Жаңалық

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен игі іс-шаралар

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері жер-жерде, аудандар мен ауылдарда, қалаларда дәл осы бағдарламалық мақала аясында түрлі іс-шаралар, жиындар, отырыстар өтуде. Мамыр айында да бірқатар игіліктер жүзеге асып, Елбасы міндеттемелерінің жүзеге асуына өңірлік органдар атсалысты. Сондай-ақ, Павлодар облысы осы бағытта қолданысқа енген бірқатар жаңалықтарын ресми түрде таныстырды.

«Ауыл күні» мерекесі тойланды

Амангелді ауданында биыл жаппай «Ауыл күні» мерекесі тойланады. Мұндағы мақсат – туған өлкенің тарихына тағзым жасап, көркеюіне үлес қосу, жас ұрпақты Отаншылдыққа баулу. Алғашқы мейрам Байғабыл ауылында өтті. «Рухани жаңғыруды» береке мен бірліктің бастауына айналдырған торғайлықтардың бастамасы жайлы білгіңіз келсе, әрі қарай оқыңыз.

Төрт түлік – бұл мекеннің ежелгі күнкөрісі. Соңғы жылдары ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып келеді. Соның арқасында шаруалардың қолындағы мал тұқымы жақсарды. Көрмеге қойылған төлдер – арнайы кіші бағыттар аясындағы еңбектің жемісі.

Шаруа қожалықтары әлеуметтік жауапкершілігін де айқын сезінеді. Олар «Ауыл күнін» атап өтуге де аянып қалған жоқ.

Байғабылдық балғындар өлкенің шежіресіне құрметпен қарайды. Оқушылар дайындаған көріністер үш ғасырлық тарихты қамтыды.

Тұлпар мініп, ту ұстаған батырлар ұрпағы – торғайлық өрендер ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қояды. Бұлшық еті бұлтылдаған балуандар мен ат құлағында ойнаған бозбалалар бәсекесі делебе қоздырды. Айта кету керек, бұл мейрам – «Рухани жаңғыру» аясында Байғабылда өтіп тұрған үшінші іс-шара. Былтыр ауыл тұрғындары туған жерін түлетуге 13 млн теңге қаржы қосқан еді. Тап осындай іс-шара күзге дейін ауданда 11 елді  мекенде өтпек.

Павлодар облысы «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асқан бірқатар игіліктерін таныстырды

Ақсу қаласында өткен патриоттық форумға аудан, қала, облыстан келген делегаттар, ұлттық сананы жаңғыртуға қатысты тың идеяларын ортаға салды.

Ал Ақсу қаласы Астананың 20 жылдық мерейтойының құрметіне 20 жобаны ұсынды.

Қарлығаш Қасиетова:

– Әдетте біз Ақсуды металлургтер мен энергетиктер қаласы деп өндіріспен байланыстырып жатамыз. Май ауданымен шектесетін бұл шаһардың өзіне тән ерекшеліктері мен тағылымы мол тарихы бар. Ақсу – Ертістің сол жағалауында орналасқан археологиялық ескерткіштерге бай, ұлы тұлғалардың ізі қалған киелі мекен. Ал «Рухани жаңғыру» ұмытылып бара жатқан сол құндылықтарды қайта жаңғыртуға  мүмкіндік береді.

Болат Рахматолла, тарихшы:

– Топографиялық жұмыстар жүріп жатыр. Өйткені әрбір қазақ жерінде жердің атауы бар. Соны қайтадан жаңартып, атауларды жаңғыртуымыз керек.

Ақсу қаласында жүзеге асатын 20 жоба барлық маңызды бағыттарды қамтыған. «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы», «Рухани қазына», «Туған жер – Туған ел». Бүгінгі таңда жалпы облыс бойынша кең ауқымды жұмыстар атқарылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыс орталығында этноауыл бой көтерді. Кітапханаларды жаңғырту жұмыс облыс көлемінде жүрді. Ауылдарда коворкинг орталықтар мен ІТ сыныптар жаппай ашылып жатыр. Павлодар облысында жүзеге асып жатқан 130 жобаның қатарына Ақсу қаласының 20 жобасы қосылды. Оның ішінде «Тілдік келісім» бағыты қызығушылық тудырды.

Форумның жұмысына 300-ден астам адам қатысты. Олардың арасында «100 жаңа есім» бағытының жеңімпаздары да болды. Таныстырылған жобалардың арасында «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» және «Атамекен» бағыттары бар. Тұсауы кесілген жаңа жобалар Павлодар облысының сараптамалық кеңесінің қарауына ұсынылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button