Жаңалық

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында елімізде қыруар шаруа атқарылып жатқанын ел біледі.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында елімізде қыруар шаруа атқарылып жатқанын ел біледі. Аталмыш мақала аясында атқамінер азаматтар мемлекет болашағы үшін күндіз-түні қызмет жасауда. Солардың бірі – «Рухани жаңғыру» республикалық жобалық басқару кеңсесінің «Атамекен» кіші бағдарламасының әкімшісі Аян Тәжібай. Аян Қостанай облысы Наурызым ауданында дүниеге келген. Дегенмен, азаматтық тұлғасының қалыптасу кезеңі Астанада өтіп, елордада мемлекет гүлденуі үшін атсалысып жүрген ортаның қазанында қайнаған. Қазір, біздің кейіпкеріміз өзінің азаматтық ұстанымы бар, ел болашағының жарқын болуына бағытталған нақты мақсаттары бар тұлғаға айналып келеді. Елбасымыз да өзінің әр сөзінде жастардың сындай маңызды әрі жауапкершілігі үлкен қызметтерге араласуын талап етіп келеді. Сол талаптарға сай дамып келе жатқан жас та болса бас болып, елді өзінің ауызына үйіріп жүрген «Атамекен» кіші бағдарламасының әкімшісі Аян Тәжібаймен сұхбаттасқан едік. Сұхбатты төменнен оқыңыз. - «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген мақалды қалай түсінесіз? - Бұл мақалдың ауқымы өте кең. Әрбір азамат өзінің кіндік қаны тамған өлкесіне, лашық та боса, туған үйіне асығып, сыртта жүрсе сол мекенді ерекше сағынып жүреді. Қазақта туған жердің қасиетін екі ауыз сөзге сыйдырған нақыл сөздер өте көп. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп те айтылады. Қай мезгілде болсын, қандай қиындықта болсын, туған жер үшін, ұлт үшін қызмет жасау – парыз. Сіздің сұрақтағы мақалды шетелде оқып немесе қызмет жасап жүрген азаматтар айрықша есте ұстауы қажет. Білімін, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ел асып барған жастардың барлығы Отанына оралып, жиған-терген тәжірибесін, білімін мемлекетті гүлдендіру мақсатында жұмсауы тиіс. - «Туған жер» арнайы жобасы аясында өз туған жеріңізге қандай қайырымдылық жасадыңыз? - Мен қызмет жасап жүрген «Атамекен» кіші бағдарламасы осы «Туған жер» арнайы жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Мен өзімнің туған өлкеме материалдық тұрғыдан көмек бере алмасам да, ақпараттық сүйемелдеу, игі істері үшін марапаттау секілді шаруаларды бір жүйеге келтіруге атсалыстым. Бұл жалғыз туған өлкеме ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі «елім, жұртым» деген азаматтарға жасалған көмек деп білемін. Сонымен қатар, біздің «Атамекен» кіші бағдарламасының аясында «Туған жерге тағзым» атты жоба бар. Сол жоба аясында еліміздегі барлық меценаттардың, қайырымды азаматтардың игі істерін елеп-ескеріп, бір жүйеге енгізіп, еліміздегі барлық ақпарат көздерінен халыққа көрсетіп жатырмыз. Ондағы мақсат – халқына қызмет жасаған нағыз азаматтардың ерлікке пара-пар ісін насихаттау, оның ел арасындағы мерейін үстем ету. Сондай-ақ, «Атамекен» кіші бағдарламасының аясында «Әлеуметтік бастамалар картасы» деп аталатын кіші бағыт бар. Сол кіші бағыт аясында бір жыл бойы күллі Қазақстанды қамтыған «Жомарт жүрек» атты форум өтті. Форум көлемінде меценаттар, қайырымды азаматтар аудан, облыс, республика деңгейі бойынша марапатталып, ақпарат көздері арқылы бұқара назарына ұсынылды. - Мемлекеттің гүлденуіне үлес қосу қалталы азаматтарға міндет пе? - Менің ойымша, мемлекеттің гүлденуіне үлес қосуға тек қана меценаттар емес, барлық азамат міндетті. Әрине, барлық көмекті материалдық тұрғыдан қарастыру – әбестік. Егер мемлекеттің гүлденуіне, халықтың тұрмыстық әлеуетінің көтерілуіне материалдық тұрғыдан көмек бере алмасаң, зияныңды тигізбеуге, мемлекет мүлкін қастерлеп пайдалануға ұмтылмақ керек. Мысалы, қоғамның әрбір мүшесіне сыйластық көрсету, ізгілікке ұмтылу, экологияны ластамау сынды әрекеттер де мемлекеттің, қоғамның, елдің, жердің гүлденуіне алып келеді. Сұраққа қайта оралсақ, меценаттарға бұл нәрсені міндеттеп берген ешкім жоқ. Сонымен қатар, бұл үрдіс қазақ ұлтының болмысына жат емес. Уағында қалталы байлар мен мергендер, батырлар өз ауылының, өз ұлысының тұрмыстық әлеуетін көтерген. Сол секілді бүгінгі «Рухани жаңғыру» кезеңінде де нағыз азаматтар өз туған жерлерінің әл-аухатын көтеру мақсатында қызмет етуде. Олардың жасап жатқан игі істерін қалай мақтасаң да, қалай насихаттасаң да лайық деп білемін. - «Туған жер» арнайы жобасы аясында атқарылып жатқан шараларға жеке пікіріңіз қандай? - Қазір арнайы жобасы аясында жүзеге асып жатқан шаралар бір жүйеге келтірілді. Әрине, барлық шаруаны бір жүйеге келтіру бір сәтте жүзеге асқан жоқ. Осы орталықтандыруды іске асыруға қаншама маманның еңбегі сіңді. Сонымен қатар, өңірлерде Елбасының туған жер туралы айтқан сөздерін, міндеттемелерін қайтадан түсіндіру жұмыстары өткізілді. Себебі, кей жерлерде аталмыш әрекеттер қағаз жүзінде атқарылып, жастарға немесе жалпы бұқараға дұрыс түсіндірілмей қалып жатады. Біз бір жыл ішінде осындай олқылықтардың орынын толтырдық. Елбасының айтуы бойынша, біз «Туған жер» арнайы жобасын толыққанды орындағаннан кейін «Туған ел» деп аталатын бағытқа ауысуымыз қажет. Өйткені, әркімнің өз туған жері бар, қазір арнайы жобасы аясында азаматтар мүмкіндігінше туған жеріне қызмет жасап жатыр. Осыдан кейін тұтас ұлт болып, мемлекет болып, туған елдің, мемлекеттің гүлденуіне еңбек етуіміз шарт. Сондай-ақ, меценаттық ұғымының да ауқымын кеңейту мәселелері қарастырылуда. Қазір «Туған жер» арнайы жобасы аясында меценаттар өздерінің кіндік қаны тамған өлкелерге түрлі нысандар салып қызмет етуде. Бұл, әрине, қуануға тұрарлық жайт. Дегенмен, қоғамның деңгейін арттыру үшін алдағы уақытта интеллектуалды меценаттыққа көшуіміз қажет. Яғни, халықтың, жастардың білімін арттыруға, өркениет пен мәдениеттің дамуына үлес қосу керек. - Арнайы жоба аясында жүзеге асқан игіліктерді жүздеп санауға болады. Сол игіліктерді барынша ақпараттық сүйемелдеу қалталы кәсіпкерлер арасында қайырымдылық жасау бағытында бәсекелестік тудырады деп ойлайсыз ба? - Әрине, ақпарат құралдары арқылы игі істердің халыққа жеткізілуі, соның негізінде бәсекелестік артып, қайырымды азаматтардың көбеюі – көңілді бірлейтін жайт. Ақпараттық қолдаулар арқасында қоғамда осындай үлкен қозғалыс жасай алсақ, қуануға әбден болады. - Сұхбатыңызға рахмет! P.S. Республикалық жобалық басқару кеңсесінің «Атамекен» кіші бағдарламасының әкімшісі Аян Тәжібай кей жерлерде «меценаттық» деген сөздің орынсыз қолданылатынын айтып қалды. Халық санасын жаңғырту мақсатында қызмет етіп жүрген маман көпшілікке мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бүге-шігесіне дейін қайта оқып шығуды ұсынды.

Әр адам өмірінің қандай да бір кезеңінде бірқатар сауалдарға тап болады. Кейде аталмыш сұрақтардың жауабы өздігінен табылса, басқа жағдайда белгілі күрделіліктерге тап боласыз. Мәселен, кейде сіздің өміріңіз бір арнада тұрып қалғандай сезімде боласыз ба? Осындай сәттерде ойыңызға не келеді? Өткеніңізге көз жүгіртетін болсаңыз, қандай күйді бастан кешіресіз? Бразилиялық жазушы әрі ақын Пауло Коэльоның тамаша сөзі бар.  «Арманның орындалуына бір нәрсе ғана кедергі, ол – сәтсіздік туралы қорқыныш, қалғандары себеп».

Alibaba интернет-алыбының негізін қалаушы, миллиардер Джек Ма әр адам 20 жаста да, 40 жаста да қателік жасаудан қорықпауы тиістігін тілге тиек етеді.

Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда жас кәсіпкерлердің алдында сөз алған Ма мырза өмірде қателік жасаудан қорқуға болмайтынын негіздеп айтқан.

Джек Ма жас кезінде көптеген компанияларға түйіндемесін жіберіп, жұмысқа қабылдана алмаған екен. Кәсіпкер форумға қатысушыларға әр жаста қиындықтар мен қателіктерге оң көзбен қарау және дұрыс мақсат қоя білудің қажеттігі туралы кеңес берді.

«20-30 жас аралығында тәжірибесі мол басшыларға мұқият назар аударып, олардан үйренген жөн. Сонымен қатар, қызықты да тың идеяларға толы топпен жұмыс істеу қажет. Ал 30-40 жас аралығында өз жобаларыңызбен белсенді түрде айналыса бастаңыз: сіз әлі де қателіктерге жол бере аласыз. Ал сізге 40 немесе 50 жас болғанда, өзіңіз шынымен үздік санайтын салада қызмет атқарғаныңыз жөн. Келесі онжылдықты жас буынды тәрбиелеуге жұмсағаныңыз дұрыс болады».

Ма мырза студенттік кезінде  бірге оқитын 23 курстастарымен бірге KFC жылдам тағам мейрамханасы желісіне жұмысқа орналасу үшін сұхбаттасуға барып, жалғыз өзінің жұмысқа қабылданбағанын айтады. Екінші жұмыс орнына барғанда да, аталмыш жағдай қайталаныпты.

 «Біз алдымызда күтіп тұрған келешектен қорқыныш сезімін сезінбеу  үшін балаларымыздың біліміне баса назар аударуымыз тиіс. Қазіргі таңда балаларымызға үйретіп жатқан ілім мен әдістеріміздің есебінен ертең олар жұмыссыз қалулары мүмкін. Себебі, кез-келген есеп машинасы бұл істі он есе жақсы орындайтын болады. Балаларға шығармашылық, инновациялық тәсілмен білім беру қажет», – деп есептейді кәсіпкер.

Оның ойынша, 2030 жылға дейін 800 миллионға жуық жұмыс орындары  роботтармен қамтылады.

 «Білім беру жүйесі үшін бұл – үлкен мәселе. Егер де біз білім беру жүйесін өзгертпесек, 30 жылдан кейін қиын жағдайға тап боламыз. Біз қазір балаларымызды 200 жыл қолданылып келетін білімге негізделген жүйе бойынша оқытудамыз. Осындай іс-әрекеттермен балаларымызды машиналармен бәсекеге түсуге үйрете алмаймыз. Машиналар ақылдырақ болады», – деп Джек Ма тоқ етерін айтты.  

Табысқа қол жеткізу үшін ақыл-ой дамуының ең жоғарғы дәрежесіне ие болуы тиіс. Әлемде орын алып жатқан сұраныстар мен талаптарға сай болу үшін ақыл бір ғана бағытта емес, жан-жақты жетілдіріліп отыруы тиіс. «Дегенмен, егер де адамдардың сізді құрметтегенін қаласаңыз және осы әлемді түсінгіңіз келсе, махаббатсыз әрекет етуге болмайды. Себебі, машина сезінуді білмейді», – дейді кәсіпкер.

Қарапайым мұғалімдіктен бастау алған Джек Маның табысты жолы талай қиындықтар мен сын-тегеуріндерге толы болғаны белгілі. Бүгінде Ма мырза өмір тәжірибесінен алынған бірқатар ұстанымдарды көпшілікке ұсынуды қалайды. Сіздердің назарларыңызға Джек Маның 30 кеңесін ұсынып отырмыз.

1. Мүмкіндікті жан-жақтан қарастырыңыз.

Жаңа мүмкіндіктерді іздеу кезінде тым ұсақ ойлы болмаңыз. Өзіңіздің кәсіби және қаржылық мүмкіндіктеріңізді қарастырыңыз. Себебі, мүмкіндіктер кез-келген жерде жасырынып тұруы мүмкін.

2. Әрбір нұсқаны қарастырыңыз.

Сіздің өмір жолыңызда мүмкіндіктер көп кезігеді. Әрқашан қандай да бір таңдаулар мен жолдарға тап боласыз. Бұл – заңды құбылыс. Өзіңіздің қызмет ауқымыңызды ескере отырып, табысты болу үшін барлық күш-жігеріңізді  жұмсаңыз. Есіңізде сақтаңыз! Үлкен мақсатқа бағытталған жол алғашқы қадамнан басталады.

3. Ойланып жұмыс істеңіз.

Өзіңіздің өмірлік ұстанымыңызды және алға қойған мақсатыңызды түсінуге тырысыңыз. Жұмысыңыз жақсы нәтижеге ие болу үшін не істеу қажет? Неге сіз осы мақсатқа қол жеткізгіңіз келеді? Жоспарды жүзеге асыру үшін не істеу керек? Дұрыс қойылған сауал жеңіске жеткізеді.

4. Кідіріссіз әрекет етіңіз.

Табысқа жету үшін үнемі әрекет ету керек. Әрине, бұл дегеніміз – сіз күндіз-түні жұмыстан бас алмауыңызды білдірмейді. Жан-жақты тиянақты құрылған жоспарыңыз болсын. Осылайша сіз өзіңіздің кері кеткен жерлеріңізді ескере отырып, өз әрекеттеріңізді реттей аласыз.

5. Күрделі жағдайларға тоқталып қалмаңыз.

Қандай отбасыдан шыққаныңызға, қай жерде туғаныңызға, қандай білім алғаныңызға қарамастан, сіз өзіңіз таңдаған салада жоғары дәрежеге жете аласыз. Ең бастысы, сіздің сеніміңіз бен рухыңыз биік болсын.

6. Өз мақсатыңызды дұрыс бағытқа бағдарлай алыңыз.

Сіздің іс-әрекеттеріңіз мақсаттарыңызды жүзеге асыруға арналған құрал болуы керек. Өзіңіздің ішкі түйсігіңізге көбірек назар аударыңыз және алға қойған жолыңыздан таймаңыз.

7. Батыл болыңыз.

Джек Ма «Alibaba Group» интернет-холдинг жобасымен жұмыс істей бастағанда, инвесторлар бұл жобаның тым көп шығынға әкелетіндігін айтқан. Кәсіпкер тәуекел етті және жолы болды. Қазір компания әлемдегі ең табысты компаниялардың бірі саналады және оны капиталға айналдыру $230 млрд. құрайды.

Өз мақсаттарына ұмтылу – батылдық танытуға тамаша уақыт!

8. Сіздің жас болуыңыз – сіздің мүмкіндігіңіз.

«Егер сізге 35 жас болса, ал сіз әлі бай болмасаңыз, демек сіз жастығыңызды босқа өткердіңіз», – дейді Ма. Жас кезіңізде өз мақсаттарыңызға қол жеткізу үшін бар қуатыңыз бен қиялыңызды жұмсаңыз.

9. Бір мақсатта әрекет ететін тобыңыз болсын.

Егер сіздің топты біріктіретін тірек тек сіз ғана болсаңыз, онда жобаларыңыз сәтсіздікке әкелері сөзсіз. Сізге бір мақсат, идея, міндет үшін еңбек ететін ойшыл адамдар қажет. Ортақ мақсатқа жету жолында өз әріптестеріңіздің әлеуетін максималды пайдалана аласыз.

10. Өзіңізді алмастыра алатын адамдарды дайындаңыз.

Тобыңыздың сізге тәуелділігін төмендетіңіз. Қол астыңыздағы қызметкерлерге бар біліп-түйгеніңізді үйретіңіз. Себебі, уақыт өте келе, сіз өзіңіздің міндеттеріңіздің басым бөлігін топқа ауыстыра аласыз, кейін оларға басқару мүмкіндігін беріп, басқа жобаларға қатыстырасыз.

11. Кәсіби қабілеттері сіздікінен жоғары мамандармен жұмыс істеңіз.

Егер қызметкерлер үнемі сіздің ақылыңызбен әрекет ететін болса, демек сіз мамандарды жұмысқа қабылдауда қателік жібердіңіз. Сіздің міндетіңіз – өз ісінің кәсіби шеберлерін жұмысқа орналастыру, оларға жұмыс істеудің барлық жағдайларын қамтамасыз ету және араласпау.

12. Батыл, тез шешім қабылдайтын және жан-жақты ойлай алатын басшы болыңыз.

Жақсы басшыны қатардағы қызметкерден қандай қасиеттері ерекшелендіреді? Бұл – төзімділік, батылдық және қиын жағдай туындағанда нақты қадамдарды есептей білу қабілеті. Басшы туындаған мәселені шешудің бірнеше жолын алдын-ала көре білуі және ең лайықты жолын анықтай білуі тиіс.

13. Қажырлылық – табысқа жету кілті.

Мақсатқа жету жолында сіздің тобыңыз көптеген кедергілерге тап болады. Олар белгілі бір нәтижеге қол жеткізгеннен кейін жұмыс қарқыны  бәсеңдеп қалуы мүмкін. Бұл ретте тобыңыздың алдында тұрған басты мақсатты айқындай біліңіз. Дұрыс жолды нұсқаңыз.

14. Сіздің қарым-қатынасыңыз қабілетіңізден маңызды.

Қиын немесе жақсы сәтке қарамастан, басшы әрдайым өз-өзіне сенімді және тиянақты болуы тиіс. Алда күтіп тұрған сындардан қорқып, артқа шегінуге жол жоқ. Жұмыстың табысты болуы сіздің іс-әрекеттеріңізге  байланысты.

15. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн.

Басшының өз қызметкерінен ақыл-кеңес сұрауы қателік емес. Білікті қызметкерлер әрбір қадамның салдарын есептеуге және ең жемісті стратегияны таңдауға көмектеседі.

16. Бизнес пен саясатты араластырып алмаңыз.

Бизнес жолын таңдайтын болсаңыз, саясатқа аса қатты көңіл бөлмегеніңіз жөн. Егер сіз осы екі саланы бір-бірімен біріктіруге тырыссаңыз, онда салдарын болжауға болмайды.

17. Беріктік қиындықтарды шешкеннен кейін ғана пайда болады.

Басшы тек қиындықтардан өтіп, табысқа жеткен кезде ғана берік мінезге ие бола алады. Кедергісіз жеңістің дәмін тату мүмкін емес.

18. Өзгелерге қарағанда қарқынды және мұқият жұмыс істеуіңіз тиіс.

Табыстың формуласы қарапайым: көбірек жұмыс істеуге тырысыңыз, сақ болыңыз және мақсатыңыздың айқын екендігіне көз жеткізіңіз. Бұл қағидалар өмірдің барлық саласында да жұмыс істейді.

19. Бәсекеде нақты ережелерді сақтаңыз.

Егер сіз бәсекелестеріңізге жау ретінде қарсаңыз, жуық арада өзіңіздің жауға айналып кеткеніңізді білмей қаласыз. Адал және ашық түрде бәсекелесуді үйреніңіз.

20. Өз бәсекелестеріңізді құрметтеңіз.

Сізге бәсекелес компанияларға бірдей құрметпен қараңыз. Әділ шайқаста бәрі бірдей мүмкіндіктерге ие. Сіздің бәсекелестеріңіз де адамдар және олар да қателесуі мүмкін. Дұрыс бағалай білу – жеңіске жетудің бір сатысы.

21. Бәсекелес компаниялармен өзіңізді тең ұстаңыз.

Нарық алаңында сіздер бірдей дәрежеге иесіздер. Бәсекелес компания ірі немесе шағын болса да, өзіңізді дұрыс көрсете біліңіз.

22. Жеңімпаздар жыламайды.

Әрине, қызметте сәтсіздіктер болып тұрады, бірақ тұрақты шағымдар мен көңіл-күйдің түсуі – бұл жеңілудің оңай жолы. Қиындықтарға қарамастан, барлық мәселелерді шешуге және табысқа жетуге тырысыңыз.

23. Бірінші орында – тұтынушылар.

Кез-келген басшының уақыты мен қуаты шектеулі болатындығы анық. Осы себепті өзіңіз үшін басымдықты белгілеңіз. Сіз үшін бірінші кезекте тұтынушы болуы тиіс. Ал екінші орында – әріптестеріңіз. Содан кейін ғана акционерлер тұрады. Мәселен, көптеген кәсіпкерлер акционерлердің жағдайына көңіл бөлуді қалайды. Ал бұл қадамның сәтсіз болатындығына өмірдің өзі куә.

24. Ақшаны басты орынға қоймаңыз.

Қандай да бір істі қолға алған жағдайда ең бірінші не қажет? Әрине, сізде нақты идея, содан кейін жоба туындайды. Ал осы жобаны жүзеге асыру үшін ақша қажет. Өздеріңіз көріп тұрғандай, басты басымдық қаржыға тірелмейді. Ашкөздік ешқашан табысқа әкелмеген.

25. Көңіліңізден шығатын адамдармен жұмыс істеңіз.

Қызметкер кәсіби маман болса да, өзіңіздің ішкі түйсігіңізді бірінші орынға қоя біліңіз. Себебі, сіздің көңіліңіз қаламаған маманның жұмысына көңіліңіз толмауы мүмкін. Және де бұл жұмыстың сапалы болуына да өзіндік әсерін тигізеді.

26. «Тегін» – өте қымбат сөз.

Өнімдеріңіздің немесе қызметтеріңіздің өсімін көбейту мақсатында жарнамалық жеңілдіктерге қатыспаңыз. Себебі, бұл іспен сіз өз компанияңызды пайдадан айырып, идеяларыңыз бен жұмсалған  қаражатты босқа кетіресіз.

27. Өз басыңызбен ойлаңыз…

Сізге не айтса да, ең бастысы – өзіңіздің ойыңыз. Өзіңіздің қалауыңыз бойынша әрекет етіңіз және өз көзқарасыңыз бойынша шешім қабылдаңыз.

28. …және өз жүрегіңізді тыңдаңыз.

Қызметкерлерді қабылдауда немесе қандай да бір ауқымды жобаны іске асыруда өз түйсігіңізге сеніңіз.

29. Жұмыс пен өмірдің шатастырып алмаңыз.

Есіңізде болсын, сіздің өміріңіз тек «жұмыс, жұмыс және қайтадан жұмыс істеу, содан кейін жұмыс орнында жүрек дертінен ауырып қалу» ғана емес. Өмір сүруді ұмытпаңыз. Отбасыңызбен және достарыңызбен уақыт өткізіңіз, саяхат жасаңыз.

30. Өз бағытыңыздан бас тартқаннан ауыры жоқ.

Белгілі бір істі қолға алмай, өз қабілетіңізді біле алмайсыз. Қорқынышқа ерік беру – жеңіліске әкелетін бірден-бір жол. Арманыңыз асқақ болсын. Егер де бастаған жобаңыз сәтсіз болып жатса, іс-әрекеттеріңізді ауыстырыңыз. Басқа жақтан қадам жасаңыз. Талап пен талпыныс барлық қиындықты жеңеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button