Жаңалық

«Алтын домбыра-2018» айтысы өтті

Тәуелсіздік күніне және Астананың 20 жылдық мерекесіне орай Елордада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Астанам, сенің айбарым» атты республикалық деңгейдегі ақындар айтысы өтті.

«Алтын домбыра» бәйгесі биыл жетінші рет ұйымдастырылып, дәстүрлі байқауға айналып отыр. Республикалық деңгейдегі ұлттық өнер бәйгесіне жыл бойы түрлі дәрежедегі айтыс аламандарында қанжығаларын майлап жүрген азулы ақындар шақырту алды. Олар екі күн бойы Орталық концерт залында көрермендердің көзайымына айналып, мерекелік көңіл-күй сыйлады және қоғамдағы өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

Аламанға түскен ақындар тізімі:

Айбек Қалиев

Ринат Заитов

Рүстем Қайыртайұлы

Мұхтар Ниязов

Аспанбек Шұғатаев

Еркебұлан Қайназаров

Жансая Мусина

Мейірбек Сұлтанхан

Әсем Ережеқызы

Мақсат Ақанов

Болатбек Оразбаев

Дидар Қамиев

Төлеген Жаманов

Тілеген Әділов

Нұрмат Мансұров

Шалқарбай Ізбасаров

Қазірет Бердіхан

Сырым Әділбек

Серік Қуанған

Зал толы көременнің ықыласына бөленген арқалы ақындар жырдан шашу шашты. Әсіресе «Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов пен биыл аталмыш додаға алғаш рет келіп отырған Ринат Заитовтың бәсекесі елдің жадында жатталды. Үзік өлеңдері әлеуметтік желі арқылы күллі республикаға тарап жатты.

Айтысты Қазақстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді. Дәстүрлі бәйге қорытындысында Жансая Мусина «Алтын домбыра-2018» жеңімпазы атанып, 5 миллион теңге көлеміндегі сыйақы алды. Бірінші орынды 3 миллион көлеміндегі сыйақысымен бірге Дидар Қамиев қанжығасына байласа, екінші орынды 1 миллион теңге сыйақысымен бірге Еркебұлан Қайназаров және Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. Ал үшінші орынға Ринат Заитов, Рүстем Қайыртаев және Мақсат Ақанов лайық деп табылып, 700 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.

Арнайы сыйлықтарға Төлеген Жаманов пен сырбойылық ақын Мұхтар Ниязов ие болды.

Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан бірнеше ақынға төсбелгілер және түрлі марапаттар табысталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button