Жаңалық

Ғарышқа бет алған Илон Масктың 10 ережесі

Франциядағы бесінші Республиканың тұңғыш президенті, француз генералы Шарль де Голль өз сөзінде: «Үнемі күрделі жолды таңдауға тырысыңыз. Себебі, ол бағытта сіздің бәсекелесіңіз болмайды», – деген екен. Ойға алып, тереңірек ойланып қарасақ, бұл – ақиқат.

Адамның өмірі мың бұралаң жолдардан тұрады. Ал сол жолдың әр шыңында сан қилы сын-тегеуріндер мен сынақтар тосуда. Жас бала мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, бәсекеге толы алаңға тап болады деуге де болады. Себебі, адамдардың табысқа қолжеткізуінің бірегей жолы – бәсекеге қабілетті болуы. Бұл – білімге ғана қатысты дүние емес. Сіздің бойыңызда үлкен ерік-жігер мен талпыныс, қызығушылық пен қажыр-қайрат болуы тиіс. Біздің бүгінгі шығарылымымыздың кейіпкері аталмыш қасиеттерге толы десек, артықтық етпес. «Табандылық – өте маңызды қасиет. Сіз жеңілуге мәжбүр болсаңыз да, жеңілмеуіңіз тиіс», – дейді бүгінгі әлемнің жаңа Стив Джобсы аталған Илон Маск.

Илон Маск әлемдегі ең табысты және үздік бизнесмендердің бірі де бірегейі болып табылады. Оңтүстік Африка Республикасында Претория қаласында 1971 жылғы 28 маусымда дүниеге келген Илон Ривс Маск – бүгінде американдық кәсіпкер, өнертапқыш, инвестор және миллиардер. Ал, ең бастысы, Маск – SpaceX және X.com компаниясының негізін қалаушы. Кейін X.com компаниясы Confinity-мен бірігіп, PayPal аталады. PayPal 2002 жылы 1,5 млрд. долларға сатылса, 2015 жылы $44 миллиардқа бағаланған.

Әр адам өзінің тәжірибесіңе сүйене отырып, белгілі бір өмірлік қағидаларын қалыптастыратыны хақ. Әдетте, осы қағидалар адамның табысқа қолжеткізуіңе немесе өзге де жетістіктерге ие болуыңа мүмкіндік береді. Бұл қағидалар – адамның өмірлік тәжірибесі, өткенінен түйгені, бүгінгі мен келешегінің бағдары. Илон Маск өзінің жаңалықтарға толы өмір жолында бірқатар ережелерді анықтап, ой елегінен өткізген. Әрине, біз ол кісінің барлық ұстанымдары мен ережелеріне тоқталып өте алмаймыз. Дегенмен, негізгі 10 ережеге кезек берсек.

Оның ең бастысы: «Дұрыс сауал қоя біліңіз», – деп аталады.

Илон жасөспірім кезінде психологиялық күйзелістерге тап болуы себепті философиялық және діни әдебиетті белсенді түрді оқи бастайды. Осы орайда жас өнертапқышқа ерекше әсер еткен кітаптардың бірі – Дуглас Адамстың «Ғарыш бойынша автостоппен» кітабы болған екен. «Бұл туынды маған «Бұл әлемдегі ең қиыны – дұрыс сұрақтарды қою» екендігін үйретті. Егер де сен осы бір жайтты нақты түсіне білсең, онда қалғаны оңай болмақ».

«Біз дұрыс сұрақты қоюды үйрену үшін адамның ойлау шекарасынан асуымыз тиіс деген тұжырымға келдім», – дейді Маск. Ол өзіңе бұрыннан дұрыс сауал қоя білген. «Мен колледжде оқып жүргенде, «Болашақта адамзат тағдырына ең қатты әсер ететін не екен?» деген сауалды көп ойлантынмын». Масктың пікірі бойынша, бұл – ғаламтор, энергияның жаңартылатын қуат көздеріне ауысуы және адамдардың басқа ғаламшарларға ұшу мүмкіндігіне ие болуы. Ол аталмыш салаларға өзіндік үлес қосуды армандады. Дегенмен, бұл бағытта алғашқы қадамды жасау үшін ақша қажет еді.

Илон Масктың екінші ережесі: «Бір сарында ойлама. Шынайы өмірді жан-жақты зерделеп ал».

Тың жаңалықтарға құмар өнертапқыш «шынайы инновацияларға қолжеткізу жолындағы басты кедергілер – адамдардың бір сарында ойлауы» деген пікірді ұстанады. Яғни, көп жағдайда адамдар тың идеядан жаңа бір дүниені құрастырудың орнына, баяғыдан бері бар дүниені жақсырақ істеуді қалайды. Ал Маск бұл жайтпен келіспейді, сондай-ақ, өзіне тән тың ойға ерік береді. «Физикада негізін қалаушы қағидалар түсінігі бар. Сен шынайы жағдайды түпкі тамырына дейін зерттейсің. Және ол жерден деректерді ала бастайсың. Бұл ділдік қабілетті көп талап етеді», – дейді бизнесмен.

Ондаған жылдар бойы ғарыш жеке бизнес үшін қолжетімсіз болды. Оны меңгеру ауқымды қаржыны талап етті және тек мемлекеттің құзыретінде болды. Маскқа ғарышқа ұшу мақсатын қайта қарастыруға тура келді. Ол SpaceX басты мақсаты – ғарышкерлер мен жүктерді орбитаға жеткізу емес, басқа ғаламшарларды елдендіру екендігіне сенім білдірді және сендіре білді. Егер де адамзаттың бір бөлігін жерден тыс қандай да бір өзге ғаламшарда орналастырғыңыз келсе, сіз осы қадамды үнемді түрде жүзеге асыру әдісін ойлап табуыңыз қажет.

SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Масктың үшінші ережесі «Армандай біл!» деп аталады. Яғни, сен шынайы өмірді өзіңе қажетті түстермен әрлей білсең, бұл әлемді өзгерте аласың. Бұл ереженің тәжірибеде жүзеге асуың Масктың еңбек жолынан көре аламыз.

2008 жылы Tesla Roadster сериялық өндірістегі ең бірінші толыққанды электр көлігі болды. 2012 жылы Tesla кең бұқараға бағытталған Model S седанның сатылымын бастады. Аталмыш көліктің көрсетілімінде Маск жиырма жылдан кейін өндірілетін көліктердің жартысынан көбісі толыққанды электр болады деп жариялады. «Мен осылай болатынына сенімдімін. Осыған бәс қойсам да болады», – деді Маск. Әрине, көптеген сарапшылардың есебі бойынша Илон Масктың болжамы мүмкін емес-ті. Дегенмен, CEO Tesla негізін қалаушы аталмыш жайтқа алаңдамайды. Ол шынайы әлемді өзіңе ғана тән ойлау жүйесімен көркемдей отырып, оны өзгертуге құмар.

Reality distortion field (шынайылықты бұрмалау алаңы) – Apple қызметкерлерінің Стив Джобстың өзің және өз қарамағындағы адамдарды алдыда тұрған мүмкін емес міндетті мүмкін етуге көндіре білу қабілетін сипаттау үшін ойлап тапқан термині. Масктың қол астында жұмыс атқаратындардың пікірі бойынша, Илонның да осындай алаңы бар екен.

Tesla Motors бірнеше рет сәтсіздіктерге тап болды және аталмыш жоба жабылуға шақ болған еді. Осындай сынаққа толы кездердің бірінде Маск өшіп бара жатқан компанияның өмірін ұзарту үшін өзінің Maclaren F1 сатуға да тура келді. Дегенмен, ол барлығы жақсы болатынын айтудан жалықпайтын. Және де қандай да бір ғажайып күштің арқасында барлығы жақсы бола бастады.

Масктың төртінші ережесі: «Қаржыны қандай да бір өзгерістерге жол ашатын жобаларға салу қажет».

«Мен келешекте өзінің электрондық поштасын қалай тексеретінін білмейтін ата болғым келмейді. Бірақ, ертең қартайған шағымда жаңа интернет-бизнестерді жүзеге асыра алмайтынымды да жақсы түсінемін. Іштегі ой-түйсігіме сенер болсам, мен бойымдағы бар күш-жігерімді адамзаттың болашағына оң әсерін тигізетін қадамдар жасауға бағыттауға тиіспін. Мен әлемді өзгерте алатын істерге араласқанды ұнатамын».

Илон Масктың анасы өзінің көптеген сұхбаттарыңда Илонның бала кезден бері өмірде орын алып жатқан кез-келген құбылысқа қызығушылық танытып, жаңалықтарға құмар болатынын айтады. Бұл әдеттің арқасында Илон Масктың бесінші ережесінің негізі қаланды. Яғни, Илон «Үнемі «Бұл неге мүмкін емес?» деп сұрау қажет» дейді.

«Мен біздің біліміміз шындыққа жанасады ма деп әрқашан ойлайтынмын. Мүмкін, болып жатқан құбылыстарға басқа түсініктемелер бар шығар? Мен бірінші сыныптың табалдырығын аттаған шағымнан бастап бұл сұрақты қоя бастадым. Әрқашан бәріне наразылық білдіретінмін. Әрине, бұл менің теріс мінезімнен емес, керісінше, білуге деген құмарлығымнан туындап отырды. Ата-анам осы қасиетіме көп ашуланатын. Себебі, мен олар ұсынған жауапқа сенімділік білдірмейтінмін және өз сауалыма жан-жақты жауап берулерін талап ететінмін. Кейін олардың берген жауабының мәнін түсінуге тырысатынмын. Сіздерге айтарым: қай істі жақсы атқара алатындығыңызды ойлап алыңыз және өзіңізге дұрыс сауал қоя біліңіз».

Алтыншы ереже: Никола Тесла емес, Томас Эдисон болуыңыз қажет.

«Tesla Motors Никола Тесланың құрметіне аталды, себебі, біз оның кейбір өнертабыстарын іс жүзінде пайдаланамыз. Тесланың еңбектері адамзат үшін маңызды. Дегенмен, шыны керек, маған Томас Эдисон көбірек ұнайды. Себебі, ол өз өнертабыстарын кең нарыққа шығара алды және оларды адамзат үшін қолжетімді етті».

«Аптасына 80-100 сағат жұмыс істеңіз. Бұл табысқа жетемін деген үмітіңізді арттырады», – дейді Илон Маск. Бұл жерде жетінші ереженің кезегі келуде. «Көп жұмыс атқарыңыз. Өте көп».

Маск: «Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істедім. Жалға алған кеңсенің бөлмесінде өмір сүріп, көршілес стадионда шомылатынмын. Осының арқасында пәтерді жалға алу мәселесін шештім және де алғашқы кездегі ең қиын болған екі кезеңде компаниямды сақтап қалдым», – дейді.

Сондай-ақ, Илон жетістіктерге жету жолында қиыншылықтар жиі туындайтынын да ескертеді. Мәселен, «Мені танитын адамдар жақсы пікірге ие болады. Әдетте, мен оларды жұмыстан шығарғанға дейін олар мен туралы жақсы пікір айтады».

«Менің ойымша, күрделі техникалық өнім алу үшін көптеген адамдарды жалдау – қателік. Бұл қадам қажетті талантты ешқашан өтемейді. Әдетте, істің алға жылжуын баяулатады және өнімнің құндылығын арттырады».

Маск «тәуекелге бел бумай, әлемді өзгерту мүмкін емес» деген ережені ұстанады.

«Генри Форд арзан және сенімді автомобильдерді шығара бастағанда, адамдар оны бірден қабылдамады. Бұл үлкен тәуекел болды және ол ақталды».

«SpaceX адамзаттың басқа ғаламшарларға қоныс аударуына үлес қосатын компания болғысы келеді. Менің ойымша, бұл біздің алдымызда тұрған ең жоғары мақсат. Дегенмен, әлемде орын алып жатқан көптеген жайттар туралы ешқашан ұмытпауымыз тиіс. Осы себепті компанияның өзге ғаламшарларға қатысты жоспары ұзақ мерзімді зерттеулерді қажет ететін мақсатқа айналады. Біз үшін де шабыттың негізгі көзі болып табылатын осындай үлкен арманға ие болу – өте пайдалы».

Тоғызыншы ереже: «Негізгі біліммен айналысыңыз».

«Мен сізге MBA ұсынбаймын. MBA дәрежесі қажет емес. Оның курстарында адамдарды ойлауға үйретпейді. Өйткені, адамдар өздерін ерекше деп ойлайды, содан кейін кері байланысты қабылдай алмайды және өз қателіктерін әділ талдауға мүмкіндік берілмейді. Мен жұмысқа қабылдар алдында бұл дәрежеге қарамаймын, яғни дәреженің болу-болмауына қарамастан, өз компанияма алуға тырысамын. Мәселен, біздегі компанияның басшылық құрамында MBA дәрежесі бар адамдар өте аз».

Илон Масктың оныншы ережесі қызықты естіледі. «Әдемі қыздар «оқымыстыларды» жақсы көрмейді. Бірақ, оларды «ең» әдемі қыздар жақсы көреді».

«Мен Оңтүстік Африкада өстім. Ол жерде қауымдастық өте кішкентай болды. Менің өз ойларыммен бөлісуге мүмкіндігім болмады. Себебі, құрдастарымның арасында бағдарламалауға қызығушылық білдіргендері жоқ еді. Тіпті, мен D&D ойнау үшін оларды көп сұрайтынмын.

Кейбір адамдар D&D ойынын жақсы көрді, бірақ, қалғандарын ұзақ уақыт бойы көндіруге мәжбүр болдым. Себебі, турнирге қатысу үшін төрт адамнан тұратын топ қажет. Балалық шағымда компьютерлік ойындар ойнадым, бағдарламалық жасақтаманы жаздым, радио жинадым, зымыран жасадым. Африканың дүкендерінде олар сатылмайтын. Сондықтан да, мен зымыран отынының құрамын білдім. Кейін қосалқы бөліктерді ерітіндіге енгізіп, зымыранды реттеп, оны іске қосатынмын. Нәтижесі түрлі күтпеген жайттарға алып келетін. Негізі, мен еш уайымсыз өмір сүрдім дей алмаймын…».

Илон Маск Америкаға келгеннен кейін екі жыл бойы Кингстон қаласында орналасқан Куинс университетінде оқиды және ол жерде әйелі Жюстинмен танысады. Олар 2000 жылы үйленіп, бес баланы тәрбиелеп отыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button