Жаңалық

«Ертіс – Баянауыл өңірінің тарихы мен мәдениеті» атты мұражайлар көрмесі ашылды

ҚР Ұлттық музейінде «Ертіс – Баянауыл өңірінің тарихы мен мәдениеті» атты Павлодар облысы мұражайларының көрмесі ашылды. Аталмыш көрме Астана әкімі Әсет Исекешевтің бастамасымен елорданың 20 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып отырған «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты елордадағы өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелері жобасы аясында өтіп отыр.

Бұл бағыт өңірлердің тарихын және мәдениетін зерттеу, Қазақстанның тарихи тұлғаларының өмірі мен шығармашылығымен танысу, Қазақстан қоғамын рухани дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Павлодар облыстық көркемсурет музейі Бұқар жырау атындағы, Г.Потанин атындағы мұражайлармен бірге академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі экспозицияларын ұсынды. Онда мұражай қорларындағы Абылай ханның ақылшысы Бұқар жыраудың 350 жылдығына, ақын, этнограф, фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығына, халық композиторы Естай Беркімбайұлының 150 жылдығына, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына және т.б. аса көрнекті тұлғалардың мерейтойларына арналған материалдар таныстырылды.

Қазақ ұлтының тарихында көмейінен көсем сөз төгілген, ақылы асқан дария, кемелдігіне күмән келтіруге болмайтын атпал азаматтар өтті. Қалқаманұлы Бұқардың туылғанына 350 жыл толуына байланысты түрлі шаралар атқарылу көзделген. Оның кім болғанын, қандай өнегелі өсиеттері бар екенін халыққа таныстыру – басты міндет. Ендеше Бұқар жыраудың том кітаптарға жүк боларлық толғай тағдырының кішкене ғана үзіндісін ұсындық.

Бұқар жырау Қалқаманұлының туылғанына – 350 жыл

Бұқар жырау Қалқаманұлы – XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол ұзақ өмір сүріп, көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған қазақ жырауы, мемлекет қайраткері 1668 жылдар шамасында туған. Бұқардың арғы тегі Арғын, оның ішінде Төртуыл Қаржас. Бұқардың әкесі Қалқаман жаугершілік заманда ерлігімен аты шыққан батыр болған. Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы Арқа өңірімен тығыз байланысты. Бірақ та жастық шағы, қандай өмір өткелдерінен өткендігі, туған, өлген жылдары жайында нақты деректер жоқ. Бұқар жырау ерте кезден көзге түсіп, Тәуке ханның тұсында-ақ (1718 жылы қайтыс болған) қабырғалы би болған деседі. Бірақ Абылайға дейінгі билеп келген хандардың ешқайсысымен тіл табыса алмайды. Тек Абылай ханның тұсында жыраудың жұлдызы тағы да жанады, сөйтіп ол хан ордасына оралып, қалған өмірінде мемлекеттік істерге тікелей араласады.

Бұқар жырау Қалқаманұлы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының аумағындағы Далба тауының бір сілемінде жерленген. Нақты сүйегі қалған жер әлі күнге дейін белгісіз. Бұқар жыраудың шығармалары философиялық-дидактикалық толғау түрінде бізге жеткен. Олар бейнелі суреттерге бай, ұлттық бояуға қанық, көркемдігі кемел. Жырау халықтың дәстүрлі ауыз әдебиетінің үлгілерін шебер пайдалана білген. “Өз заманындағы жандар бұл кісіні «көмекей әулие» деседі екен. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен”, – деп жазады белгілі ғалым, фольклоршы, жыраудың тұңғыш биографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бұқар жырау шығармаларының басты тақырыбы – халқына, отанына деген ыстық махаббаты. Ол отанды сүюге, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға үндейді. Көреген ақын қазақ халқының ұлттық бірлігі қажет екендігін айқын түсініп, бұл тұрғыда Абылайды бірлік идеясын жүзеге асыра алатын қайраткер ретінде жырына қосады, сыртқы жаулармен күресте қазақ жүздерін біріктірер қолбасшы, көзсіз батыр ретінде суреттейді. Ал егер оның іс-әрекеті халық мүддесіне кереғар келсе, қорықпай-үрікпей сын тезіне салады.

Жырау шығармашылығындағы басқа бір маңызды тақырып адам табиғатының өзгеруі, дүниенің бір орнында тұрмайтындығы. Бұқар өмірді кезең-кезеңге бөліп, адамның жасы оның санасын, мінез-құлқын, көңіл күйін, күш-жігерін қалай өзгертетіндігін көрсетеді. Оның поэзиясының халық арасына кеңінен тарап, ғақлия, нақыл, афоризмдерге айналуы, мақал-мәтел болып жетуі де көркемдеу тәсілінің кереметтігінде. Бұқар жырау Калқаманұлы шын мәнінде көне қазақ поэзиясының ең тұлғалы өкілдерінің бірі. 1993 жылы жыраудың 325 жылдық мерейтойын атап өтілген. Енді биыл да бұл мерейтой атаусыз қалмайды деген сенімдеміз.

Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына орай басқа да шаралар ұйымдастырылу көзделіп отыр. Уағында Қазақ хандығын басқарған хандардың ақылшысы, кеңесшісі болған жыраудың шығармалары, өсиеттері халыққа, әсіресе жас буынға жеткізілмек. Мезгілінде заманының данасы болған Бұқардың насихаты бүгінгі қоғам үшін керек-ақ. Тіпті, сонау хандық дәуірде заманынан озық туып, өзінің даналығымен күллі елді тамсандырған бабаның бағытына қандай мадақ айтсақ та, жарасымды екені жалған емес.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туылғанына – 160 жыл

Қазақ халқының көрнекті ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының (1858–1931) есімі еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап шынайы мәртебесіне көтеріліп, тарихта лайықты орнын ала бастады. Кезінде социалистік идеология қудалаған, теріс бағалаулар берілген талай ұлт саңлақтарының тарихи сана тұрғысынан өзінің лайықты бағасын алатын кезі келді. Бұл еңбектің Мемлекеттік «Ғылыми қазына» бағдарламасы ауқымында «Ұлы дала тұлғалары» топтамасын қалыптастыратынын атап өтуге болады. Дара тұлғалардың рухани тарихымыздағы орнын анықтайтын ойшылдың өмірі мен қызметі туралы еңбек гуманитарлық кеңістіктегі заңды құбылыс деуге болады.

Мәшһүр Жүсіп – қазақ халқының кемеңгер әрі аяулы перзенті. Ақынның шығармашылығы мен өміріне арналған іргелі еңбектер қазіргі кезеңде Алматы мен Павлодар және басқа да қалаларында әртүрлі көлемде жарық көріп келеді. Ғылыми зерттеулер жасалып, бұқаралық ақпарат ауқымында көрініс беруде. Ал, енді солардың қатарында басылып шыққан он үш томдық ақын шығармаларының жинағын кейінгі жылдардағы еліміздегі рухани кеңістігінің жетістігі. Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухани мұрасын зерттеумен айналысатын орталықтың қызметі жалпы қазақ халқының рухани мәдениетін дамытудың көрінісі. Оқырмандарға ұсынылып отырылған ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институты ғылыми қызметкерлері қалыптастырған еңбекте Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігіне қарайтын Орталық ғылыми кітапхана жанында құрастырылып, 2008 жылы жарық көрген «Сөз өнерінің зергері» атты кітаптан біршама материалдар топтамасы өзара келісіммен қолданылды. Осы аталған еңбек тарихымыздың ұлы ойшылы, ғұламасы, дінтанушысы, библиографы, сөз өнерінің зергері, ақын, публицист, этнограф, фольклоршы, ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналады.

Жоғарыда Мәшһүр Жүсіптің кемеңгерлігін, халқына тигізген пайдасын тізбектедік. Тағы да айта кету керек, ауызекі әдебиеттің көсемі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының да өз елі үшін, ұлттың сана-сезімі ұлғаюы үшін атқарған қызметтері орасан зор.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туылғанына – 125 жыл

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болған» ақын, қыршынынан қиылған жарық жұлдыз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да 125 жылдығына орай биыл Баянауыл төрінде өзгеше іс-шаралар өтуі тиіс.

Жоғарыда айтылған іс-шаралар тек қана оларды еске алуды мүдде тұтпайды. Жиынға келген қадірлі қонақтар мен белгілі әдебиетшілер, ақын-жазушылар ұлы тұлғалардың ұлағатын танытып,насихатын көтереді. Ал бұл насихат жаңғыру үдерісі жүріп жатқан қоғам үшін ауадай қажет. Жас буынның ұлттық санасына қозғау салып, білімге құштарлығын арттырады.

Қазақтың аспанынан бір жарқ етіп көрініп, ерте сөнген жарық жұлдыз, арынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ды биыл мерейтойы. 1893 жылы өмірге келген ағартушы-демоекраттың 27 жасқа толғанша атқарып кеткен орасан зор тірліктеріне қарап, расында-ақ заманынан озып туатын дүрлер бар екенін сезінесің. Рухани сезінесің.

Сұлтанмахмұт 1893 жылы 28-қазан күні Көкшетау облысы, Қызылту ауданында дүниеге келген. 3 жасында анасынан айырылып, әкесімен бірге қалады. Кейін әкесі қос ұлын құшақтап, Торайғыр кентіне қарай қоныс аударған.

Сұлтанмахмұт сауатын Мұқан есімді молдадан ашқан. Ол оның өлеңге жақын екенін біліп, қолдау білдіреді. Ал 1908 жылдан бастап оқытқан Әбдірахман есімді молданың балаға деген қысымы үлкен болған. Ол бұның өлең шығаратынын біліп, соққыға жыққан. Осыдан кейін Сұлтанмахмұттың санасында дінге деген теріс көзқарас қалыптасып кеткен.

1911 жылы Нұралы есімді ұстаздың көмегімен қазақ, орыс, татар тіліндегі кітаптармен, газет-журналдармен танысады. Ал келесі жылы Троицк қаласындағы Ахун Рахманқұли медресесіне түседі. Медреседе бір жылдай оқыған ақын өкпе ауруынан зардап шегіп, шығып кетеді. Осы аралықта орысша оқуын дамытып, оның үстіне қазақ балаларының көзін ашып, өлең жазып, жеке бас шаруасымен айналысады.

Кейін өзінің орысша сауатын ашып, «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды», «Мұздаған жүректерді жылытуды көздейді».

Бірнеше жыл тек шығармашылықпен айналысқан ол қаншама өлеңдер, «Кім жазықты?» өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді. Сұлтанмахмұт әсіресе әйел теңсіздігіне қатты нала болған. Оның бұл азаматтық позициясы «Қамар сұлу» романынан айқын көрінеді.

Тап жігінің ажырағандығын да Торайғыровтың өлеңдерінен көруге болады. Әсіресе, осы ретте «Кедей» поэмасының шоқтығы биік.

Сондай-ақ, Сұлтанмахмұт Алашорда қозғалысын барынша қолдаған адам. Ол Әлихан, Ахметтердің бастамасы оң екендігіне, аяғына дейін бірге күресуге дайын екенін білдірді. Әттеген-ай, сұм тағдыр Сұлтанмахмұттың сынға салса да өзгермейтін мұратының бетін қайтарды.

1920 жылы ағзасын әбден ауру меңдеген жас жігіт бақилық болып кете барды.

Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның теңденциясы да сыншыл.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының міндеттері де осы арнаға саяды. Яғни, жас буынның ұлттық санасын ояту, олардың еңбекке қабілеттілігін арттыру, кез-келген бастамада прагматистік көзқараста болу секілді дүниелердің бірқатары биылғы Баянауыл төріндегі іс-шаралардың өне бойынан байқалып тұр.

Жалпы, «Өткенді еске алу – болашаққа жол» бағытына Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының 30-дан астам мұражайлары қатысуда. Павлодар облысынан кейін көрмені Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының музейлері жалғастырады.

Аталған мұражайлар көрмесі халықты тарихпен байланыстыру, санасын жаңғырту, ұлттық болмысты ұлғайту секілді өте маңызды мақсаттарды жүзеге асыру үшін атқарылып жатыр. Құнды экспонаттардың ел алдына шығуы, халықтың олармен танысуы “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласындағы міндеттемелерді іске асыруға үлес қосатын дүние.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button