Жаңалық

Биікке бастаған бағыт

«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Өміріңізде бір рет болса да, аталмыш мәтелді естіген боларсыз. Шыны керек, екі ойлы дүние. Бүгінде заманауи технологиялар даму үрдісінен өтіп, шарықтаған кезінде адамның ойлау қабілеті де белгілі бір өзгерістерге тап болғаны кәміл.

Ғаламтор желісі арқылы өнерімен, болмаса қандай да бір «ерекше» қабілетімен бөлісу арқылы танымал болуға болады. Жас буынның «кумирі» атану оңай. Сондай-ақ, әдемі суреттермен өрнектелетін мультсериалдардағы батырлар да кішкентайлардың назарына тез ілігеді. Дегенмен, аталмыш іс-әрекеттер болашақта адамдардың сана-сезімінің ұсақталып кетуіне алып келмейді ме? «Аузынан ананың сүті кеппеген, бесіктен белі шықпаған» сәби шағында баланың таңдауы дұрыс болғаны жөн. Ал дұрыс таңдау тек ата-ананың ғана емес, мемлекеттің һәм қоғамның міндеті болып табылады. Себебі, мемлекеттің берекелі келешегі – бүгінгі жас буынға тікелей байланысты болмақ. Мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы атап өткендей, «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді». Ойлантарлық жайт екендігі хақ.

Өткен жылы сәуір айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Аталмыш мақалада еліміздің дамып, көркеюі жолында өзекті саналатын бірқатар мәселелер қамтылып, атқарылуы тиіс іс-шаралар бағдары көрсетілген болатын. Ауқымды алты бағыттан тұратын бағдарламалық мақаланың әр бөлімі – экономикалық және әлеуметтік дамыған мемлекеттің жарқын үлгісіне алып келер жол. Елбасы Н.Назарбаев өз мақаласында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деген болатын.

Осы орайда аталмыш бағдарламалық мақаладағы маңызды бағыттардың біріне ерекше тоқталып өткен жөн. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» бағыты – бүгінгінің батырларын, өз ісінің майталмандарын, еліміздің дамуына еңбегі сіңген игі жақсыларды қамтитын ауқымды дүние. Аталмыш бағыттың басты мақсаты – тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына, нығаюына және көркеюіне зор үлес қосқан, тарих беттерінде есімдері ескірмейтін, үлкен құрметке лайықты тұлғаларды халыққа таныту, жастар үшін нағыз ерліктің үлгісін қалыптастыру.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр…», – деп атап өте келе, еліміздің жарқын болашағы үшін бүгінгінің батыр тұлғалары туралы айту қажеттігін көрсеткен болатын. Сондай-ақ, ол кісілердің өмір және еңбек жолдары бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанына айналуы тиістігін жеткізді. Және де «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау керектігін айтып өтті.

Аталмыш бағыт бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде краудсорсинг негізінде қатысуға мүдделі кісілерден өтініштер қабылданды. Келген материалдардың барлығы 100esim.el.kz ресми сайтында жарияланып, кез келген пайдаланушы үшін қолжетімді болды. Ресми сайтта көрсетілген әрбір үміткердің өмір және еңбек жолымен, жетістіктерімен танысып қана қоймай, «лүпіл» басу арқылы қолдаулар көрсетілді. Кәсібилік пен табыстың, біліктілік пен отансүйгіштіктің, жақсылық пен жылы жүректің иегерлері саналған тұлғалар қатарында жасөспірім балалардан бастап ғылым мен білім, медицина мен бизнес саласының майталмандары, спорт шеберлері болды. Сондай-ақ, қайырымдылық шараларын өткізіп, қарапайым халықтың мүддесі үшін еңбек ететін мемлекет қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Жас та болса, еңбекке белсене атсалысып, елге қызмет атқаратын жастардың осы тізімде болуы көңіл қуантарлық жайт болып табылады.

Әрі қарай арнайы жұмыс тобы мен сарапшылардан тұратын комиссия барлық жинақталған жұмыстарды қоғамдық пікірге сүйене отырып, іріктеді. Қазіргі таңда аталмыш бағыттың ақтық кезеңі аяқталып, 102 жеңімпаз, оның ішінде, спорт саласы бойынша – 13, ғылымда – 18, мәдениет саласында – 10, медицина бойынша – 18, бизнесте – 13, қоғамда – 30 жеңімпаз анықталды. Ауқымды жобада 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға 1 миллион 376 мың дауыс берген екен. Азаматтарымыздың осындай бастаманы қолдап, белсенді атсалысуы қуантарлық дүние болып табылады. Аталмыш жайт қазақстандықтардың бірлігінің, ауызбіршілігінің мықты екенін тағы бір дәлелдеді.

«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, өз кезегінде аталмыш бағыттың дұрыстығына күмәнданушылар да болғаны анық. «100 адамды анықтағаннан кейін не болады?», «Бұл бағыттың мақсаты қандай?», «Аталмыш жобаның пайдасы бар ма?». Осы сынды сауалдардың туындауы да заңдылық. Бұл ретте сөз басында айтылып өткен мысал көз алдымызға келуі тиіс. Әр мемлекеттің келелі келешегі бүгінгі жастардың қолында. Сондай-ақ, бүгінгі жастарды үйдегі, болмаса оқу орнындағы тәліммен қатар, қоғам тәрбиелейді. Мәселен, осы шараға қатысқан әр қатысушының әрқайсысының артында ерен еңбек жылдары мен сан қилы күрделі сынақтар жатыр. Мемлекеттің әр саласының, атап айтқанда, спорт, ғылым, мәдениет, медицина, бизнес, қоғамдық салада қызмет атқаратын әр қатысушы өз ісінің хас шебері болып табылады. Еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етіп келетін бұл кісілердің мақсаты мен мүддесі бір арнада түйіседі. Яғни, келешек буынға экономикалық-әлеуметтік дамыған мемлекетті табыстау болмақ. Теледидардан көрсетілетін мультсериалдардағы батырларға қарағанда бұл кісілердің тағдыры шынайы, еңбегі айқын.

Қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, біздің елімізге осындай әлі де танылмаған «жаңа есімдер» қажет.

«Мысалы, өнер саласын алсақ: консерваторияны оқып, әлемдік деңгейдегі үлкен бір байқауларда жеңіске жеткен жас өнерпаз болса, немесе спорт саласын алсақ: әлі өте үлкен жетістіктерге жете қоймаған, бірақ болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар болса… Міне, осыларға үміт артсақ, оларды жарнамаласақ, ары қарай дамуы үшін қолдау көрсетсек – сонда ғана «100 жаңа есім» бағыты өз мақсатына жетеді.

Жалпы, бірақ 100 ғана есіммен шектеліп қалуымызға тағы болмайды. Әр аймақтың өз «100 есімі» болуы керек деп ойлаймын. Немесе әр сала өз тізімін жасауы керек. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның үміт күттіретін 100 жас ғалымының тізімін әзірлесе. Сол ғалымдардың еңбектерін түгел бір жерге жинақтап қойса болады. Немесе болашағынан үміт күттіретін 100 спортшының, 100 IT-маманның тізімдерін неге жасамасқа? Сонда бұл жоба бір жүйеге түсер еді.

Шүкір дейік, көбейіп келе жатқан ұлтпыз. Ертең 5-10 жыл сайын ұрпақ жаңарып отырады. Сонда осы «100 жаңа есімді» де жаңартып отырамыз. Бұрынғы тізімде болғандар оған дейін атақ-даңққа бөленеді ғой, сосын орнын өзге жастарға ұсынады.

Жалпы, қазақ мәңгі ұлтқа айналсын деген тілегіміз бар бәріміздің, қазақ мәңгілік елге айналса, бұл жоба да мәңгілік болуы тиіс», – дейді белгілі саясаттанушы.

Сонымен қатар, осындай ауқымды бағыттың бас-қасында жүрген «100 жаңа есім» жұмыс тобының тең төрағасы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Қоғамда қызу талқыланып, қатаң таразылау арқылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» анықталып, елге жария етілді. Аталған жоба аясында біз арнайы жол картасын әзірледік. Нәтижесінде, келер жылы осы үздік жүздікке енген адамдарға арналған 100 теленовелла жарыққа шығады деген сенімдемін. Мұндай бастама жөнінде алдағы уақытта толығырақ айта жатармыз. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үздіктерін таныстыру шарасы кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жалпы тізімге қанша адамның тіркелгенін сұрады. Мен 2 100 адам екенін атадым. Сол сәтте ол осы 2 100 адамның барлығын да назардан тыс қалдырмай, елге үлгі ету қажеттігін айтты. Сондықтан біз бұл адамдардың жастар алдында сөз сөйлеп, ашық сабақтар мен кездесулер өткізуін құптап, жоспар құрудамыз».

«Осының өзі жобаның қоғам үшін маңызды болғанын көрсетеді. Ендігі жерде үлкен жұмыстар басталмақ. Қазіргі уақытта Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Осы орайда жобаға атсалысқан барша жұртшылыққа – еліміздің жаңа есімдері туралы жан-жақты ақпарат берген журналистерге, бізге қолдау көрсеткен волонтерлер мен қоғамдық ұйым мүшелеріне алғыс білдіремін. Өтінімдерді жинау барысында елімізде мақтан етуге де, өскелең ұрпаққа үлгі етуге де лайықты мыңдаған бірегей жандардың бар екеніне куә болдық. Осынау жаңа есімдер арқылы тұтас Тәуелсіз Еліміздің табыс тарихының жаңа парақтары ашылмақ», – деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі.

«Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, кез келген өзгерістің артында тың идея мен қажымас күш-қайрат жататыны анық. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы өткен мен бүгінгіні үйлестіру арқылы, яғни тарихи құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді қазіргі заманауи үрдістермен байланыстыруға бағытталған ерекше бастама болып табылады. Соның ішінде, «100 жаңа есім» бағытының алар орны айрықша. Себебі, әр мемлекеттің тірегі мен негізі – әлеуметтік әлеуеті артқан, білімі мен біліктілігі жоғары халқы саналады. Осы орайда бұл бағыттың республикамыздың бар өңірінде әрі қарай толыққанды жүзеге асуы – еліміздің жарқын бейнесі жолында еңбек ететін азаматтарымызды тануға мүмкіндік береді. Біздің ұрпаққа шынайы үлгі болатын батырлар қажет. Ал «100 жаңа есім» бағытының кейіпкерлері болып табылатын кісілердің сан қилы еңбек жолдары – нағыз ерліктің көрсеткіші болмақ.

Еңбегі еленген азаматтардың арқасында елімізде бәсекеге қабілетті, білімді жастардың қатары арта түспек. Осы қарқынымыздан таймасақ, ұлттың өміршеңдігі жойылмақ емес. Сонымен қатар, болашағы жарқын, әлеуеті асқақ мемлекетке айналарымыз хақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button