Жаңалық

«100 жаңа есім» бағытының жеңімпаздары

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «100 жаңа есім» бағыты аясында еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген атқамінер азаматтардың еңбегі еленді. Аталған бағыттың негізінде 102 тұлға таңдалып, халық алдында зор мәртебеге ие болды. Біз бүгін сол жеңімпаздардың біқатары турасында сөз қозғамақпыз. Олар кімдер? Қандай еңбегі үшін «100 жаңа есім» бағытының жеңімпазы атанды?

Өмірде жетістікке қол жеткізіп, халық қошеметіне бөленудің де өзіндік шабыт сыйлары анық. Біздің мемлекет – даму жолында өте қарқынды жұмыс жасап келе жатқан мемлекет. Сондықтан, дәл осындай өте жауапты кезеңде ұлт үшін қызмет қылған әрбір азамат құрметке лайық.  Алдағы уақытта кәсіппен айналысып жүрген азаматтардың «100 жаңа есім» бағытының жеңімпаздары қатарына енуге ұмтылатыны, ұмтылыс нәтижесінде ел игілігі үшін қыруар шаруа атқарылатыны айтпаса да белгілі. Ендеше алғашқы лекпен жеңімпаз атанған оғландардың бірқатары туралы мағлұмат берейік.

Бауыржан Исламхан

Спорт аталымы бойынша жеңімпаз атанған алматылық «Қайрат» футбол клубының және Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы бұл жетістікке әбден лайық. Тараз қаласының футбол академиясынан түлеп шыққан жігіт небәрі 24 жасында өз саласында бірқатар асуларды бағындырып, халықтың сүйікті ұлына айналды.

Бауыржан аяқдоп алаңындағы мансабын «Тараз» футбол клубында бастаған. Кейіннен Краснодар аймағының «Кубань» клубына ауысып, Ресей Премьер-лигасының қатысушысы атанады. Артынша елордалық «Астана» футбол клубына жалға келіп, сегіз ойын өткізіп, бір гол соққан. 2014 жылы алматылық клубтың қатарын толықтырған Бауыржан бүгінде негізгі ойыншылардың бірегейі. Команданың, Ұлттық құраманың капитаны дәрежесіне көтеріліп, қазақ ұлының да аяқдопқа әлеуеті жететінін көпшілікке дәлелдеді.

Сондай-ақ, «Қайраттың» жартылай қорғаушысы, капитаны Бауыржан Исламхан Қазақстан Премьер-лигасының ең құнды футболшыларының қатарына енеді. Оның бағасы – 1,8 миллион еуро.

Диас Тастанбеков

Бүгінгі дәуір – ғылым заманы. Дәуір тынысымен қатар тыныстаған Диастың да ғылым саласына әкелген оң өзгерістері мен тынымсыз еңбегі елеусіз қалмады. Алматылық жігіт, қазіргі уақыттағы Қазақ Ұлттық зерттеу  техникалық университетінің жанынан құрылған «Альтернативтік полимер материалдары» жекеменшік зертханасының меңгерушісі қызметін атқарады.

Диас Тастанбеков магистратураны «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елден тәмәмдайды. Жоғары оқуды сәтті аяқтаған жас маман Nazarbayev University Research and Innovation System (NURIS) зерттеу орталығына қызметке орналасады. Алғашында кіші ғылыми қызметкер болған ол артынша өзінің қарым-қабілетін дәлелдеп, тез көзге түседі.

Диас осы уақытқа дейін бірнеше жобаларды жүзеге асырған. Олардың ең көлемділері – сөйлеу қабілетіне ие қоқыс жәшіктері, бейне түрінде жолданатын ашық хаттар, өсімдіктекті ағзаларды топырақ қажеттілігінсіз өсіру.

«100 жаңа есім» бағытының жеңімпазы қазір остеосинтез бастамасын қолға алып, докторлық жұмысына тақырып етіп отыр. Еліміздің Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалаларында сүйек талшықтарының өліеттенуінің алдын алатын жоба өте қарқынды зерттелуде. Біздің кейіпкер – осы бастамаға өзінің үлкен үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі.

Сымбат Әбдірахманова

«100 жаңа есім» бағытының жеңімпаздары туралы сөз қозғағанда алдыңғы қатарда болуы тиіс кейіпкер – Сымбат Әбдірахманова. 1988 жылы дүниеге келген қызылордалық азаматшаның бойына мейірім, қайырымдылық секілді адами қасиеттердің барлығы топтасқан деп айтуға әбден негіз бар.

Біздің кейіпкер еліміздегі мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде тілінің мүкісі бар балаларға арнап бірнеше анимациялық фильмдер, мультфильмдер түсірген. Сондай-ақ, өз шығармашылығын тек қазақ тілінде жасауға ұмтылатын азаматша бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі екенін де айта кеткен жөн.

Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі бөбектерге қайырымдылық жасай отырып, Сымбат суицид тақырыбы бойынша да үлкен жобалардың негізін салып келеді. «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер провинциясы» БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) жобасының  координаторы қызметін абыройлы атқарып жүргені – сөзіміздің айқын дәлелі.

Сымбат “Қазақстандағы кәмелетке толмағандар арасында суицидтердің алдын-алу: Қызылорда облысының тәжірибесі” атты баяндамасын үлкен ортада, яғни, 2016 жылы Испанияның Овьедо қаласында өткен Еуропалық симпозиумда жасап, әлемдік сарапшылардың назарын аударған.

Болашақ – жастардың қолында. Ұлт келешегі үшін келелі еңбек етіп жүрген жастардың ерен еңбегі арқасында бүгінде талай жобалар жүзеге асып, еліміздің халықаралық аренадағы беделі айтарлықтай жоғарылады.

Қайырымдылық, қарапайымдылық – қоғамдық ұлы дерттерден сақтайтын ең үлкен адами қасиеттер. Ғылым мен қоғамдық жұмыстарға өте белсенді атсалысып жүрген абыройлы жас буынның осындай тамаша қасиеттерді бойына сіңіріп өскені көрген көзді, естіген құлақты масайратады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button