Жаңалық

«Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асқан игіліктер

Бала кезімізде ауылдың барлық баласы орталық алаңда жиналып, ойнайтын едік. Балалық шақтың бал дәурені осындай тәтті естеліктермен көңілде қалғаны анық. Ал бүгінде қала балалары түгілі ауылдың қара домалақтарын көше бойынан көре алмайсыз. Оның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басқан шағымызда сандық технология адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған сәбидің өзі технологияның құлағында ойнап қана қоймай, тез арада жетік меңгеріп алады. Яғни, «ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің дамыған дәуірі» ұғымы өзіндік күшке ие болуда.

Десек те, Қаһарман атамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Техника қаншама дамып жетілгенмен, ойлайтын, парасатты адамның орнын ауыстыра алмайды». Шынымен, мемлекет атты алып механизмде маңызды шешімдер мен қажетті жұмыстардың барлығы халықтың ерен еңбегінің нәтижесі болып табылады. Яғни, еліміздің 30 бәсекеге қабілетті ең жоғары дамыған елдер қатарына енуі ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ақылы жүйрік, білімі мен біліктілігі жетік, өзгерістерге бейім адамдардың қолында екендігі сөзсіз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлтымыздың жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын айтып өтті. Аталмыш бағдарламалық мақала еліміздің дамуына және көркеюіне бағытталған салиқалы ой-пікір мен нақты қадамдар жинағы болып табылады. Бұл мақалада ұлттық кодымызды сақтай отырып, уақыттың сынынан сүрінбей өткен дәстүрлерімізді табысты рухани жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажеттілігі айтылған. Мұнда Мемлекет басшысы қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғырудың қолға алынғанын көрсете келе, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымен бөлісті.

Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.

ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Әсілі, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады», – деп атап өтті.

Бұл ретте, «Рухани жаңғырудың» алты бағыты анықталды. Атап айтқанда: 1. Бәсекеге қабілеттілік; 2. Прагматизм; 3. Ұлттық бірегейлікті сақтау; 4. Білімнің салтанат құруы; 5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; 6. Сананың ашықтығы.

Аталмыш бағыттардың барлығы ел дамуының жарқын үлгісін қалыптастыруға өзіндік себепші болмақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, “Рухани жаңғыру” ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды…

…Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді», – деп ашық көрсетеді.

Яғни, рухани жаңғыру ұлттық санамызбен тығыз байланысты болмақ. Бұл орайда, жаңғырудың басты бағдары – өзіміздің ұлттық бет-пердемізді, мәдениетімізді, тарихымызды сақтай отырып, бүгінгі уақыттың талабына сай  бәсекеге қабілетті, табысты ел болу.

Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Эдинбургте

Осы мақсатта республикамыз бойынша бірқатар ірі жобалар қолға алынып, арнайы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Әр өңір Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жоғары дәрежеде орындау мақсатында «бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып» жұмыла кірісіп кетті. Атап айтқанда, ұлттық мәдениетіміздің ерекшелігін барша әлемге паш ету мақсатында көптеген ауқымды жобалар қолға алынды. Елбасымыз мақаласында айтқандай, «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағытын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек».

Мәселен, ағымдағы жылғы 3-10 тамыз күндері аралығында Эдинбург қаласында халықаралық «Фриндж» (“Fringe”) өнер фестивалі өтеді. Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры қазақ елін, қазақтың ұлттық құндылығын,  салт-дәстүрі  мен тарихи тағылымын тылсымы терең театр өнері арқылы әлемге паш ету мақсатында аталмыш фестивальге қатысады. Театр ұжымы қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклін қояды.

Халықаралық «Фриндж» фестивалі – әлем бойынша ең жоғары деңгейде өтетін өнер фестивальдерінің бірі. Аталмыш өнер фестивалі балет, театр, музыка секілді өнердің барлық түрінен тұрады. «Фриндж» фестиваліне әлемнің 50 мемлекетінен 50 000 өнерпаздар қатысады және 3000-ға жуық қойылымдар көрсетіледі.

Сыр театры ұсынғалы отырған «Ақбаян» спектаклін қойған режиссер,   театрдың  көркемдік  жетекшісі,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері –  Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлы.  Көркемдеген суретші – Нұркен Қалымбетов.

Махаббат хикаясына толы елу минуттық қойылымда бесікте атастырылып, бірақ жолдары екіге айырылған, он жеті жылдан соң қайта жүздескен қос ғашықтың тағдыры суреттеледі. Спектакльде қазақтың салт-дәстүрлері – ұлттық биі орындалып, асық, көкпар, арқан-тартыс  секілді ұлттық ойындар ойналып, қойылымның өне бойынан қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері көрініс табады.

Жаңа форматтағы «Өлкетану» оқулығы жарияланды

Сондай-ақ, Елбасымыз ұсынған «Туған жер» арнайы жобасы аясында осы жылы «Алматыкітап» баспасы мен ҚР ҰҒА академигі К.Байпақов  төрағалық еткен авторлар тобы Қазақстанның барлық өңірлерінің, Астана және Алматы қаласының білім беру басқармаларымен әріптестік қарым-қатынас орната отырып, «Өлкетану» пәні бойынша оқулықтар әзірлеп шығарды. Аталмыш пән бойынша 5-7 сынып оқушылары білім алатын болады. Бұл шараның мақсаты – жас ұрпақтың патриоттық сезімін жетілдіру, жас буынды өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен адалдығын көрсетуге тәрбиелеу.

«Біздің Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлері туралы кітаптар шығаруда үлкен тәжірибеміз бар. «Менің Қазақстаным» сериясы көптеген адамдарға белгілі. Ел тарихының жарқын парақтары, оның мәдениеті, салт-дәстүрлері мен өмір салты, бірегей географиялық объектілер және тағы басқаларымен біздің альбомдарымызда таныса аласыздар. Бұл тәжірибе бізге өлкетану секілді қызықты пән бойынша жаңа оқулықтарды дайындауға көмектесті. Аталмыш оқулықтарды бізбен бірге құрастырған біздің авторларға, ғалымдарға, сарапшыларға алғыс айтамыз», – дейді «Алматыкітап» баспасы бас редакторының орынбасары Альмира Сужикова.

Авторлар, редакторлар, дизайнерлер, әкімдік өкілдері мен сарапшылардан тұратын үлкен жұмыс тобының тиянақты және біріккен жұмысының арқасында Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Астана және Алматы қаласының мектеп оқушыларына арналған «Өлкетану» пәні бойынша ерекше оқулықтар жарық көрді.

Кездесуге қатысушылар өлкетану пәні бойынша тәлім алу жас буынның отансүйгіштік қасиетін дамытуда, жастарды патриоттық сезіміне тәрбиелеуде ерекше орын алатындығына сенімді. Алынған білім мен тәлім-тәрбие тарихқа, мәдениетке деген айрықша құрмет пен ізгі ниетті, жеке тұлғаны қалыптастыруда, өз отанына, туған жеріне, ауылына, қаласына деген махаббатқа негіз болуы тиіс екендігін жеткізді.

«Blind Race» Astana – Paris» халықаралық веломарафоны басталды

Сонымен қатар, 2018 жылғы 4 тамызда Астана қаласында «Blind Race» Astana – Paris» халықаралық веломарафоны басталды. Бұл жобаның ерекшелігі көзі нашар көретін және зағип жандардан құралған команданың 5000 шақырымнан астам арақашықтықты жүріп өтуі болып табылады. Марафонға қатысушылар 2018 жылғы қыркүйек айының ортасында веложарыстың отаны саналатын Париж қаласында мәреге жетуді жоспарлап отыр.

Аталмыш марафон салауатты өмір салтын насихаттау, велосипедтерді экологиялық транспорт ретінде қолдау, сондай-ақ әлеуметтік және экотуризмді дамыту, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында спортты дамыту үшін алғышарттар жасау мақсатында өтуде.

Әлем бойынша 6 елде, соның ішінде 30 қалада өтетін веломарафон жер шарының екі бөлігін біріктіреді. Осы жобаның мақсатын түсіндіру, достық қарым-қатынасты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында 11 ірі қалада қоғам өкілдерімен, ерекше қажеттілікке мұқтаж жандармен, спортшылармен, БАҚ өкілдерімен кездесулер өтеді. Марафонның өтуіне ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Қоғамдық даму министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Ел Тірегі» шағын және орта бизнес қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Паралимпиялық комитеті, Қазақстан Республикасы велосипед спорты федерациясы және т.б. қолдау көрсетуде.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button