Жаңалық

«100 жаңа оқулық» жобасы: 18 кітаптың таныстырылымы өтті

 

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсімі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде өтті. Шараға оқытушылар мен студенттер қатысты.

Бұл игі іс “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” бағыты аясында жүзеге асты. Шетелдік әдебиеттер мен оқу құралдарының жаппай қазақшаға аударылу науқаны басталып, оның 18-і жарыққа шығып үлгерді. Жарыққа шыққан озық оқулықтар еліміздің бірқатар ЖОО-ларының кітапханаларына жөнелтілді. Аталған бағыт жас ұрпақты білімге жетелеп, әлемдік дәрежеде өз саласының бәсекеге қабілетті маманы болуына сеп болады.

“Әлемдік ақпараттық кеңістікке кіруіміз керек. Бұл кеңістікке кіру барысында білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «100 жаңа оқулық» бағытының мақсаты да осы. Қазірдің өзінде 18 оқулық қазақ тіліне аударылғаны белгілі. Бұл оқулықтар әлеуметтік-гуманитарлық сала үшін маңызды. Платон, Аристотельдердің еңбектерін біз бұрыннан білетінбіз. Дегенмен, сол кездегі идеология, сол кездегі саясат, сол кездегі мемлекеттің ұстанымы бізге оларды сол күйінде айтуға мүмкіндік берген жоқ. Бұрын бұл оқулықтардың атеистік жағы, материалистік жағы ғана керек болса, енді бұл оқулықтарды жалпы алып қарайтын мүмкіндікке ие болдық. Осы тұрғыдан алғанда «100 оқулық» бағыты аясында шығарылған кітаптар бізге өте қажет”, – деді Алтай Тайжанов.

Шарада сөз сөйлеген М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті Қазақстан тарихы және гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Бекзат Молдин «100 жаңа оқулық» кіші бағытының ерекшеліктеріне тоқталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жасалған үлкен жұмыстардың бірі – «Ұлттық аударма бюросының» құрылуы. Бұл – бізде сапалы аударма болады деген сөз. 18 кітаптың 16-сы ағылшын тілінен аударылған, сонымен қатар біреуі – француз, біреуі орыс тілінен аударылып отыр. Аталған кітаптардың басты ерекшелігі, түпнұсқадан аударылуы. Біз бұған дейін көп кітапты бірнеше ғалымдардың аудармаларынан кейін оқып, негізгі түп нұсқасын жоғалтып алатынбыз. Екінші ерекшелік, кітаптардың барлығы да сапалы әрі түсінікті аударылған, – деді Бекзат Молдин.

Жиын соңында студенттер ғылыми көкжиектерін кеңейтіп, әлемдегі үздік оқулықтарды оқуға мүмкіндік алғандарына қуанышты екендігін жеткізді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button