Жаңалық

«Медиа этика» кітабына сараптама

Ақпарат тарату, ақпарат беру, жөнді ақпарат қабылдау – бүгінгі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Медиа саласындағы мәселелерді шешу мен ортақ тәртіпті сақтау, тығырықтардан шығу да жас журналистер мен ақпарат саласының мамандарына көп кезігетін қиыншылықтар қатарында. Егер осындай жағдайларға тап бола қалсаңыз, не істемек керек? Әрі қарай оқыңыз.

Ғылыми тұжырымдамаларды нақтылау әрі аясын кеңейту арқылы еліміздегі білім беру саласының даму қарқынын арттырамыз. Кемеңгер мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Аталмыш бағдарламалық мақаланың «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында әр саланың көркеюіне үлес тигізеді деген мақсатпен Ұлттық аударма бюросы өзге тілдерден 18 кітапты қазақ тіліне тәржімалады.

Әрбір саланың өзіндік ортақ ережесі болатыны іспетті, медиа саласының да өзіндік этикасы, тәртібі бар. Біз бүгін «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша аударылған, Ли Энн Пек және Гай С.Рил есімді журналистер топтастырған «Медиа этика» кітабына шолу жасамақпыз.

Медиа мамандарына арналған кодекстер барма?

Әрине, жоғарыда айтып өткендей, ақпарат тарату саласының да өзіндік арнайы ережелері, кодекстері бар. ХІХ ғасыр соңында журналистикадағы алғашқы бекітілген арнайы кодекс дүниеге келген. Оның авторы – ұзақ уақыт бойы Louisville-Courier Journal журналына бас редактор болған Генри Уоттерсон.

Ақпарат тарату саласына кодекстің қажеттілігі сол, мамандарға ортақ ережені бұзбауды, қажетсіз ақпаратты таратпауды, ақпараттың өзекті болуын, халық арасында жалған үгіт-насихат таратылуына жол берілмеуін міндеттейді.

Әрине, медиа саласының мамандары бұл кодекстерді бұзғаны үшін өзге салалардағыдай жұмысынан шеттетіліп қалуы мүмкін. Дегенмен, үзілді-кесілді маман атағынан айырылып қалмайды. Себебі, медиа саласы жеке қабілеттерге жүгініп отыратын сала.

Жақсы ақпарат тарата алатын маман, жақсы контент жасай алатын кадр кез-келген медиа орталыққа артық етпейді. Оған қоса, бүгінде медиа-мамандар, оның ішінде, сапалы медиа-мамандар жеткіліксіз.

«Медиа этика» кітабының авторларының бірі Ли Энн Пек «Этикалық шешім қабылдау құралдары» деп аталатын тарауында мынадай тұжырым жасайды:

«Өз кезегінде этика үш түрге бөлінеді:

А) Метаэтика мораль тілінің мәнін саралайды. «Адамдар қолданатын сөздер не мағына береді» деген сауалға жауап береді.

Ә) Нормативті этика этикалық әрекеттердің принциптері ретінде әрекет ететін нормаларды қарастырады.

Б) Қолданбалы этика немесе казуистика нормативті теорияларды белгілі бір этикалық дилеммаларға қатысты қолданады».

Міне, Ли Энн Пек медиа саласындағы және жалпы этика бойынша осындай тұжырым жасайды. Жалпы «Медиа этика» кітабының авторлары «этика» терминінің ашу мақсатындағы кіріспе тарауларында философиялық тұжырымдарға басымдық берген. Ол жерде Аристотель, Платон, Кант, Пифагор секілді іргелі философтардың ойлары негізге алынған.

Медиа саласындағы цензура қазіргі уақытта өте жоғары деңгейде. Соған қарамастан ақпарат та көп. Оның ішінде, әрине, қоғамда бүлік шығаратын түрлі дүниелерді насихаттайтын резонанстық ақпараттар да бар. Білікті медиа-маман осындай ақпараттардың таралуына жол бермеуі қажет. Сондықтан, әлемдегі медиа-мамандарына ортақ ережелерді игеріп, тығырықтардан шығу жолдарын әрдайым қарастырып жүрген жөн.

Медиа саласындағы маманның моральдық кемелдену деңгейі

«Медиа этика» оқулығының басты ерекшелігі – тек қана теориялық тұжырымдамалардың топтастыру мен ұзын-сонар баяндаулардан емес, жас медиа-мамандарына қажетті тәжірибелер мен жағдаяттық оқиғалардың болуы.

Мысалы, жас журналист медиа орталыққа (телеөндіріске, газет-журнал редакциясына немесе сайтқа) жұмысқа орналасады. Міне, осы кезден бастап, медиа-маманның тығырықтарға тірелуі, біліктілік пен тәжірибенің аздығы сынды қиындықтар алдынан шыға келеді.

Медиа-орталықтарда мемлекет бекіткен жұмыс уақыты болғанымен, ақпараттың жылдам таралатындығының әсерінен журналист әрдайым байланыста болуы, қолжетімді болуы міндеттеледі.

Содан келіп, сегіз сағаттық жұмысы бар маманның тәулік бойы қызмет барысында жүру сынды, одан қалды материалдардағы қателіктер немесе цензураға сәйкес болмауы секілді олқылықтар тағы алдыңыздан шығады.

Кітап авторларының айтуынша, әлем бойынша журналистикада мынадай мәселе бар:

«Редактор Сараға: «Сіз – жақсы журналиссіз. Сіздің міндетіңіз – оқиға туралы баяндау. Бірақ аяғы ауыр нашақордың бұдан арғы тағдырына алаңдаудың қажеті жоқ. Көмек беретін басқа да орындар бар. Егер әлеуметтік қызметкерлер мен мемлекеттік ұйымдар өз жұмысын дұрыс орындамаса, оларға хат жазыңыз. Бірақ сынған нәрсені жөндеу – сіздің міндетіңіз емес», – деді».

Бұл – «Медиа этика» оқулығындағы Дэни Эллиот есімді автор жазған «Моральдық тұрғыдан кемелденген кәсіби медиа маманы» атты тарауда келтірілген мысалдан үзінді.

Дәл осы мәселе басқа елдерде ғана емес, біздің мемлекетіміздің ақпарат саласында да бар. Журналист тек ақпарат беруші және жазба немесе бейне материалдарда оның жеке көзқарасы болмауы керек. Жалпы айтқанда, журналист болып жатқан оқиғадан бейтарап болуы қажет. Бұл – еліміздегі жоғары оқу орындарында журналистерді даярлайтын факультеттер мен нақты медиа-орталықтардың барлығында кездесетін жайт.

Осыдан кейін Дэни Эллиоттың айтуынша, медиа-маман өзінің моральдық кемелденуін тоқтатады да, тек қана жеңіл бағыттарда жұмыс істеуге бет алып кетеді. Ал бұл ақпарат саласына кері әсер ететін дерт.

Сара туралы өзгелер не ойлайтыны туралы және оның әрі қарай қалай әрекет еткенінен автор хабарсыз болғандықтан, өз бетімен жағдайдың қалай өрбігенін болжап, тұжырым жасайды.

Оның айтуынша, Сара журналистика саласындағы тіршілікке еті үйреніп кетеді де, цензураға сәйкес материалдар дайындауға икемделеді. Немесе керісінше жағдайда, журналистикадан біржола бас тартады.

Осыдан келіп, ақпарат саласындағы мамандардың дамуы, жаһандану кезіндегі медиа-мамандардың даму қарқынының бәсеңдеуінің түп-тамыры да осында жатыр.

Этикаға қарсы келетін өзге мамандар әрекетін көргенде сіз қандай әрекет жасайсыз?

Ақпарат тарату ісінде фото/видео материалдар үлкен рөл ойнайды. Баспасөз бетінде жарияланатын фотолардың авторлық құқығы сақталмағандықтан, осы төңіректе туындайтын дау да көп. «Медиа этика» оқулығында Доника Менсинг есімді автор «Тәртіп бұзуға қарсылық» деп аталатын тарауында фотоны өзгерту (монтаждау) мәселелері туралы сөз қозғайды.

Автор Калверт есімді тілшінің оқыстан өзге маманның арнайы фото редактор арқылы басқа фотограф түсірген фотоны өңдеп отырғанын байқап қалады. Бірақ өзі этикалық кодекстерді және авторлық құқықты бұзып отырған әріптесіне ештеңе айтпайды. Арада біршама уақыт өткеннен кейін ғана белгілі блогер осы мәселені көтеріп, авторлық құқықты бұзған тілшінің іс-әрекетін әшкерелейді.

«Тәртіп бұзуға қарсылық» тарауының авторы оқырмандарға мынадай сұрақ қояды:

«Тығырық: Әшкере ету керек пе, әлде үнсіз қалған жөн бе?»

Калверт ақпарат саласындағы, яғни, журналистикадағы тәжірибесі зор ұстаздардан кеңес сұрауды жөн деп санап, ойға алған әрекетін жүзеге асырады. Қос ұстаздың бірі редакторға болған жағдайды баяндау қажет десе, екіншісі үнсіз қалған дұрыс деген кеңес береді.

Калверт өз кезегінде барлық ұсыныстарды саралап, аталған мәселе бойынша жеке ізденіс жұмыстарын жүргізеді. Жоғарыда аталған монтаждау бойынша медиа этика құқықтарын бұзған фототілшінің өзге де туындыларын зерттеп, көңілінде күдік пайда болады. Содан кейін бұл туралы фотожурналистикада тәжірибесі бар жолдасына жеткізіп, зерттеуін өтінеді. Осылайша Калверт ешқандай кереғарлыққа ұрынбай, тура шешім қабылдады.

Сізде осындай жағдай кездесе қалса, қандай жолды дұрыс деп есептер едіңіз?

Жарнама – журналистиканың басты мәселелерінің бірі

Қазіргі уақытта әлемдегі барлық медиа орталықтар жарнама тарату арқылы қаражат табады. Жарнама тарту бағытын жақсарту үшін ақпарат құралдары өздерінің рейтинг дәрежесінің жоғарылауына қызмет жасайды.

Аталған мәселелер туралы «Медиа этика» оқулығында «Жарнама берушінің қысымы» деген атпен Рей Никемп есімді автор жазба жариялаған. Тараудағы басты сөз жарнама беруші мен жарнама қабылдаушы медиа орталықтар арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді.

Тараудың кіріспесінде ақпарат құралдарының жарнама қызметтеріне не үшін жүгінетіні туралы, медиа орталықтардың бизнес жасау жолдары туралы сөз қозғай келе өз тақырыбын ашу үшін оқиға арқылы баяндайды.

Оқиғада Беннет есімді журналистің жарнамалық қызмет барысындағы медиа орталықтардың қандай қысымға ұшырайтыны туралы баяндалады. Беннет асханадағы ас мәзірінің турасында өрбіп жатқан мәселелер туралы бейнесюжет дайындауға кіріскен кезде медиа орталықтың басшысы журналистке бұл материалының эфирге өтпейтіні туралы жеткізген.

Медиа орталыққа жарнама беруші аталмыш мектепке де қомақты қаражат аударып тұратын  әрі сол мектепке өзінің ұл-қыздарын оқытатын бай-қуатты азамат екен.

Бірақ жас журналист осы оқиғаның арна басшылығы тарапынан тарқатыла түсіндірілмегеніне қынжылғанын айтады.

Автор «Ой құралы» деп аталатын түйінінде мынадай сөздер айтылған:

«Жаңалықтар бөлімі жарнама берушілердің ыңғайына жығылмауы керек. Жарнама берушілердің жаңалықтар бөліміне ешқандай әсер ете алмайтынын алдын ала шешіп алуы керек».

Рей Никемп өз оқиғасының түйінін осылай тарқатқан. Яғни, автордың айтуынша, жаңалықтар бөлімі, сату менеджері, директорлар алқасы жарнама берушілердің медиа орталықтың ішкі кухнясына араласпауын қадағалауы керек.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша аударылған «Медиа этика» оқулығына кішігірім шолу жасауға тырыстық.

Жалпы оқулық заманауи журналистикадағы өзекті мәселелерді талдауға, жас журналистердің жылдам әрі оңай жолмен тәжірибе жинауына, жас журналистердің шетелдік әріптестерінің басынан өткен жағдаяттарды түсінуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, аталған кітап еліміздің ақпарат саласында болашақта қызмет жасайтын мамандарды даярлау ісінде қажетті еңбек болады деген сенім бар.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button