Жаңалық

Көркемсөз оқу шеберлері марапатталды

19-сәуір күні Талдықорған қаласында тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру мақсатында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық конкурсы өтті.

Байқау Талдықорған қаласының әкімдігі «Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Алғаш сөз тізгінін алған мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Рысбаева Сандуғаш Арнайқызы сайыскерлерге сәттілік тілеп, білімнің биік шыңынан көрінулеріне тілектес екенін жеткізді.

17-29 жас аралығындағы үміткерлердің арасынан 9 қатысушы іріктеліп алынды. Алғашқы айналымда қазақтың белгілі жазушыларының көркем шығармаларынан үзінді оқыды. Екінші сайыста Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай өлеңдерінен үзінді оқу бойынша бақ сынады.

Бұл сайыста “Жастарға қызмет көрсету орталығының” маманы Маратов Мади Маратұлы және тіл маманы Суанбаева Гүлжазира Қыдырқожақызы қазылық етті.

Жүзден жүйрік шыққан Тынысбекова Айдана І-орынды иеленді. Бабажан Нұрай жүлделі ІІ-орынды алды. Ал, ІІІ-орын Құттыбек Гүлжанға бұйырды. Жеңімпаздар дипломмен, бағалы сыйлықпен мараппатталды. Ынталандыру сыйлығына Мұхаметжан Ардақ ие болды. Үміткерлерді өнер бәйгесіне дайындаған ұстаздары және барша қатысушылар қала әкімінің атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Мұндай тағылымы мол байқаулар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button