Жаңалық

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» бағытының маңызы туралы бірер сөз

Етілген еңбек еленді. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 жаңа есім» бағытын жүзеге асыруға пәрмен бергелі бері еліміздің әртүрлі салаларының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың аты тізімге енді. Аталған бағыттың жеңімпаздарын халық таңдап, оның саны 102 азаматқа жеткен. Бұл бағытты жүзеге асыру арқылы біз елдегі азаматтар арасында бәсекелестік туғызып, әр салада ілгерілеушілік пен дамуды қалыптастырамыз. Әрине, егемендік алған уақыттан бастап мемлекеттің көркеюіне үлес қосып келе жатқан тұлғалардың еңбегі де осылай ақталуға әбден лайық.

Былтыр сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту үшін үкімет алдына нақты тапсырмалар қойған болатын. Яғни, аталған бағдарламалық мақалада көрсетілген басым бағыттарды орындаудың тетіктері анықталып, артынша оны жүзеге асырудың жұмыстары басталып та кетті.

Елбасы мақаласының басым алты бағыты бар екенін бүгінде баршамыз жақсы білеміз. Ол бірнеше бағдарламадан да тұрады. Әрбірінің формасы, жүзеге асу механизмі әртүрлі болғанымен, баршасының мақсаты бір – халықтың санасын жаңғырту, рухани құндылықтарымызды қайта тірілту.

Аталған мақалада көрсетілген маңызды бағыттардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Аталған бағыт осы айдың басында өз мәресіне жетіп, бүкіл қазақстандықтар еліміздің 100 су жаңа есімін анықтап тастады. Бірақ, ол жайында сәл кейінірек, қазір бағыттың қоғам үшін нақты пайдасы туралы сараптап көрелік.

«Рухани жаңғыру» идеясы жарық көрген сәттен бастап дәл осы «100 жаңа есім» бағыты төңірегінде талқылаулар көбейіп кеткен болатын. Несін жасырайық, бағытты сынағандар аз болған жоқ. Қоғамдық талқылау кезінде «оның қандай пайдасы бар?», «бұл кеңестік идеологияның сарқыншағы» дегендер де көп болды. Яғни, «идеологиялық тұрғыда ешқандай пайдасы жоқ бағытқа миллиондарды шашпайық» деп үгіттеді кейбір қоғам белсенділері.

Ал, шындығында солай ма? Бұл бағыттың қоғамға қандай пайдасы бар? Халықтың рухани жаңғыруына қалай әсер етеді? Енді осы сауалдардың төңірегінде азды-кем ой қозғап көрейік.

Елбасы өз мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» туралы өз ойын айтқан болатын.

«Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр…», – делінген Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.

Яғни, қазір өзін сөзбен емес, іспен дәлелдеп, өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды тарих бетіне шығаруымыз керек. Олардың іс-әрекеттері өзге замандастарына үлгі болары анық. Демек, бұл бағыт жеке бір адамдарды насихаттау немесе олардың абыройын асқақтату мақсатында жүзеге асып жатқан жоқ. Мұның артында расымен де үлкен идеологиялық астар жатыр.

Демек, бұл ретте «Қазақстанның 100 жаңа есімін» пайдасы аз бос бағыт дейтіндердің болжамдары негізсіз. Оған Мемлекет басшысының осы айтқандары-ақ дәлел бола алады. Бұл ең алдымен қазақстандықтарды жақсылық жасауға үгіттейтін өте маңызды идеологиялық құрал.

Танымал саясаттанушы Айдос Сарым да осы «100 жаңа есімнің» қазақ қоғамы үшін қажетті бағыт екенін айтып отыр. Оның пікірінше, тізімге енген жаңа тұлғаларды енді әрі қарай қолдап, олардың кең танымал болуы үшін жағдай туғызу қажет.

Саясаттанушы Айдос Сарым 100 ғана есіммен шектеліп қалуымызға болмайтынын, әр аймақтың өз «100 есімі» болуы керектігін алға тартты.

«Бұл тек имидждік, ақпараттық бағыт. Оның үстіне, аты айтып тұрғандай, «жаңа есімдер» керек бізге, әбден танылғандары емес. Мысалы, өнер саласын алсақ: консерваторияны оқып, әлемдік деңгейдегі үлкен бір байқауларда жеңіске жеткен жас өнерпаз болса, немесе спорт саласын алсақ: әлі өте үлкен жетістіктерге жете қоймаған, бірақ болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар болса… Міне, осыларға үміт артсақ, оларды жарнамаласақ, ары қарай дамуы үшін қолдау көрсетсек – сонда ғана «100 жаңа есім» бағыты өз мақсатына жетеді.

Жалпы, бірақ 100 ғана есіммен шектеліп қалуымызға тағы болмайды. Әр аймақтың өз «100 есімі» болуы керек деп ойлаймын. Немесе әр сала өз тізімін жасауы керек. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның үміт күттіретін 100 жас ғалымының тізімін әзірлесе. Сол ғалымдардың еңбектерін түгел бір жерге жинақтап қойса болады. Немесе болашағынан үміт күттіретін 100 спортшының, 100 IT-маманның тізімдерін неге жасамасқа? Сонда бұл бағыт бір жүйеге түсер еді.

Шүкір дейік, көбейіп келе жатқан ұлтпыз. Ертең 5-10 жыл сайын ұрпақ жаңарып отырады. Сонда осы «100 жаңа есімді» де жаңартып отырамыз. Бұрынғы тізімде болғандар оған дейін атақ-даңққа бөленеді ғой, сосын орнын өзге жастарға ұсынады.

Жалпы, қазақ мәңгі ұлтқа айналсын деген тілегіміз бар бәріміздің, қазақ мәңгілік елге айналса, бұл бағыт та мәңгілік болуы тиіс», – деді белгілі саясаттанушы.

Бағыттың жүзеге асуына атсалысып, басы-қасында жүргендердің бірі – ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаеав. Оның айтуынша, екі үміткер жалпы топтан оқ бойы озық шыққан жүздіктен сәл ғана қалып тұрғандықтан, тізімге енгізілген көрінеді. Жалпы, іріктеу кезеңінде 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға 1 миллион 376 мың дауыс берген екен.

«Қоғамда қызу талқыланып, қатаң таразылау арқылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» анықталып, елге жария етілді. Аталған бағыт аясында біз арнайы жол картасын әзірледік. Нәтижесінде, келер жылы осы үздік жүздікке енген адамдарға арналған 100 теленовелла жарыққа шығады деген сенімдемін. Мұндай бастама жөнінде алдағы уақытта толығырақ айта жатармыз. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» бағытының үздіктерін таныстыру шарасы кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жалпы тізімге қанша адамның тіркелгенін сұрады. Мен 2 100 адам екенін атадым. Сол сәтте ол осы 2 100 адамның барлығын да назардан тыс қалдырмай, елге үлгі ету қажеттігін айтты. Сондықтан біз бұл адамдардың жастар алдында сөз сөйлеп, ашық сабақтар мен кездесулер өткізуін құптап, жоспар құрудамыз», – деді Ақпарат және байланыс министрі.

Яғни, бұған дейінгі сыни пікірлерде айтылғандай, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» бағытына енгендер бірер жылда ұмыт болып қалып кетпейді. Олардың істеген игі істері БАҚ беттерін айтпағанның өзінде, телеарналардан жиі көрсетіліп, өскелең ұрпақты ұлтшылдыққа, қайырымды болуға үгіттейді.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына атсалысып жүрген азаматтардың бірі. Оның айтуынша, қоғамның санасын ең бірінші болып ел алдында жүрген тұлғалар жаңғырта алады. Сондықтан, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» бағыты «Рухани жаңғырудың» ең маңызды бір бөлшегі.

Жасыратыны жоқ, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» бағыты жарияланған сәтте бұл тізімге кімдердің кіретінін білген жоқпыз. Көпшілік әдеттегідей атақ-даңқы асқан, орден-медалі костюміне сыймайтын аға-апаларымыз тағы да тізімнің көшін бастайды деп жорамалдап едік. Өйткені, жыл сайын мемлекеттік наградалардың көбі сол кісілерге тиетін. Содан да болар, бағыты әлі жүзеге аспастан бұрын оны сынағандар саны көп болды. Ал, қазір көріп отырғанымыздай, тізімде расымен де бұрын-соңды аты айтарлықтай шыға қоймаған, бірақ ерліктері ескеруге тұрарлық азаматтар өте көп. Егер өскелең ұрпақ бұл азаматтардан үлгі алып жатса, онда алдағы аз уақытта рухани жаңғыруымызға мүмкіндік мол.

Мәселен, осы тізімге енгендердің бірі – талдықорғандық бозбала Елдос Баялышбаев. Ол жол апатынан қатты жарақат алып, соның салдарынан басын көтере алмай, бір жыл төсек тартып жатып қалған. Массаж бен кешенді бапкерлік жаттығулардың арқасында Елдос аяққа тұрып, ақырындап арнайы құрылғының көмегімен жүре бастады.

Елдос Баялышбаев еңбек жолын 2013 жылы Талдықорған қаласының «Ерлік» мүгедектер қоғамында бағдарламашы болып бастады. 2014 жылы Елдос қозғалуы қиындық тудыратын адамдарға қолдау көрсетем деп шешеді. Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен «Мүгедектерді спортпен оңалту орталығы» АҚ ашып, қазірге дейін соны басқарып келеді.

Елдостың айтуынша, «100 жаңа есім» бағытына енген азаматтар атақ-даңққа масаттанбауы керек. Олар өздерінің осы беделдерін көтеріп, әрі қарай да қарқынды түрде қызметтерін жалғастыра түсуі керек. Өйткені, қазіргі кезең – ұлт тарихындағы ең маңызды кезең.

«Иә, 100 есімнің қатарына ендім, әрине қуаныштымын! Енді бұдан әрі не істеймін? Бұл сұрақты сіздер түгілі өзім де өзіме іштей қойдым. Өйткені, жауапкершілігі ауыр. Бірақ, «Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» қатарына қосылдым деп арқаны кеңге салмаймын, алдыма қойғам мақсатым, жоспарларым бар. Солармен айналысамын. Мәселен, дәл қазір хостел салуды көздеп жүрмін, Талдықорғанға өзге аймақтардан келгендер осында келіп жайғасады. Бағасы арзан, қалтаға қонымды болады.

Тізімге енген өзге азаматтарды көріп, өзім тағы шабыт алып отырмын. Мен жетпеген биіктер әлі көп, жасамаған істерім одан да көп екен. Бұл азаматтар мені қанаттандырып отыр деуге де болады. Әр қайсысы өз салаларының үздіктері. Олар бірнеше жылдық еңбектері арқылы елдің халықаралық дәрежеде дамуына, қоғамның алға жылжуына айтарлықтай үлес қосты», – деді аталмыш бағыт жеңімпазы Елдос.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, «Рухани жаңғыру» идеясы болсын, оның ішіндегі өзге де басым бағыттар болсын, бәрі де қазақстандықтардың санасын түбегейлі өзгертуге, руханиятымызды жаңғыртуға бағытталған. Ендеше, халқымызға пайдасы тисін десек, қоғамның руханиятына жұмыс істесін десек, жатып алып орынсыз сынай бермей, Елбасы идеясын жүзеге асыруға әрбіріміз атсалысайық! Өйткені, президенттің бұған дейінгі жолдаулары болсын, бағдарламалары болсын – бәрі де ел экономикасын тіктеуге бағытталған еді. Ал, «Рухани жаңғыру» – идеологияны реттейтін құрал. Сондықтан, бұл бағдарламаны жүзеге асыру тек үкіметке ғана артылған жоқ, оның орындалуына әрбіріміз жауаптымыз. Ең алдымен өзімізді өзгертейік, жаңғыруды өзімізден бастайық!

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button