Ыстамбұлға деген махаббатымды туындыларым арқылы жеткіземін – киім дизайнері
Түркияның сән әлемінде алар орны ерекше. Қытай, Қырғызстаннан гөрі Түркияның киімдерін құп көріп тұратынымыз рас. Себебі сапасы да, дизайны да көңілге қонымды. Бірақ біз бүгін базарға емес, әлемдік брендтермен иық тірестіріп жүрген MEHTAP ELAIDI сән үйіне қадам бастық. Ал оның негізін қалаған Мехтап Элайди – сән әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар тұлға. Оның қолынан шыққан дүние әлемнің түкпір-түкпірінде сұранысқа ие. Дизайнердің айтуынша, өзі бұл іске 36 жасында бет бұрған. Ол кезде ақ жейде тігуден бастапты. Сол үшін де әлі күнге дейін әр коллекциясына міндетті түрде ақ жейдені қосады. 24 жылда есімін мықтылар санасатын брендке айналдырған Мехтап Элайдимен бүгінгі тренд, алыптарға жұтылып кетпеу және дизайнерге керек қасиеттер туралы әңгіме өрбіттік.
– 18 жылдан бері киімдеріміз шетелде сатылады. Негізінен киімдерімізге АҚШ, Еуропамен қатар Біріккен Араб Әмірліктерінде сұраныс жоғары. Бұдан бөлек дүкендеріміз Кувейт және Бахрейн, Катар, Мысыр секілді елдерде де бар. АҚШ-та жұмыс істеп жатқанымызға осымен төртінші маусым. Киімдеріміз мультибренд сатылатын сауда үйлерінде сатылымға қойылған.
– Сән апталығына да қатысқан боларсыздар...
– Әрине, он жылдан бері Ыстамбұлда өтетін Fashion Week Istanbul-дің тұрақты қатысушысымыз. Консалтингтік компания арқылы сән апталығына қолдау көрсетіп отырамыз. Өзім Түркия дизайнерлер қауымдастығының төрағасы қызметін атқарғанмын.
– Сіздердің басты ерекшеліктеріңіз неде?
– Ешкімге еліктеп, жалтақтамаймыз. Дизайнерлікке бет бұрған 24 жылда өз жолымызды салып алдық, сонымен ғана жүреміз. Ал киімдерге өз елімізде өндірілетін маталар ғана қолданылады. Арнайы тапсырыспен алдыратын кездер де болады, дегенмен көбіне жергілікті зауыттың өнімдерін пайдаланамыз. Өзіңе қандай мата керек екені, оның түсін, құрамы – бәрі алдын ала келісіледі. Өздеріңіз білетіндей, мақта өсіретін танымал аймақтардың бірі – Бурса. Ол Ыстамбұлдан 180 шақырым жерде орналасқан. Сол жақтағы зауыттарға дизайн бойынша тапсырыс беріледі.
– Байқауымша, дизайнда белгілі бір тақырыптарға бас мән берілетін секілді...
– Дәл солай. Киімдеріміз тақырыптық дизайн бойынша тігіледі. Түрлі-түсті түстер қолданылады. Бастапқыда бәрі ақ жейдеден басталған. Сондықтан әр коллекциямда міндетті түрде ақ түсті жейде бар. Әр киім әрі ерекше, әрі қарапайым, себебі үстіңе киілетін дүниенің қолайлы болғаны өте маңызды. Сондықтан дизайнда классика қатар жүреді. Ыңғайлылыққа баса мән беремін, сол үшін киімдеріміздің құрамы таза мақтадан тұрады. Ұсынатын өнімімізде классика мен нәзіктік өзара үйлесім тапқанын қалаймын. Сол үшін де кейбір жейделердің жеңіне гипюр қолданамыз.
– Маусым коллекциясын даярлау үшін қанша уақыт кетеді?
– Бәрі қандай тақырыптың таңдалатынына байланысты. Шамамен әр коллекцияға төрт айдай уақыт жұмсаймыз, соның алғашқы айында жұмыс қауырт жүреді. Себебі ойыңды, ішкі сезіміңді өзгелерге дұрыс жеткізе алуың керек. Сонан соң дизайндар жасалып, мата таңдауға кірісеміз. Жұмыс барысында кейде қосымша маталар алдыртамыз. Соңында коллекция толық тексерістен өтіп, ұнамаған тұстары болса, оны қайта өзгертеміз. Шамамен әр коллекцияға 70-80 киім дайындалады.
– Сізді дизайнер ретінде не шабыттандырады?
– Өзім киелі шаһарда туып-өскен соң Ыстамбұлға деген шынайы махаббатымды туындыларым арқылы жеткізуге тырысып жүрмін. Бар шабытты Ыстамбұлдан, еліміздің тарихы мен мәдениетінен аламын. Бәлкім көрген боларсыздар, Айя София мешітінде витраж бар, келесі жылғы коллекциямыздың дизайны сол витраждың аясында жасалады.
Бұл салада Түркияда да, әлемде де бәсеке өте жоғары. Алпауыт брендтердің тасасында қалып қоймас үшін не істеу керек?
– Түркияның өзінде танымал брендтер көп, бәсеке шынымен де жоғары. Мұндайда өзіңнің сара жолыңмен жүру өте маңызды. Біз әлемдік трендтің ығына жығылмай, өз бағытымызбен ғана келе жатырмыз. Осы 24 жылда өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз қалыптасты. Сондықтан бәсекелестіктен қорқатын жөніміз жоқ. Бренд көп, бірақ солардың арасында тұтынушыңның көңілінен шығатын дүние жасап, ерекшелене алсаң, міндетті түрде табысқа жетесің. Біз сапаға, әр туындымыздың «сөйлеп тұруына» жіті мән береміз. Сол үшін де киімдеріміздің бағасы арзан емес, бірақ олардың сапасына жауап береміз.
– Өзіңіз дизайнерлікке қашан бет бұрдыңыз?
– Әлгінде айтқанымдай, осы салада жүргеніме 24 жыл болды. Өз брендімді қалыптастыру туралы шешім қабылдағанда 36 жаста болғанмын. Қазір жасым 60-та. Бастапқы екі жылда шеберханамда жалғыз жұмыс істедім.
– Жергілікті дизайнерлерді бақылап жүресіз бе?
– Түркияда мықты дизайнерлер көп, бірақ ешқайсысының аты-жөнін бөліп-жарып айтпай-ақ қояйын. Шамам жеткенше жас дизайнерлерге қолдау көрсетіп келемін.
– Шәкірттеріңіз көп пе?
– Шәкірттерім бар, әсіресе университет студенттері арасында ақыл-кеңес сұрап тұратындар көп.
– Шәкірт таңдағанда қандай талап қоясыз?
– Басты талап – бәрін уақтылы істеу. Себебі бізге жан-жақтан келетін хат көп. Телефонға жауап беріп, жұмысына жауапкершілікпен қарау. Солардың ішінен дарындыларын таңдап аламыз.
Мадина Асылбек