Жаңалық

«Туған жер» арнайы жобасы оң бағытқа бастайды

«Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген тамаша нақыл бар қазақта. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында жетістікке жеткен азаматтардың өз туған жеріне қайырымдылық жасауын қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде жергілікті меценаттар арқасында түрлі нысандар салынып, ескі ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жолдар салынуда. Бүгінгі жазбамызда республиканың әртүрлі өңірлерінде меценаттар арқасында жүзеге асқан игіліктер туралы айтпақпыз.

Қостанайда мектеп мұражайы ашылды

Отансүйгіштік, кіші Отанына деген шексіз махаббат – адамның жан дүниесіндегі ең таза сезім. Қостанай облысының жан дүниесі таза, Отанын шексіз сүйетін қалталы азаматтары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасының негізгі міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында көпке үлгі боларлық шаруалар атқарып жатыр.

Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте «Алюминстрой» ЖШС директорының орынбасары Мұқанов Расул Абайұлының тікелей демеушілігімен  ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп мұражайы ашылды.

Мектеп мұражайының ашылуы ұлт ұстазының ғұмыр жолын ғана насихаттау міндетін ғана арқаламайды. Аталған нысанның ашылуы арқылы оқушылар өздерінің өңірлерінің тарихымен жете танысып, ұлттық құндылықтарды сақтау, бабалар мұрасын көз қарашығындай қорғау сияқты өздерінің ұлт алдындағы азаматтық борыштарын түсінеді.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы – осындай міндеттерді жүзеге асыруға мұрындық болып отырған бірегей бастама.

Ойыл дәрігерлері Отанында

«Туған жер» арнайы жобасы меценаттарды тек қана құрылыс нысандарын салуға итермелемейді. Кез-келген салада жоғары дәрежеге көтерілген азаматтар өздерінің құзырларындағы көмегін жерлестерінен аямауға тырысады. Міне, «Туған жер» арнайы жобасы азаматтарды осындай бағытқа жетелейді.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында аталған өңірден шығып, республикадағы білікті мамандар сапын толықтырған дәрігерлер, қолдары жеңіл хирургтер көп. Олар әрқашан өз туған жерлерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп тұрады.

Аталған акциялар мереке күндері қарсаңында өткізіліп тұрады. «Туған жерге тағзым» акциясын ұйымдастырған облыс басшылығы жергілікті дәрігерлердің басын қосып, халыққа қажет көмек көрсетті. Жергілікті халықтың талап ететін медициналық қызметін көрсетуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев бастап келіп, аталған шараның міндеттемелерін орындады.

«Туған жер» арнайы жобасының аясында өткен шара көлемінде екі ересек тұрғындарға «Холецистэктомия» диагнозымен лапароскопиялық ота жасады, және де екі науқасты ультрадиагностикалық зерттеуден өткізді, сондай-ақ, Ойылдағы әріптестеріне шеберлік сағаттарын жүргізді.

Кәсіпкерлер көмегімен мазарлар жаңартылды

Ақтөбе облысының меценаттары – «Туған жер» арнайы жобасы бойынша республика көлемінде қарқынды жұмыс жасап келе жатқан азаматтардың қатарында. Былтыр ғана «Актеп» шаруа қожалығының басшылығы Есет батырдың 350 жылдығына арнап батыр бабаның ескерткішін орнатып берген еді. Биыл да бабалар рухын бағалаған азаматтар облыс көлеміндегі кесенелерге жаңарту және тазалық жұмыстарын жүргізуде.

«Рахип Азизов мазарға баратын жолға 13 миллион теңгеге арка салып жатыр. Кәсіпкер Гайк Тертерян келген адамдарға арналған орындықтар жасап берді. Бұдан бөлек, «Туған жер» арнайы жобасы аясында Алға ауданының тумасы Константин Машков 20 миллион теңгеге мазарға баратын жолды асфальттап берді», — деді аудан әкімінің орынбасары  Әнуарбек Қонжар.

Басшылық өкілдерінің айтуынша, қазір Есет батырдың мазарының айналасы жаңа кейіпке еніп, келімді-кетімді адамдар қарасы артқан.

Жоғарыда аталған шаралар мен оң өзгерістер  – «Туған жер» арнайы жобасы аясында жуырда жасалған бастамалар легі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button