Жаңалық

Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» аясында ІТ-сыныптар ашылды

Замана дәуірімен қатар тыныстап, даму жолында қарқынды жылжып келе жатқан мемлекетіміздің азаматтарына Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бәсекеге қабілетті болуды міндеттеген еді. Бәсекеге қабілеттілік кез-келген салада сынала беретіні айқын. Демек, қандастарымыздың технологиялық, жаһандық, саяси білімі терең болуы міндетті нәрсе болып шыға келеді. “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы цифрлы дәуірде сандық жүйеге көшудің алғышарттарын еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

Жамбыл облысының басшылығы бұл орайда қарқынды жұмыс жасауда. Өңірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының міндеттемелері жүзеге асырылуда. Бұл сөзімізге жақын арада Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде ашылған ІТ-сынып дәлел бола алады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан игі бастаманың ашылу салтанатында «Сандық ІТ – технологияларының автоматтандырылған ресурстық кешенінің» арнайы таныстырылым рәсімі өтті.

Бұл бастама «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттемелерін орындау жолында өте маңызды. Жоғарыдағы сөзімізге Елбасының:

«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деген сөзі дәлел.

Аталған колледждің оқытушылары өздері даярлаған «Автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер» жобасын көпшілік алдында таныстырды. Бұл жоба халықтың мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі кез-келген жерде алуына мүмкіндік береді.

Нақтырақ айтсақ, жоғарыда айтылған игі бастаманың қызмет көрсету аясына келесі бағыттар кіреді: «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға жатақхана беру», «Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыс беру», «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім алуды аяқтамаған адамдарға анықтама беру». Осылайша өңірде азаматтар мен студенттерге мемлекеттік қызмет түрлерін ешбір кезекке тұрмай-ақ жылдам алуға жағдай жасалып отыр.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі мақсаты – халықтың жаһандық білім деңгейін арттырып, руханиятын байытып, бәсекеге қабілетті азаматтарды қолдау және олардың санын арттыру. Азаматтардың цифрлық жүйедегі технологиялық біліктілігін арттыру үшін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жолға қойылып, бүгінде аталған бастаманың міндеттемелері еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асуда.

Тағы бір айта кетерлігі – аталған цифрлық жүйеге көшу бағытындағы бастамалар қоғам дертіне айналып тұрған сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мен өзге де мәселелерді шешуде маңызды рөл ойнайды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button