілдерінде 200 қысқаметражды  деректі тарихи-танымдық фильмдер сериясын облысымыздың 80-жылдық тойына деп арнап түсіруді  2017 жылы бастап, 2020 жылы аяқтадық. Фильмдерді түсіру жұмысының алғашқы кезеңі аяқталғанда, өңір зиялыларының қатысуымен, академик Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына орай өткен онкүндік аясында салтанатты түрде тұсаукесері өтті. Игі бастаманың келер ұрпақ үшін, мемлекеттің ұлттық идеологиясының қалыптасуында маңызы зор екендігін жиын барысында сөз алған зиялы қауым және ақпарат құралдарының өкілдері ерекше атап өтті.

Фильмдерден 150 тарихи тұлғаның, яғни Бұқар жырау, Малайсары, Олжабай, Жасыбай, Баян батырлар, Тайкелтір, Едіге, Шоң, Шорман, Торайғыр, Үкібай, Қазанғап билер, Сұлтанбет сұлтан, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Исабек ишан, Ғабдыл-Уахит пен Ақбалық хазіреттер, Жаяу Мұса, Иманжүсіп Құтпанұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жұмат Шанин, Қошке Кемеңгеров, Естай Беркімбайұлы, Иса Байзақов, Майра Шамсутдинова, Сәбит Дөнентаев, Әбікей Сәтбаев, Ахметолла Барлыбаев, Асылбек Сейітов, Григорий Потанин, Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан, Әбікен Бектұров, Ермұхан Бекмаханов, Шәкен Айманов, Мұзафар Әлімбаев, Рафиқа Нұртазина, Кемел Ақышев және өзге де ұлт тарихында өшпес ізі бар мемлекет қайраткерлері, генералдар, ағартушылар, алаш қайраткерлері, өлкетанушылар, әдебиет пен өнер майталмандары, ғылым шырағын жаққан тұлғалардың өмірі мен еңбегі жайлы толыққанды тамашалауға болады. Бұл фильмдер «Өлкетану-Краеведение» оқулықтарына қосымша ретінде бекітіліп, мектеп бағдарламасына енгізілді.

Мұндағы негізгі идея – ұлтқа ұран, елге тұтқа болған ұлыларымызды ұлықтайтын ұлт ретінде, білгір жерлес бабаларымыз бен аға-апайларымыз туралы туындыларды көрсете отырып, жас ұрпақты тәрбиелеу. Бұл – сөз жоқ, қастерлі тәуелсіздік пен тұтастықты, елдік пен мемлекеттікті нығайтуға септеседі. Бұл фильмдер әлеуметтік желілер мен сайттарда, жалпы БАҚ – ақпараттық құралдарда кеңінен насихатталды және көрсетіліп те жатыр.

  1. Руханият тақырыбындағы ғылыми конференциялар мен тұсаукесерлер.

2018 жылы 3 тамызда Павлодар облысының “Ұлы Дала” этнофестивалі аясында ұлы тұлғалар Бұқар жыраудың – 350 жыл, Мұса Шорманұлының – 200 жыл, Мәшһүр Жүсіптің – 160 жыл, Естай Беркімбайұлының – 150 жыл, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың – 125  жылдықтарына арналған “Ұлы Дала мұрасы: тарих, тұлға, тағылым”  атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл облыс тарихында бұрын болмаған, бірден бес тарихи тұлғалардың мерейтойларына арналған өте ауқымды шара болды. Басты тақырыбы – руханият саласындағы тұлғалардың шығармашылық мұрасы, мемлекеттік, ағартушылық және зерттеушілік рөлдері, тарихы мен тағылымы, мәдени мұрасы, егемен елдіктің рухы талқыланды.

Сол жылдың соңында халықаралық «Түрксой» ұйымының шақыруымен Қазақ Елінің бір топ зиялы қауымы, өнер тарландары, ақын, композитор Естай Беркімбаевтың 150 жылдығына орай Түркия мемлекетінде ән падишасының есімін әлемдік деңгейде ұлықтауға атсалыстық. Атақты композитордың мерейтойы Стамбул және Анкара қалаларында халықаралық деңгейде өтіп, әлем композиторлары қатарынан алатын орнын айқындау үшін өткен мәдени шара болды.

Келесі 2019 жылдың 19 сәуірінде ХХ ғасырдың аса көрнекті ғұлама-ғалымы, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, алғашқы академик Қаныш Сәтбаевтың 120-жылдығына орайластырылған, Қазақстан және Ресей ректорлар кеңесінің қатысуымен салтанатты кеш өтті. Ұлы Даланың данышпан перзентінің 120-жылдығы аясында жазушы Медеу Сәрсекенің “Қазақтың Қанышы. Феномен. The Phenomenon” деректі ғұмырнамасының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл екі шара халықаралық дәрежеде өткендіктен шетел ғалымдарымен қатар, Павлодар облысының кең сарайда жиналған зиялы қауымы – ғұлама Қаныштың қырық қырлы бедерлі энциклопедист ғалымдығынан басқа руханият саласында жасап кеткен ұшан-теңіз еңбектерімен тағы да бір тереңірек танысып, кеуделерінде жерлесіне деген мақтаныш сезім ұялатты.

Осы жылдың жаз айларында ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихи материалдарды зерттеу ақпараттық орталығының директоры, ЮНЕСКО «Ғылым және руханият» кафедрасының меңгерушісі Меруерт Әбусейітова, Лувен Католик университетінің профессоры (Бельгия) Анна Мари Вильмено, Киото Этнология ұлттық мұражайының доценті, PhD докторы (Жапония) Токо Фудзимото, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD доктор Жанымхан Ошан сияқты беделді ғалымдардың қатысуымен “Ұлы Дала тарихы мен мәдениеті” атты конференция өтті. Жапониядағы қазақтардың этнологиялық зерттеулері, Сарыарқаның қасиетті нысандары, Алтай – ежелгі түркілердің  алтын бесігі, Ертіс даласының көшпенділер ескерткіштері атты зерттеулер кеңінен қарастырылды.

  1. Кітаптар, оқулықтар мен естелік бұйымдар.

Көкейдегі жүзеге асқан жобалардың тағы бірі әйгілі ұстаз, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің бес томдық шығармалар жинағы жарыққа шығуы еді. Қазақ халқының кәсіби педагогтық мектебінің қайдан тамыр тартатынын болашақ ұрпақтың білуі тарихи таным тұрғысынан маңызды екендігі даусыз. Бұл кітаптар Елордадағы Ұлттық музей, Ұлттық кітапхана және т.б.  Қазақстандағы көптеген кітапханалар мен оқу орындарына тарту етілді.

Сондай-ақ, белгілі ғалым-өлкетанушы Тілеукен Еңсебаевтың жеті томдығы басылып шықты. Бұдан басқа ЖОО-ның танымал ардагер ұстаздары туралы «Өнегелі тұлғалар» атты бірнеше томдық сериясы жарық көрді. Жалпы саны 27 рухани дүниелерді насихаттайтын кітаптар жарық көрді.

2018 жылы авторлығым және басшылығыммен дайындалған 5, 6 және 7 сыныптарға арналған қазақ және орыс тілдерінде «Өлкетану-Краеведение» оқулықтарының тұсаукесері өңір тарихы мен руханияты үшін елеулі оқиға болды.  Өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі жерлер мен туристік орындар, ежелгі дәуірдегі өңір тарихы туралы деректер 5, 6, 7 сынып оқушыларының ойына сәйкестендіріліп жазылды. Қазақ-жоңғар қатынастары тұсындағы Ертіс-Баян өңірі, Ресей отаршылдығының өлкеге іштей енуі сияқты тақырыптар жаңаша қырынан ашылды. Одан соңғы кеңестік және Тәуелсіздік кезеңдегі тарих та оқулық парақтарына қатталған. Оқулықтан қазақ мәдениеті мен әдебиетінің музыкасында, ғылымында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалар туралы жекелеген мәліметтерді де бердік. Оқулық әр түрлі бағыттағы ғылыми, мәдени, ақпараттық, психологиялық сараптамалардан өткен. Бүгінгі күні облыстың қазақ және орыс тілді  мектептерінде оқытылып жатыр, яғни болашақ ұрпақтың ой-санасын ұлттық рухта тәрбиелеу мәселесі нақты түрде қолға алынып жатыр деп нық сеніммен айтуға болады.

2020 жылы әлемнің екінші ұстазы, данышпан Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойланатын болғандықтан, тарих беттерінде өз тұғырларын тауып, алтын әріппен есімдері зерленген Қазақ Елінің ұлағатты ұстаздары мен дана данышпандарына, бүгінгіге – үлгі, ертеңге – аманат  боларлық  тарихи тұлғаларға арналып,  университеттің бас ғимаратының үш қабатында портреттік галереялар ашылды. Оның үстіне көп жылғы институт ұжымының еңбегі ақталып, университет статусына иеленгенімізді ескеріп,         Ертіс-Баян өңірінен шыққан ардагер ұлағатты ұстаздардың портреттерін де университет ішіндегі қабырғаға  ілген болатынбыз. “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласына сәйкес жасалған арнайы стендтар университет ішін тіпті нұрландыра түсті.

Тарихи тұлғаларды дәріптеу ісі көптеген кітаптар мен портреттерден басқа, магнитті альбомдарда бейнелеу және мерейтойлық медальдар мен қысқаша анықтамалықтар шығару сияқты жұмыстармен жалғасын тапты.

  1. Экспедициялар мен туристік карталар.

2017-2018 жылдардың жаз айларында өлкетану жұмыстарын жандандыру және сәтімен жүргі­зу үшін, сол өлкенің тарихын, табиғатын, география­сын, археологиясын, экологиясын, демо­графиясын, ономастикасын, руханиятын түбегейлі зерттеуге жас ғалымдар мен студенттерді тарттық, әсіресе, “Серпін” бағдарламасымен оңтүстік облыстардан келген жастар жаңа өлкемен танысу үшін, жасақталған экспедицияларға қатысуға қуана атсалысты.

Бұл үрдіс 2019 жылы жалғасып, Ғылыми экспедиция жасақталып, құрамында ЮНЕСКО-ның Жапония, Бельгия және Алматы қалаларынан келген ғалымдары «Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркін» ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу жолындағы жұмыстары бойынша осы өлкенің ғажайып сырларымен, тұмса табиғатымен тереңінен зерттеу үшін арнайы топ құрып, Баянауыл ауданына сапар шектік. Туған жеріме жетекшілік еткен экспедиция бірнеше күн бойы Баянауыл жерін аралап, табиғатының құпияларымен танысты. Шара соңы Павлодар қаласында ғылыми конференцияға ұласты.

“Ел иесіз, жер киесіз болмайды” – демекші, қасиетті киелі жерлер карталарын дайындап, басып шығардық. “Павлодар облысының қасиетті нысандар картасы” қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды. Нәтижесінде Ертіс-Баян өңірінің тарихи-мәдени орындары ғылыми тұрғыда жүйеленіп, баға беріліп, кітап болып басылды. Сонымен қатар, Баянауыл ауданы бойынша нысандардың төлқұжаты жасалып, «Қасиетті Баянауыл» туристік маршруты жасалды. Бұдан басқа киелі жерлері топтасқан «Бұқар жырау – Мұса Шорман – Мәшһүр Жүсіп» маршрутын қамтитын үш қаладан (Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар) баратын жолдардың картасы жасалды. «Туған жер» және «Қасиетті жерлерді» танып білу тұрғысында, жалпы жастардың туған жердің қадірін жете танып, құндылықтарын сақтаудағы маңыздылығы жолындағы ерекше жобалар болды деп айта аламыз. 

  1. Елдімекен мен көшелерге есімдерді беру және БАҚ-та насихаттау.

«Тарихты білу – білімділіктің белгісі, әдебиетті білу – мәдениеттіліктің белгісі» – дейді данышпандар даналығы.     Ұлттық мәдениет пен тарих халықтың мыңдаған жылдар бойы жинаған тәжірибесі әрі қазынасы. Бұл жолдағы соны ізденістер мен ауқымды жобалар бір сәтке де тоқтамақ емес. Бүгінгі таңда ғылыми және публицистика саласында саны 555 болатын еңбектерімнің 30 пайызының осы руханият саласына қатысы бар. Атқарылған іс-шаралар облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында аз насихатталған жоқ, әсіресе, кейінгі кезде әлеуметтік желілерде де жазылып жүр. Әрине, республикалық деңгейде де толыққанды насихатталуы қажет деп ойлаймыз.

Ауыл аттарына және көшелерге тұлғалар есімдерін беру жұмысы бойынша 2018 жылы Баянауыл ауданының үш ауылына – Мұса Шорман, Мәшһүр Жүсіп және Қаныш Сәтбаевтың есімдері берілуіне атсалысқан болатынбыз.  Павлодар қаласында  13 көшенің аттары 2019 жылы ауысса, биыл тағы да 20 шақты көше аттары тарихи тұлғаларға берілмекші. Соның бірі Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті орналасқан көшенің аты Олжабай батырға берілмекші.

Солтүстіктегі қаланың бірі болғандықтан, көше аттарын ауыстыру мәселесіндегі туындайтын қиындықтарды шешуге әсері болсын деген ниетпен түсірілген орыс тіліндегі жоғарыда айтып өткен қысқаметражды фильмдер өз ролін атқарып жатыр деп айта аламыз. Қазақи ортаның толығынан қалыптаса қоймағандығының әсері осындай жағдайларда анық білініп қалады.

Бүгінгі күні қазақ халқы саны жағынан өсті, 80% пайызға бет алды. Соған сәйкес Еліміздің әр азаматы қайда барса да алдынан қазақ тіліне деген қажеттілік шығуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілін еліміздегі қарым-қатынас тіліне айналдырамыз.

Ұлттық код – ұлттық болмыс, ұлттық құндылықтар, жалпы алғанда ұлттық мүдде – ұлттық тілсіз ұлтсыздануға апарады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button