Жаңалық

Париж төріндегі «Рухани жаңғыру»: Ерекше оқиға жайлы ел ағалары не дейді?

Қазақстанның ұлттық мәдениеті үшін Парижде ел тарихындағы айтулы шаралардың легі өткізіліп жатыр. Франция төрінде, ЮНЕСКО штаб-пәтерінде  Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қанаттас «Жаһандық Әлемдегі Қазақстанның қазіргі мәдениеті» еуропалықтарға паш етілді.  Орта Азияның іргелі мемлекетіне айналған Қазақстан осылайша, өзіне ғана тән ұлттық құндылықтарымен кәрі құрлықтың ең көркем шаһарын тамсандыруда. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Париждегі шараларға қатысқан ел ағалары мен шетелдік мәдениет саласы өкілдерінің пікірін білді.

Конференцияда баяндама жасаған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, философия кафедрасының меңгерушісі Ғарифолла Есім «Рухани жаңғыру» бағдарламасының пәлсапалық аспектілеріне, ұлтаралық диалогтың маңызына тоқталды.

«Ұлтаралық диалог тарихының тамыры тереңде жатыр. Мұны әдебиет классиктерінің шығармаларынан-ақ аңғаруымызға болады. ХХ ғасырдың басы тоқырауға тіреді. Бұл кезең өткен ғасырлардың қателіктеріне назар аударуға жұмсалды. Ғылым болса гуманизмнен аттап, адамзат өміріне қатер тіге алатынын көрсетті. Ал қазақтың философы, бас ақыны Абай Құнанбайұлы ХIХ ғасырдың ортасында-ақ осы мәселе туралы «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деген болатын. Бұл пікірден асқан дана пікір бар ма? Лев Толстой, Махатма Ганди, Альберт Швецер де осы пікірді шығармаларында қостаған болатын», – дейді профессор.

Париж төріне Ресей өнер тарихы институтының музыкалық аспаптарды зерттеу секторының меңгерушісі, профессор, өнертану докторы Игорь Мациевский арнайы келген екен. Ол шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, қазақ өнерін зерттеу саласында өзі жетекшілік ететін институттың жұмыстары туралы айтып берді. Өз шәкірттері мен ұжымының орындауындағы қазақ күйлерін тыңдарман қауым назарына ұсынды.

Ал БҰҰ «Жаңа Жібек жолы моделі» бағдарламасының директоры Рафис Абазовтың сөзіне құлақ ассақ, Қазақстан ғалымдары мен мәдениет қайраткерлерінің шетелдік әріптестерінен аспаса, кем түспейді. «1961 жылы АҚШ-қа қазақстандық танымал ақын, ірі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті шақырдық. Ол өзінің «Адамға, бағын, Жер енді» поэмасын оқыған болатын. Тыңдарман қауым өте жылы қабылдады. Қазақстан егемендік алып, тәуелсіз дамыған, рухани бай ел ретінде таныла бастады. 50 жыл өткен соң ақынды АҚШ-қа қайта шақырдық. Олжас Омарұлы Азияда танымал болғанымен Еуропа, Америка әдебиет оқырмандары жақсы біле бермейді екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Америкада Сүлейменов шығармаларының 3 томдығын шығардық, жуырда 4-ші томы жарық көреді», – дейді ол.

Конференция барысында қазақтың танымал ақын-жазушылары, өнер, мәдениет қайраткерлері баяндама жасады. Олардың арасында ақын Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айтұлы, сценарист Талғат Теменов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАҚ басқарма Төрағасы Нұрлан Өтешев те бар.

«Қазақстан байырғы уақыттан бері тек жер асты байлығы, ұлан-байтақ даласымен ғана емес, бабадан балаға мұра болып жететін рухани құндылықтарға да бай. Елбасының бағдарламасы аясында ғасырлар бойы жинақталған байлығымыз қалпына келтіріліп, жүйеленді. Қазақтың мыңдаған ән-күйі ел аузынан жинақталып, таспаға түсірілді. Бұл тек Қазақстан өнеріне ғана емес, әлемдік өнер білім қорына қосылған қомақты үлес деп білемін», – дейді ақын Несіпбек Айтұлы.

Шара барысында ел назарындағы латын әліпбиіне көшу жұмысы да тыс қалған жоқ. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек Қазақстанның латын әліпбиіне өту тарихына шолу жасап, қазіргі атқарылған жұмыстарға, бұл шешімге түрткі болған алғышарттарға тоқталды. «Латын әліпбиі – қазақ халқының өркениетті және сараланған таңдауы. Бұл шешім бір мезетте келген жоқ, латын әліпбиіне өту тарихи негізі бар процесс. Осы арқылы біз әлемдік өркениетке бір табан жақындаймыз», – дейді ғалым өз сөзінде. Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен даму бағыты турасында шетелдіктер де ойын білдірді.

Францияның құрметті профессоры, Академиялық Пальмалар орденінің иегері Фишлер Альберт қазақ философиясы мен «Рухани жаңғыру» өте үндес екенін айтады. Профессор өз сөзінде бірнеше жыл бұрын Париждің бауырлас қаласы Алматыда Абай ескерткішінің ашылуына қатысқанын атап өтті: «Бұл ескерткіш Алматы саябағында орналасқан. Өткен аптада мен студенттеріме Абайдың әлемдік философиядағы орны туралы дәріс оқыдым. Абай ХIХ ғасырда өмір сүрсе де, оның шығармалары өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ. Бүгін Қазақстан ХХІ ғасыр проблемаларымен бетпе-бет келгенде Абайдың қалдырған мұрасын қолдана алады. Қазір Қазақстанда ғылым, білім культы қалыптасты. Мен осы культтың қалыптастырушысы Абай Құнанбайұлы деп білемін. Атақты философ, ғалым Эразм Роттердамский «Адам адам болып тумайды, қалыптасады» деген болатын. Абай болса, өзге елдер білімі, ғылымы мен тілі арқылы өз рухани байлығын молайтып, өресін арттыра алады дейді. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғырту» бағдарламасында білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму және сананың ашықтығы туралы айтады. Бұл Абайдың пәлапасы мен Қазақстан Республикасы Президенті бағдарламасының өзара үндестігінің көрінісі».

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button