Жаңалық

Біз латын қарпі негізіндегі қазақы, ұлттық әліпбиімізді белгілеуіміз тиіс – Құндызай Ерімбетова

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетованың пікірінше жаңа әліпби қабылдау жалаң латын қарпіне өте салу емес. Сондықтан біз латын қарпі негізіндегі қазақы, ұлттық әліпбиімізді белгілеуіміз тиіс. Ол мемлекеттіліктің символикасын нығайтады және жаһандану кезіндегі әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарымен болған бәсекелестікті арттырады деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік әліпбиін бекіту – заман талабы. Біз шекарамызды шегендеп алдық, рәміздерімізді бекіттік. Ал мәңгілік елдің басты мақсаты, Қазақ елінің бірден-бір символикасы, мемлекеттіліктің негізі – ана тілі. Сондықтан латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиін қабылдау қиын да болса, керек дүние. Яғни біз латынға көшуді кешелі-бүгін қолға алып отырған жоқпыз, ол тәуелсіздік алған күннен бастап ойластырылған жұмыс. Сондықтан төл жазуымызды бекіту, ең алдымен, мемлекеттіліктің символикасын нығайтатын болса, екіншіден, ақпараттық кезеңде әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарын алуда латын әліпбиінің үлкен маңызы болады», – дейді Құндызай Ерімбетова.

Ғалымның пікірінше, жаңа әліпби қабылдау жалаң латын қарпіне өте салу емес. Сондықтан біз латын қарпі негізіндегі қазақы, ұлттық әліпбиімізді белгілеуіміз тиіс.

«Қазіргі сөйлеу тіліміз орыстың дыбысына, орыстың сөйлеу тіліне негізделген. Көрші елдердің тәжірибесімен салыстырмалы зерттеулер жүргізілді. Алайда біз дайын тұрған түріктің немесе әзербайжан мен өзбектің әліпбиін қатесін жоя отырып неге қабылдай бермейміз деген пікірлер де айтылып жатыр. Жаңа әліпби қабылдау жалаң латын қарпіне өте салу емес, біз латын қарпі негізіндегі қазақы, ұлттық, төл әліпбиімізді белгілеуіміз тиіс. Төл әліпбиіміз бен ана тіліміз болмаған жағдайда әдебиет те, мәдениет те, тарих та, дәстүр де болмайды, айшықталмайды», – дейді тарихшы.

Құндызай Мырзашқызының айтуынша, біздің латын әліпбиге көшуіміздің ең басты ерекшелігі – оны бүкіл қоғам болып талқылауымызда болып отыр.

«Бұған дейін латынға көшкен көрші елдермен салыстырғанда бізде жобалар халықтың талқысына ұсынылып, қоғамдық пікір тыңдалды. Соның нәтижесінде бірнеше нұсқа жасала отырып соның бір нұсқасын парламентке ұсынған болатын. Тек тіл мамандары мен қоғам қайраткерлері ғана емес қарапайым қоғам мүшелері атсалысып жатыр. Бірінші нұсқа бойынша айтылған ой-пікірлер ескерілді. Яғни көпшілік бір әріп бір таңбамен белгіленуі керек деген ортақ пікірге келді. Сөйтіп әліпби ықшамдалды. Елбасы бұл нұсқаны да бекітуден бұрын халыққа таныстырды. Қоғамдық пікірді тыңдауды ұсынды. Енді бұл туралы да ұтымды ұсыныстар болуы мүмкін. Меніңше жаңа нұсқа жұртшылықтың көңілінен шығып отыр», – дейді Құндызай Мырзашқызы.

https://baq.kz/kk/author/220“>Майгүл СҰЛТАН

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button