Жаңалық

Ақтөбелік балалар үшін «Бақытты балалық шақ» салынады

2018 жылы Ақтөбе облысында «Бақытты балалық шақ» атты ауқымды жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев хабарлады.

Осы жоба аясында ірі кәсіпорындардың қатысуымен Ақтөбе қаласының барлық аулаларын балалар ойын алаңдарымен жабдықтау жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, аталмыш акция білім беру, мәдениет, шығармашылық, спорт, интеллектуалдық тәрбие мен балаларды дамытуға бағытталған сегіз бөлім бойынша жүзеге асырылмақ.

Сондай ақ, облыс әкімі 2020 жылға дейін үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуді міндеттеді.

«Облыста мектеп жасындағы балалардың саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты үш ауысымды және апатты мектептер мәселелерін шешуге ерекше назар аударылып отыр. Өткен жылы 15 жаңа мектеп пайдалануға берілді, қазіргі кезде 26 мектептің құрылысы жүргізілуде. 2019 жылға қарай апаттық жағдайдағы мектептердің, ал 2020 жылға дейін үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуді жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, 2020 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында мектепке дейінгі білім беру мекемелер желісін кеңейтіп, балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайызға қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 96% құрайды.

Аудан әкімдеріне 2018-2019 жылдар ішінде барлық ауылдарды спорттық алаңдармен жабдықтау, аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу тапсырылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button