Жаңалық

Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» аясында атқарылған жобалар

Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде 185 жоба іске асырылды. Осы жобалардың барлығы дерлік “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының “Туған жер” кіші бағыты аясында жүзеге асып отыр. Аталған бағыт әр аймақтағы жергілікті меценаттардың, кәсіпкерлердің өз өңірін көркейтуіне атсалысуға шақырады. “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы жарық көргелі бері бұл үрдіс дәстүр мен бәсекеге айналып кетті.

Ал демеушілер қалтасынан шыққан қаражатқа жаңа ескерткіштер мен балалар қалашығы салынып, саябақтар абаттандырылды. Сонымен қатар, ауылдық ауруханалар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа спорт кешендері ашылды. Ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері мен басқа да нысандар, жол сапасы да облыс басшылығының назарынан тысқары қалған жоқ.

«Туған жер» бағыты аясында салынған спорт залға 200-ге жуық адам келеді. Бұл – спортқұмар кәсіпкерлердің қала тұрғындарына жасаған сыйы. Мұнда балалар мен ересектерге арналған түрлі спорт секциялары бар. Атап айтсақ, каратэ, дзюдо, самбо, гимнастика, йога, ал жаз айларында футбол ойнайтын ашық алаң да қарастырылған. Қала орталығында да қосалқы жаттығу алаңы бар бірнеше футбол ойнауға арналған кешендер салынып, ел игілігіне қолдануға берілді.

«Балалар үйдің алдына шыға салып, спорт залға келеді. Қаланың басқа жеріне барып жүру үшін ата-анасының уақытын да алмайды. Барлығы бір қадам жерде орналасқан. Жастарды спортқа тартып, олар бос уақыттарын пайдалы өткізсін деген ниетпен жасалып отырған дүние. Жалпы «Туған жер» бағыты аясында Қарағанды қаласында осындай 11 спорт залын ашуды көздеп отырмыз», – дейді демеушілердің бірі, жеке кәсіпкер Тимур Райымбеков.

«Туған жер» бағыты барысында Қарқаралы ауданында да жас туристер станциясы салынды. Мұнда жас саяхатшылар мектептен тыс уақытта экология, экскурсия жетекшісі, өлкетану бағытында зерттеулік жұмыстарын жүргізе алады. Айта кету керек, мұндай халыққа пайдалы жобалар былтыр ұйымдастырылған Азаматтық бастамалар күнінде көбірек ұсынылған екен. Азаматтық бастамалар күніндегі халық тарапынан ұсынылған 50-ден астам жобаның 11-і іріктелініп алынған. Қазір оны жүзеге асыруға қаржы көздері қарастырылып жатыр. Жаңа бастамаларды жергілікті кәсіпкерлер белсенді қолдап, халықты қуантып отыр.

Аймақтағы тағы бір бағыт «Киелі география» деп аталады. Ол киелі орындардың кереметін, тарихын насихаттайды. Ғасырлық тарихы бар қасиетті жерлер туралы кітаптар басылып, мақалалар жарияланды. Қарағанды облысында 2700-ге жуық тарихи және мәдени ескерткіш бар. Олардың біршамасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Және облыс басшылығының жоспарында аталған киелі, тарихи жәдігерлердің электронды жол картасын жасау бар. Электронды жол картасы азаматтарға және шетелдік туристерге зор мүмкіндіктер ашады.

«Рухани жаңғыруға» байланысты дүниелерді сатылап-сатылап, мәдениетті қолға алдық, тарихты зерделедік. 2050 жылы мәңгі ел болайық, мың өліп, мың тірілген қазағымның басына қонған бақ ұзағынан болсын деген ниетте жасалып жатыр. Бұл – халықтың көңілінен шыққан, халықтың аңсап сағынып отырған дүниесі», – дейді «Рухани жаңғыру» жобалар кеңсесінің менеджер-кеңесші Бақытқали Мұсабеков.

Жалпы аймақта бес жыл ішінде құны 12 жарым млрд теңгені құрайтын 431 жоба жүзеге асырылмақ. Оның 20 пайызы жергілікті жеке кәсіпкерлердің қалтасынан жомарттықпен ел игілігі үшін берген қаражаты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button