Жаңалық

«Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асқан «Арқаның асыл мұрасы» көрмесі

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері ұлт тарихынан, мемлекет тарихынан сыр шертетін құндылықтарды жастарға, жалпы бұқараға насихаттау ісі жанданып келеді. Соның тағы да бір дәлелі – «Арқаның асыл мұрасы» атты көрменің өтуі.

Елбасы міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында әрі жастарға мұражай қорындағы экспонаттарды таныстыру мақсатында, Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойына орайластырылып, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорынан «Арқаның асыл мұрасы» деген атпен көлемді көрме ұйымдастырылды.

Аталған көрмеде қазақтың арғы-бергі тарихынан заттай деректер ғана емес, сонау қола дәуірінде қолданыста болған экспонаттарды тамашалауға мүмкіндік жасалған.

Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен көрмеге қарағандылықтар жалпы саны 300-ден асып жығылатын құнды материалдар әкелген. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Ержан Нұрмағанбетов «Арқаның асыл мұрасы» көрмесінің мақсаты туралы айтудан тартынып қалмады.

«Құнды материалдармен, көне экспонаттармен толыққан көрме Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналды. Атақты жыраудың атақ-абыройы екі облысқа да ортақ екенін ескеріп, осындай көрме ұйымдастырып жатырмыз. Біз көрмеге Бұқар жыраудың араб қарпінде қағазға түсірілген жыр жолдарын әкелдік. Көрмеде Сарыарқаның қола дәуірінен бүгінге дейінгі тарихымен танысуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, биыл барша қазаққа белгілі «Қоянды» жәрмеңкесінің 170 жылдығы екенін ескеріп, сол жәрмеңкеге қатысты да экспонаттар қоюға тырыстық. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның қасиетті географиясы» бағытына Қарағанды облысынан 21 нысан енген. Көрмеден сол нысандар жайлы да ақпарат алуға болады», – деді тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Ержан Нұрмағанбетов.

«Арқаның асыл мұрасы» атты көрмеде сөреге қойылған экспонаттардың әрбірінде терең тарих, аса үлкен құндылықтар жатыр.

Аталмыш көрмеде бұқара назарына ұсынылған экспонаттардың ең айтулысының бірі – осыдан сегіз жыл бұрын, 2010 жылы қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан табылған алтын адам мүсінінің көшірме нұсқасы.

Аталған алтын адам мүсіні ел арасында «Арқаның алтын адамы» аталып кеткен. «Арқаның алтын адамы» – Қазақстан территориясынан табылған құнды жәдігер және төртінші алтын адам. Бұл алтын адамның түпнұсқасы Елордадағы Ұлттық мұражайда сақтаулы тұр.

Көрме қорытындыланған сәтте Ержан Нұрмағанбетов Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына көрмені ұйымдастырғаны үшін және аймақтағы мәдени һәм тарихи кеңістіктерді нығайтуға атсалысқаны үшін марапаттап, алғыс хат табыс етті. Сонымен қатар, мұражайға Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды облысының ғалымдары жинақтаған тарихи тұлғаның жыр еңбектері мен уағында айтқан келелі өсиеттеріне, айтқан сөздеріне талдау жасалған «Ұрпаққа ұлағат» кітабын сыйлады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button