Жаңалық

«Рухани жаңғыру» аясында «Ұлы дала елінің киелі мұрасы» тарихи-экологиялық акциясы өтті

Тарих – болашақтың іргетасы. Өткенің арқылы ертеңге аяқ басасың. Бүгінде біздің елде үлкен рухани толқу жүруде. Бұл толқу Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен кейін басталды. Жақында ғана облыс статусын алған киелі Түркістанның халқы мен басшылығы бүгінде мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында міндеттеген шарттарының жүзеге асуына айтарлықтай үлес қосуда.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тарихи жерлердің, көне қалалардың топырақ астынан қазып алынып, тек қана археологиялық қазбамен айналысуын міндеттеген жоқ. Аталған бағдарламалық мақаланың «Қазақстанның киелі географиясы» деп аталатын бағыты аясында да қасиетті орындардың тазалығы, жөндеу жұмыстарының уақытында жүргізілуі қатаң қадағалануда.

Жақында осындай міндеттемелерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған «Жаңғыру жолы» атты республикалық жастар қозғалысының ұйымдастыруымен «Ұлы дала елінің киелі мұрасы» деген атауда тарихи-экологиялық акцияның үшінші кезеңі өткізілді.

Алматы қаласынан бастау алған аталмыш шараның басты мақсаты – ғалымдардан, өзге этнос өкілдерінен, жастардан құралған топтарды киелі орындармен таныстырып, сол орындарда тазалық жұмыстарын, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу. Экспедиция құрамындағы азаматтар, белгілі тұлғалар аталған акция аясында еліміздің қасиетті орындарымен етене танысып, олардың жойылып кетпеуіне, келер ұрпаққа жетуіне, кеңінен насихатталуына үлес қосады.

Шараның эстафетасы Түркістан облысына көмбе тарихтың көнекөз куәсі Жамбыл облысынан табысталды. Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында өткен ауқымды шараға Жамбыл облысының делегациясы, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өңірлік штабының мүшелері қатысты.

Дөңгелек үстел барысындағы жиын аяқталысымен, экспедиция мүшелері «Отырар төбе» қалашығына, Отырар археологиялық қорық-мұражайына, Түркістан облысының тарихи-мәдени этнографиялық орталығына, «Арыстан баб» кесенесі мен «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына барып, аймақ кереметтерімен танысып, рухани байлықтарын молайтты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтіп жатқан іс-шара Қазақстанның бай мәдени мұрасымен жастардың терең танысуына мүмкіндік береді. Сол арқылы жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, қазақстандық бірегейлікті, елдің бірлігін нығайту көзделуде. Акция барысында ұйымдастырылатын эко-сенбіліктер қасиетті нысандарды күтіп, қастерлеудің маңыздылығын арттырады, – Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы дейді Ербол Сүлейменұлы.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өтіп жатқан ғибраты мол шараның алғашқы кезеңінде Ұлы Жеңіс күнінің құрбандары еске алынып, оларға тағзым жасалды. Шараның екінші кезеңі қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне арналды. Ел тарихымен, жер тарихымен, өңірдің кереметтерімен таныстыратын осындай шаралар аумағында бабалар ісі ұлықталып, олардың қасық қаны қалғанша, жанын пида ете жүріп қорғап қалғаны үшін бүгінгі ұрпақтың алғысы іспетті.

Республиканың барлық өңірінде өткізілген ауқымды шара үстіміздегі жылдың тамыз айында оңтүстік астанада қорытындыланбақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button