Жаңалық

«100 жаңа есім» бағытының жеңімпазы – Ақжүрек Таңатаров

Біз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «100 жаңа есім» бағыты бойынша жеңімпаз атанған азаматтар туралы мәліметтерді жариялау дәстүрінен айнымай келеміз. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялағалы бері бірнеше азаматтың еңбегі еленіп, ел дамуына қосқан үлесі халық алдына шықты.

Ол қалай айтсақ та тәуелсіздік жылдарында жасындай жарқыраған жұлдызды спортшы. 1986 жылы Алматыда қазақ жастары «Желтоқсан» оқиғасына қатысып, ұлт азаттығын талап еткен шақта Ақжүрек Таңатаров дүние есігін ашты. Шынашақтайынан шымыр денелі Ақжүрек Тәуелсіздіктің елең-алаңында еркін күрес секциясына жазылады. Азат елдің асқақ ойлы азаматы сол бір балаң шағында Олимпиада ойындарында атой саламын деп ойлады ма екен?! Сол жылдары ғой, Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов бастаған жамбылдық жампоздар еліміздің алғашқы Олимпиада ойындарында-ақ абыройын асырып, қос бірдей жүлдемен (күміс, қола) оралды. Боксшы ағаларының жеңісті жорығы тұла бойы намыстан жаралған Ақжүректі де спорт залға жетектеп келген еді.

Белді балуан Лондонда өткен Олимпиада қарсыластарынан басым түсіп, қола медальға қол жеткізген еді. Одан бөлек, Ақжүрек Таңатаров Үндістан жерінде Дели қаласында өткізілген Азия чемпионатында 70 келі салмақ дәрежесі бойынша алтын медальді қанжығалап, өзінің шаршы алаңдағы бәсін арттыра түсті. Күн сайын толассыз жаттығулар қандасымызды осы дәрежеге дейін көтеріп, халықтың сүйікті ұлына айналдырды. Қарсыластың осал тұсын пайдаланып, жекпе-жекте жанары отша жанып, жүрегінде жалын ойнайтын жігіттің өнерін ел сүйсініп тамашалады. Қарсыластарын жеңу арқылы елдің рухын көтерді.

Тағы да айта кетелік, Ақжүрек Таңатаров 70 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы. Делидегі делебе қоздырарлық бәйгенің ширек финалында монғолиялық Хатанбатаар Даваатсеренді ұтып, жартылай финалда шығыстың жампозы, жапонилық Моможира Накамураны 11:7 ұпаймен, айқын басымдықта жеңеді. Бәйгенің ақтық кезеңінде қандасымыз өзбектің балуаны Ихтиор Новрузовтың жауырынын жерге тигізіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Ақжүрек Таңатаров – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен ел чемпионаттарының төрт дүркін чемпионы, бірқатар халықаралық дәрежедегі біріншіліктердің жеңімпазы, Азия чемпионы.

Елдің даңқын көтеріп, рухын асқақтататын спорттық жарыстарда қандасыңның бәсі басым түсіп жатса, бөркіңді аспанға ата қуанарың анық. Өйткені, жалғыз спортшының жеңіс тұғырынан көрінуі жалпы ұлттың жеңісіне пара-пар дүние.

Ақжүрек Таңатаров 1986 жылы Жамбыл облысына қарасты Қоған ауданының Құмарық ауылында дүниеге келген. Сол ауылда ес біліп, алғашқы үш сыныпты бітірген. Кейіннен Әкесі баласының қабілетін байқап, қала орталығына көшеді. Сондағы мақсаты – баласының кәсіби түрде спортпен айналысуына жағдай жасау. Қалаға қоныс аударғаннан кейін Ақжүрек еркін күреспен кәсіби түрде айналыса бастайды. Спорт залында уақыт өткізген балуанның еңбегі зая кеткен жоқ.

Арқасына қыраны қанатын жайып, күні шуақ шашқан Қазақстанның туын жамылып, қарсыласынан басым түсіп жататын спортшымыз.

Өмірде жеңістің түрі көп. Ең бастысы – еңбегіңнің, төккен теріңнің зая кетпеуі. Ақжүрек бұл жөнінде ешкімнен кейін қалып отырған жоқ. Ұлттың рухын көтеріп, талай бәйгелерде топ жарды. Спорт – нағыз бәсекенің ортасы. Бәсекелесуге қабілетті болмасаң, батыл болмасаң екінің бірі болып қалуың айдан айқын. Осыны түсінген кез-келген спорт қуалап жүрген жеткіншектер өз ортасынан ерекшеленіп көзге түсу үшін тер төгеді.

Елбасы еліміздегі жетістікке жетіп, биік шыңдарды бағындырып жүрген жастардың еңбегін елеп, «100 жаңа есім» бағытын жариялап, оның ішіне нағыз дүлдүлдерді қосуға пәрмен берген еді. Міне, осыдан келіп, жастар арасында бәсекеге қабілеттілік деңгейі арта түспек. Өйткені, жеткіншектер алдыңғы толқын ағалардың төккен терінің өтеуі болып жатқанын көріп, өз көздерімен куә болып жүр.

Спорттағы жетістіктері арқылы ел спортының дамуына сүбелі үлес қосқан Ақжүрек Таңатаров секілді азаматтар көпке үлгі. Өр рухымен, шыңдалған тәжірибесімен алаңдағы бәсті жеу арқылы мемлекеттің абыройын асқақтатып жүрген спортшыларға Елбасының да ықыласы ерекше. Оларды әрдайым қолдап, кездесулерде арқаға қағып отыратынын көріп те, естіп те жүрміз.

«100 жаңа есім» бағытының жеңімпаздарының ішінде осалы жоқ. Олардың кез-келгенінің мемлекет үшін қосқан үлесі, жасаған игілігі бар. Ендігі мақсат – кейінгі толқын жас буын арасынан осы қатарды толықтыруды мүдде етіп алып, жігерлене жұмыс жасайтын жастардың қатарын арттыру.

Ел дамуына үлес қосу – азаматтардың парызы һәм жалпыхалықтық, жалпыұлттық мүдде. Көздеген межеге жету үшін барлығымыз аянбай тер төккеніміз абзал.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button