Жаңалық

«Рухани қазына» бірінші облыстық форумы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» бөлімі аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен Ереже бойынша Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Өнер орталығында «Рухани қазына» облыстық форумы өтті.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша жалпы құны 752 миллион теңгені құрайтын 73 жоба жүзеге асырылады.

Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысында атқарған істері мен алдағы жоспарлары талқыланды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы іске асырылған жобалар мен алдағы жоспарларды талқылау үшін ұйымдастырылған форумды облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ашты. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде мәдениеттің әр саласы – кітапхана, клубтар, музей ісі, театр, т.б. бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, жұмыстарды жетілдіре түсу бағытында көптеген ұсыныстар айтты.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында облыс өнері мен мәдениетін жаңғыртудың жаңа бағыттары» тақырыбында баяндама оқыды.

Басқарма басшысының айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі міндеттемелеріне сәйкес, мәдениет мекемелеріне, әсіресе, мәдени шараларға көпшілікті тарту, халықпен бірлесе жұмыс істеу бағытында көптеген істер атқарылып жатыр.

Маржан Қорғанбаева жұмыстарды жандандыру мақсатында алға қойылып отырған міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды.

– «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында алға қойылған міндеттер біздің сала қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді, сонымен қатар, бұл біз үшін үлкен қолдау екенін де сезінеміз, – деді ол.

Жалпы, «Рухани қазына» фестивалі облыс деңгейінде үш кезеңмен өткізілген болатын. Соның қорытындысына сай, «Үздік аудандық музей», «Үздік аудандық кітапхана»,; «Үздік ауылдық клуб», «Үздік қалалық Мәдениет үйі», т.б. аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталған еді. Жиында осы үздік ұжымдарға, сонымен бірге түрлі аталымдар бойынша үздік деп танылған қызметкерлерге де марапаттар, атап айтқанда, дипломдар мен ақшалай сыйлық сертификаттары тапсырылды.

Форум аясында Ақтөбе қаласы мен аудандардың мәдениет, өнер, архив мекемелерінің, сондай-ақ, жекелеген шеберлердің көрмелері ұйымдастырылды.

Форум түстен кейін секциялық жұмыстармен жалғасты. Ал соңынан «Ел іші – өнер кеніші» фестивалі лауреаттарының гала-концерті өтті.

Өнер арқылы халықтың санасын жаңғыртуға, әлемдік экономика, білім кқшінің қай бағытқа бет алғанын тез аңғартуға болады. Ал  жоғарыда аталған міндеттер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы негізгі міндеттердің бірі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button