Жаңалық

Михали Фридманның кәсіп жолындағы ережелері

Кәсіп саласындағы азуын айға білеген алпауыттардың өмірі, ұстанымдары туралы дәстүрлі түрде материал жазып келеміз. Сол қалыптан жазбай, бүгін де «Альфа-Груп» басшысы Михаил Фридманның ондаған жылдар бойы серіктестерімен қалай тату болып келе жатқаны туралы, сотқа не үшін бару керектігі жайлы, кәсіп саласындағы жетістіктері туралы айтпақпыз.

Михаил Фридман серіктес таңдау жолында қателіктерге жол берген жоқ. Ол «Альфа-Груп»-тың өзге акционерлерімен, Петр Авен, Герман Хан, Алексей Кузьмич және Андрей Косоговпен ондаған жылдар бойы ресейлік экономиканың тарихында сирек кездесетін татулық шеңберінде қызмет жасап келеді. Фридманның айтуынша, осындай серіктестікті сақтауға 1990 жылдардың басында нақты жасалған кәсіп идеясы мен жауапкершілік және ережелер көмектескен.

Ресейдің ең бай адамдарының қатарына жататын кісілер кәсіп жолында тағы да қандай ережелерді ұстанғаны туралы шолу жасап көрелік. Әрі қарай әңгіме Михаил Фридман тарапынан жалғасады.

Алғашқы құжаттарға біз серіктестермен бірге 1992 жылы қол қойдық. Барлығы қарсы болса да, мен өз дегенімнен қайтпадым. Өйткені, бүгінгі достар бірге кәсіп жасаған сәттен бастап, серіктестерге айналамыз. Ал ақша болған жерде ұрыс-керіс, алауыздық болмай тұрмайды. Әлі күнге дейін бірге кәсіп бастаған достар соттың есігін тоздырып, өз еншілерін даулап жүргеніне өзіміз куәміз.

Мен ең алғаш бизнес-идеяны метрода естідім. Бір ер кісі жолаушы азаматқа өзінің демалыс күндері дүкеннің есік-терезесін жуып, ақша табатыны туралы айтып жатты. Мен өзіміздің штаб-пәтерімізге келдім де: «Менде тамаша идея бар, ол – терезе жуу», – дедім.

Біз бірінші қомақты қаражаттарды қалай құрдымға жібермедік? Менде ешқашан мұндай мәселе болған емес. Мен әрдайым артылған қаражатты ғана өз қажеттіліктеріме жұсайтынмын.

Билікпен арақатынаста ең дұрысы екінші қатарда болу. Себебі, бірінші қатар қауіпті. Өйткені, саясаткер кетсе, онымен бірге сүйікті кәсіпкерлері де кетеді. Оларды өзге саясаткерлер мен кәсіпкерлер ауыстырады. Сондықтан, қоғамдық-экономикалық өмірде өз орыныңды табуға тырыспақ керек.

Менің жұмысым өзіме сұмдық қызығушылық тудырады. Өйткені, ол – менің өмірімдегі сәтті жасалған қадамдардың негізгісі. Сондықтан, «қашу және жеңіл өмір сүру» қағидасы мен үшін емес. Мен еңбектен қашатындарды түсінбеймін. Еңбек етпеген адам қалайша демалып, қалайша өмірден ләззат алады? Мен әзірге өмірден ләззат алып жүрмін. Мен демалысқа барғанда, бір орында үш күннен артық дем ала алмаймын. Одан кейінгі демалыс маған зиянын тигізуі мүмкін. Өйткені, мен қандай қызметпен айналысып жүргенімді білемін.

Мен өзімді қоғам және серіктестеім сыйлауы үшін, жақсы көруі үшін талпынбаймын. Мен олардың қызығушылықтарына, олар менің идеяларыма, қызығушылықтарыма сыйластық танытуға ұмтыламын.

Біздің жетістігіміздің құпиясы мынада: мен барлығыңыздың «Альфа-Банк» картасын қолданатындарыңызға, «Перекресток» дүкенінің және ВР жанармай бекеттерінің тұтынушысы екендеріңізге сенімдімін. Біздің билікпен арақатынасымыз тек біз жұмыс жасайтын аймақтарда сапасы бәсекеге қабілетті өнім жасау шартында ғана жұмыс жасайды.

Менімен барлығы талқығңа түсе алады және түседі. Менің ойлауымша, шешім қабылдау кезеңінде идеяны талқылауға болады және талқылау керек. Сонда ғана шешімнің дұрыс немесе бұрыс екендігіне көз жеткіземіз. Ал шешім қабылданғаннан кейін, біздің ереже бойынша, ешқандай талқы болмайды.

Кәсіп саласында қаражаттың кепілдендірілген ағымы болмайды. Ал адамдардың көпшілігі бизнесті өзің кемеде жатып, ақшаның өздігінен келуі деп түсінеді.

Бала кезімде мен ешкімді өзіме кумир санаған жоқпын. «Өскенде кімге ұқсағың келеді» деп сұрағанда, жай ғана «Ешкімге. Өзіме ұқсағым келеді» деп жауап беретінмін.

Кәсіп жолындағы жетістікке жету құпиясының кілті мынада деп білемін: командаға білікті адамдарды тарту, оларға нақты жоспарлармен жөн сілтей білу және шешім қабылдауға еркіндік беру.

Мен барлық қаражатымды қайырымдылық қорына беріп кетуді мүдде тұтамын. Ал балаларыма қомақты қаражат қалдырып кетсем, бұл менің оларға жасаған жақсылығым болмас еді.

Егер сен тұтанбасаң, ешқашан жанбайсың. Ал тұтану үшін қазіргі күннен бастап әрекет ету керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button