Жаңалық

ОҚО-да «Нәзірдің жарық жұлдызы» деректі фильмінің тұсауы кесілді

Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің ұйымдастыруымен облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты іс-шара өтті, деп хабарлады ОҚО әкімдігі.

Жиын барысында музейдің арнайы тапсырысымен түсірілген «Нәзірдің жарық жұлдызы» атты 40 минуттық тарихи деректі фильм мен «Нәзіртану негіздері», «Нәзір Төреқұлов: қоғамдық-саяси қызметі», «Н.Төреқұлов: архивтік құжаттар мен материалдар жинағы» және «Н.Төреқұловтың өзбек тіліндегі шығармалары мен материалдар жинағы» атты кітаптардың тұсаукесері өтті.

«Бұл кітаптар қосымша оқу құралы ретінде тарихшылар мен қоғамтанушы ғалымдар жəне жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен студенттер, жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған. Осы орайда, аталған құнды дүниелер аудан, қалалардың орталық кітапханалары мен жоғары оқу орындарының кітапханасына сыйға тартылды», – делінген хабарламада.

Айтулы шараның мақсаты – ұлт мүддесі үшін құрбан болса да қажырлы қайраткерлігі ұрпаққа өнеге болған Нәзір Төреқұлұлының рухына тағзым ету, ұлықтау, оның ғибратты ғұмырындағы атқарған орасан зор еңбегін көпшілікке насихаттау, тереңірек таныту, тарих тұлғасын дәріптеу болып табылады.

Айта кетер болсақ, жиында деректі фильм түсірілімі мен кітаптар топтамасын жинақтауда жəне ұлы тұлғаға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуі барысында шығармашылық жұмыстар атқарған еңбек иелері мен рухани демеушілер марапатталып, сый-сияпаттар табысталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button