Жаңалық

«Рухани жаңғыру – ұстаздың өмірлік ұстанымы» атты жоба өткізілді

Үстіміздегі жылдың 4-мамырында облыстық дарынды балалар үшін мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицей-интернатында ұстаздар қауымы үшін жаңашылдық болып қабылданған тағылымы терең, тәжірибе алып, өз ұжымдарында өткізуге болатын, жалпы қоғамда жиі өткізіп тұруға жарамды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Білім және тәрбие» кіші бағыты бойынша іс-шара өткізілді.

Жобаның мақсаты – облыс ұстаздары мен жастарды танымал ардагер ұстаз Ғалиева Ботагөз Жағыпарқызының өмірімен, шығармашылығымен, жеткен жетістіктерімен таныстыра отырып, әр заманда ұстаздардың руханияттың жаңғыру көзі болғанын, бола беретінін дәлелдеу, әр қоғамда ұстаздың ел өміріндегі алатын орынының биік екенін көрсету мен ұстаз еңбегінің жан-жақтылығын насихаттау.

Ұлтты білім нәрімен сусындататын ұстаздар және өзге саланың озық мамандарын қолдау – “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының басты міндеттерінің бірегейі. Ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ерен еңбек иелеріне құрмет көрсету – өнегелі іс. Сондықтан, даму жолында, рухани даму сатысында келе жатқан еліміз үшін мұндай бастамалар орын алуы тиіс.

Аталмыш білім мекемесі бұл жолы өздері бастамашы болып, осы мектептің ардагер ұстазы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Ғалиева Ботагөз Жағыпарқызының жаңа форматта «Рухани жаңғыру – ұстаздың өмірлік ұстанымы» атты жобасының тұсаукесер рәсімін өткізді. Бұл жоба республикалық реестрге енгізілген, іс-шараны Жобалау офисімен ақылдаса отырып, мектеп директоры Жақанова Гүлжан Шәмілқызының басқаруымен ұстаздар мен оқушылардың тиянақты дайындығының арқасында жоғары дәрежеде өткізді.

Тұсаукесерге ардагер ұстаздар, қала мектептерінен, Қызылжар, Мамлют ауданы мектептерінің қазақ тілі пәнінің жас мұғалімдері, қазақ тілі әдістемелік бірлестіктерінің жетекшілері, мектеп директорлары қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы айтқандай, бұл жолы іс-шараны ұйымдастырушылар жиналғандарды өз ұжымдарында көп жыл еңбек еткен, жалпы ұстаздық өтілі 42 жылды құрайтын Ғалиева Ботагөз Жағыпарқызының сан қилы және жан-жақты өмір жолын осы жобада жазылғандай, жастарға үлгі болатындай етіп көрсете алды.

Мектепте ұстаздың шығармашылығын баяндайтын көрме ұйымдастырылды. Онда Ботагөз Жағыпарқызының Елбасы айтқандай, жас ұстаздарға үлгі болатындай, ұстазды ұлықтауға лайықты Кеңес дәуірінде де, әсіресе тәуелсіздік кезіндегі бар ұстаздық өмірін қазақ тілін, қазақ халқының салт-дәстүрін қайта жаңғыртуға, дамытуға қосқан қомақты үлесін көрсететін жазылған тоғыз кітабы және марапаттары таныстырылды.

Ұстаздың қоғамдық өмірде белсенділігін көрсететін Қазақстан әйелдерінің IV форумының, Асар партиясы съезінің, Республикалық «Қанатты әйел» идеялар мен тауарлар жәрмеңкесінің бағдарламалары, сыйлықтары мен дипломдары, ерекше еңбегі «200 тіл телесабақтары», бұқаралық ақпарат құралдарына жазған мақалалары мен ұстаз туралы мақалалар, т.б. жәдігерлер қойылды.

Бұл жобаны халыққа таныстыру «100… сұрақ» интеллектуалдық ойыны түрінде өтті. Іс-шараны ЛОРД лицейінің қазақ тілі мұғалімі Қабденова Нұргүл Бәйкенқызы жүргізді. Алдымен үлкен қошеметпен Ботагөз Жағыпарқызы сахна төріне шақырылды, оқушылар ұстаздың «Рухани жаңғыру – мұратым» өлеңін оқыды. Олар ұстаз туралы не білетіндерін айтып алып, сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

Барлық балалар Ботагөз Жағыпарқызының жазған «Тілашар» кітапшасын алса, ерекше әсер қалдырған екі сұрақтың иелері ұстаздың арнайы сыйлығына ие болды. Екінші бөлімде ардагер ұстаздар, әріптестері, курстастары, мұғалімдер ұстаз туралы, жазылған «Рухани жаңғыру – өмірлік ұстанымым» шығармасы туралы пікірлерін айтты, сұрақтарын қойды. Жобада жазылғандай осы іс-шара барысында ұстаз Ғалиеваның білікті маман, қоғам қайраткері, тележүргізуші, телебағдарламалар авторы, этнопедагог, өлкетанушы, тіпті, бір әулеттің үлкен әжесі, төрт жоғары білімді азаматтың анасы, күйеу бала, келіндердің сыйлы енесі екені айтылып, зор құрмет көрсетілді.

Іс-шара соңында мектеп директоры Гүлжан Шәмілқызы Ботагөз Жағыпарқызына осы жобаның аясында жарық көрген кітапты сыйға тартса, Ботагөз Жағыпарқызы мектеп кітапханасына туған әкесі жазушы Зейнелғаби Иманбаевтың «Қос қайың» атты шығармалар жинағын сыйлады. Жас ұстаздардың әрқайсысына Ботагөз Жағыпарқызының қазақ тілін орыс тілді мектеп оқушыларына қатысымдық әдісімен оқыту тәсілдері жазылған кітапшалар сыйлыққа берілді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button