Жаңалық

Ахмет Ясауи университеті Түркістан қаласының облыс статусын алуына байланысты дөңгелек үстел өткізді

21-маусым күні Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы рухани астананың Түркістан облысы мәртебесіне ие болуына орай салтанатты шара өткізді. Шараға университет басшылары мен құрметті қонақтар қатысты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Заңының 9-бабына сәйкес, Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қоюы – халық үшін қуанышты жаңалық болды. Университет ректоры Б.С.Абдрасилов және ректор өкілі М.Куталмыш оқу орда ұжымын тарихи маңызды оқиғамен құттықтады.

Ректор Б.С.Абдрасилов: “Киелі Түркістан қаласының Түркістан облысының орталығы атанып, облыс мәртебесіне ие болуы құтты болсын! Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Түркістан тарихындағы үлкен маңызға ие шешім туралы Қазақстан халқына арнайы хабарлады. Қасиетті Түркістанды облыс мәртебесіне көтерген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенділігіліне университет ұжымы атынан ризашылығымды білдіріп, рахмет айтқым келеді. Түркістан – қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолы тоғысқан киелі қала”.

Осылай деп сөзін бір түйген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры лепесін әрі қарай жалғап, қасиетті Түркістан қаласының тарихына аз-кем көз жүгіртті. Түркістан қаласының қала деңгейінен өсіп, облыс статусын алуы университетке қандай пайда әкелетінін айтқан ол түркі дүниесінің жаңаруына себеп боларлық шешім үшін қуанышты екенін жеткізді.

Мәңгілік елді ұлы мұрат тұтқан қазақ елінде үлкен қуанышты оқиғаның орын алуы барша қазақстандықтарды қуанышқа кенелтіп отыр. Қазақ тарихындағы ұлы шешімдер қабылданған Қазақ хандығының ордасы болған шаһардың мәртебесі өсіп отыр. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістан облысын құру туралы Жарлығы киелі қаламыздың өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін болады. Қала аумағында үлкен құрылыстар жүріп, тарихи қала қайта жаңғырып түлейді. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен астасып жатқан бұл шешім қаламыздың қайта жаңаруына септеседі. Қаламыздың облыс орталығы атануы біздің университетіміз үшін де үлкен серпіліс береді. Оқу орнымыздың әлеуеті өсе түсетін болады. Білімді жастардың қаламызға қызығушылығы артады. Университетте студенттер контингенті өсіп, түркі дүниесіндегі, республикамыздағы географиялық аумағы ұлғая түсетін болады деп сенеміз», – деп, ұжым қуанышын еселеді.

Расында Шымкент қаласының даму қарқыны жеделдеп, белгілі бір дәрежеге жеткеннен кейін арнайы президент жарлығымен республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылып, облыс орталығы Түркістан қаласына ауыстырылды. Сондай-ақ, облыстың атауы енді Оңтүстік Қазақстан облысы емес, Түркістан облысы деп аталмақ. Түркістан қаласының облыс статусын алуы қаланың гүлденуіне, экономикалық, қаржы, білім салаларының дамуына айтарлықтай септігін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар, қаладағы жол қозғалысы, тұрғын үй мәселесі шешіліп, тарихи астанаға ерекше сән бермек. Оның үстіне Түркістан қаласының дамуын, алып шаһарға айналуын жеделдетіп жүзеге асыруға Елбасының өзі тікелей тапсырма берді.

Басшылық өкілдері шаһардағы сәулет және қала құрылысы, жер мәселелері, бюджеттің орындалуы, білім саласы, спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік ақпараттық саясат туралы баяндама жасады.

Хаттамалық тапсырмалар бойынша жасалған баяндамалар қорытындысында 2017 жылы қала әкімдігіне облыс әкімі тарапынан 87 хаттамалық тапсырма беріліп, бүгінде олардың барлығы дерлік орындалғаны белгілі болды.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсім бары өткен жыл қорытындысында айқын көрінді. Атап айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 411,6 миллиард теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 3,2 пайызға, негізгі капиталға бағытталған инвестициялар – 24,1 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 2,8 пайызға, пайдалануға берілген үй көлемі 63 пайызға өскен.

Шымкент шаһарының басшылығы биылғы жылға да келесі мақсаттарды алға қойып отыр. Биыл қалада қоғамдық көлік саласын дамыту, жолайырықтар мен жол салу, «Цитадель», «Шымкент сити», «Арбат», «Шымкент қауіпсіз қала» және «Ақылды қала» жобалары мен «Шатқалдар» жобасы жүзеге асырылмақ. Соның нәтижесінде қаланың жасыл белдеуі нығайту көзделуде. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мектептердің санын арттыру, Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру, Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы іс-шарасына дайындалу мен Наурыз мерекесін Шымкент қаласының брендіне айналдыру жобасы қолға алынбақ. Бұған қоса зообақты заманауи қалыпқа келтіру және қалада кино-концерт залын салу сынды жұмыстар атқарылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, қуанышты лебіз-тілектерін білдірген «Қоғамдық ғылымдар және журналистика» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, С.Садықов, Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Н.Қ.Айтбаева, «Актерлік өнер» мамандығының бітіруші студенті А.Ілескен баяндама жасады.

Қазақ хандығының бас қаласы болған, әлі күнге тарихи тамырынан, тарихи географиялық мекенінен қол үзбеген Түркістан қаласы расында облыс статусына әбден лайық. Ал Шымкент шаһарының халық саны артып, қаланың мәртебесі өсуіне байланысты республикалық маңызы бар қалалар қатарына енді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістан қаласын дамытуды жеделдету туралы арнайы бұйрық бергенін де сөз соңында айта кету керек.

Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар қатарына қосылуы, сондай-ақ, облыс орталығының Түркістан қаласына ауыстырылуы үлкен өзгеріс екені белгілі. Алдағы уақытта қос шаһардың да бәсекеге қабілеттілік деңгейі артып, елдің экономикалық өрлеуіне, мәдени-тарихи құндылықтардың ауқымды насихатталуына зор үлес қосатыны анық. Сонымен қатар, Шымкент шаһарының статусының жоғарылауы аймақтағы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының нақтыланған міндеттерінің уағында жүзеге асуына да мүмкіндік берері анық. Қаланың одан әрі дамуына себеп болатын қаржылық инвестициялар көлемі артып, миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік жағдайы жақсара түспек. Әрине, мұндай оң өзгерістерден жуырда ғана облыс дәрежесін алған Түркістан қаласы да қалыс қалмайтыны белгілі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button